Баршаға мәлім, Бейімбет Майлин жазған «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» атты әңгіме бар. Өміршең шығарманың атауы бүгінгі күнге мәтел болып жеткен. Өткен ғасырдың басында көк сиырдан шыққан дау, ХХІ ғасырда ангус тұқымды түлікке тірелетін түрі бар.
Еліміздегі бірқатар фермер Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен кездескенде «Мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасында кеткен олқылықтарды айтып берген. Соның бірі – мал басын көбейту үшін «ангус» тұқымының импортына баса назар аударудағы кемшілік. Бұл мәлімет министрлік сайтында 31 қаңтар күні жарияланды. «Қазақстан фермерлер одағы тірі мал экспортына тыйым салуды қолдайды» атты материалдағы дерекке сүйенсек, фермерлер министрге бельгиялық көк сиырдың көрсеткіші ангустан әлдеқайда жоғары екенін айтқан. Яғни, олардың айтуынша, бельгиялық тұқым етті де, сүтті де ангустан анағұрлым көп береді.
Сондай-ақ министрмен кездесуде «Қазақстан фермерлер одағы» бірлестігінің мүшелері тірі малдың экспортына тыйым салу мерзімін 6 ай емес, 60 айға (5 жыл) дейін ұзартуды ұсынған. Одан бөлек, басқосуға келгендер агроөнеркәсіп кешендегі өзекті мәселелерді ортаға тастап, мал шаруашылығындағы проблемаларды талқылаған.
Айтайын дегеніміз – бұл емес. Қаңтар айының соңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің тірі мал экспортына шектеу қоюына «Қазақстанның ет одағы» бірлестігі қарсылық білдіріп, брифинг өткізді, бірлестікке мүше фермерлер өз уәждерін келтірген. Осы оқиғадан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде «Министрлік пен Ет одағының арасында ақпараттық соғыс басталды» дегенге саятын алыпқашпа ақпарат тараған. Іле «Ет одағының» басшысы Асылжан Мамытбековтен арнайы сұхбат алып, мән-жайды білмек болғанбыз, ол материал «Айқын» газетінің №13 санына (29.01.2019) https://aikyn.kz/asylzhan-mamytbekov-ministrlik-pen-et-odaghy-arasynda-tartys-zhoq/ шықты. Сұхбатта Асылжан Сарыбайұлы екі тарап арасында ешқандай тартыстың жоқ екеніне сендіруге тырысып бағып, саладағы жетістік пен кемшіліктер жайында егжей-тегжейлі баяндап берген. Әйтсе де, тартыс тоқтамаған секілді. Ангустың тиімсіздігі жайлы тараған ақпаратқа Асылжан Мамытбеков те қарап қалмай, facebook-тегі парақшасында пікір жазды. «Асылтұқымды таңдаған, қай елден әкелуді шешкен фермердің өзі. Ангусты шетелден әкелген де фермердің өзі, сонда кім қателесіп отыр? Мүмкін, мұны айтып отырған фермер емес шығар?!»
Иә, «ангусқа» қатысты сынның Сарыбайұлының шымбайына бататын жөні бар. Себебі Қазақстанға әкелінген асылтұқымды малдың дені А.Мамытбеков министр болып тұрған кезде жүзеге асты. Жоғарыдағы сұхбатта айтылғандай, 2011-2016 жылдары елімізге 56 183 бас ірі қара әкелінген. Әрине, оның барлығы бірдей ангус емес, 56 мың – барлық асылтұқымның есебі.
Демек, бұл қазіргі іс басындағы министр мен экс-министрдің арасындағы текетірес аяқталған жоқ дегенді білдірмей ме деген көңілге күдік ұялатады екен. Рас, шенділер мен топтардың арасындағы дау-дамайда шаруамыз жоқ. Бізге керегі Қазақстанның агроөнеркәсібінің дұрыс жолға түсіп, орнықты дамуы.
Айтқандай, дауға негіз болған ангус – 1775 жылы Шотландияның солтүстік-шығысындағы Абердин және Ангус елді мекеніндегі жергілікті малдың қоспасынан шыққан тұқым. 1873 жылы селекциялық түлік алғаш рет Америкаға экспортталады, одан ары Канадаға жетеді. Бүгінде мал экспорттаушы мемлекеттердің ішінде ангус асырамайтындары сирек. Қазақстанға да жылдам жерсініп, бейімделгені ангус екені рас. Қазір ауылда ангустың атын естімеген, түрін көрмеген адам аз деуге де болады. Материал дайындау барысында Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» сенім серіктестінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетовке қоңырау шалып, жағдай сұрадық. Кәсіпкер 2012 жылы елге 200 бас ангус тұқымын әкеліпті, қазір саны еселеп өсіп, жыл сайын 200-250 бас еркек тайыншаны тұқымдыққа сатып отыр. «Еліміздің әр өңірінен қожалық иелері келіп алып кетеді. Менің білуімше, Ірі қара мал тұқымының ішінде нөмірі бірінші – ангус. Қыстың аяғы, көктемнің басында туған бұзаулары тез өсіп, жетіледі де, күзде тірі салмағы 450-500 келі тартады, 250 келі таза ет береді. Жергілікті сиыр тұқымына ангус бұқаны қоссаңыз, бірден келесі жылы түсі қара, тоқал бұзау туады. Яғни, бірден өзіне тартып алады. Одан артық қандай тиімділік керек? Әзірге ангус тұқымынан проблема көрген жоқпыз», – дейді ол.
Айта кету керек, ангустың кемшілігі туралы интернеттен де мәлімет іздегенімізбен, мардымды ештеңе таппадық. Тез май жинап семіретінін және бұзауында байланбаса асаусып кететінін, агрессивті мінез-құлқын ғана жазыпты.
Иә, «сиыр шынымен пұл болды», пұл болғаны сол, ет экспорты тақырыбы айналасында «әңгіме» де көбейіп, асылтұқымды салыстыратын жағдайға жетіп қалдық. Бұл да қажет шығар. Әйтсе де, бізге дәл қазір керегі – көрсеткіш және өнім сапасы.
Бір жағынан қазіргі күні әр асылтұқымды малдың атында жеке палата құрылып, жұмыс істеп жатқаны белгілі. Әр фермер өз қолындағы мал тұқымын мақтап, бюджеттен бөлінетін қаржыны көптеп алуды көздейтіні де анық жайт. Әйтсе де, қазақ даласының кеңдігі мен климатының ерекшелігі түлік тұқымының қандайының болса да басын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Біздіңше, 2011 жылдан бері әкелінген асылтұқымды мал басы мен жергілікті «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқымдарының тиімділігі мен өнімділігін сипаттайтын ортақ ғылыми тұжырымдама жасалуы тиіс. Сонда ғана «сиыр дауына» нүкте қойылуы мүмкін.
ПІКІР:
Бауыржан РАЗАҚ, Республикалық «Ангус» палатасының директоры:– Ангус тиімсіз дегенді айтқан фермердің неге сүйенгенін білмейміз. Ал онымен салыстырғанда, бельгиялық көк сиыр тұқымына көп күтім қажет. Оған сәбіз, қызылша секілді қосымша көкөніс беріп асырамаса, біздің жайылымға жібере салса, өліп қалуы мүмкін. Екіншіден, бельгиялық тұқымның бұзаулары өте ірі болады да, бұзаулаған кезде қосымша күш қажет етеді. Мысалы, кесарь тілігі дейміз ғой, кейде бұзауын сондай жолмен алуға тура келеді. Ал ангустың бұзауы туғанда кішкентай болып туады да, бірден өсіп-жетіледі. Яғни, бұзаулаған кезде проблема болмайды. Сондай-ақ буаздық кезеңде іш тастау немесе бұзаудың туа сала өліп қалуы деген жағдайлар да өте сирек кездеседі. Ангус – біздің климатқа, жайылымға тез бейімделетін тұқым екеніне көзіміз жетіп отыр. Фермерлер олардың қасқырдан да жақсы қорғана алатын қасиетке ие екенін айтып мақтайды. Қазіргі күні Қазақстандағы ангус тұқымды сиырдың саны 90 мыңға жетіп қалды. Ангус негізінен етті бағыттағы тұқым, туғанда 25 келі болған бұзауының салмағы 6 айда 180 келіден асады. Ерекше күтімнің қажеті жоқ. Ерте жетіледі, құнажындары 14-15 айында бұқаға шығып, төлдеуге дайын болады. Сондықтан жұртшылыққа дұрыс ақпарат тарағанын қалаймыз.Бауыржан БАЗАР