Алматыда дизель отынын сатуға шектеу қойды
Алматыда дизель отынын сатуға шектеу қойды
Фото: news.liga.net
971
оқылды
Алматыда дизель отынын сатуға шектеу енгізіліп отыр. Бұл туралы Aikyn.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Алматы қаласында облыс тұрғындары, сондай-ақ транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына деген сұраныс артты. Бұл тұтыну көрсеткішінің бір мезгілде 30-35%-ға өсуіне түрткі болды.
«Қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынының шектеулі шығарылымы енгізілді», – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта әкімдік жанар-жағармайды жеткізушілермен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатыр.
Алматы қаласына жанар-жағармай үш мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Атап айтқанда, Шымкент «Петро Қазақстан Ойл продактс» мұнай өңдеу зауыты (ПКОП үлесі – 40%), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ үлесі – 35%), Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ үлесі – 25%).
Айта кетейік, 15 наурыздан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмысы басталды. Сондықтан Алматы қаласына дизель отынын жеткізу уақытша тоқтатылды. Осы кезеңде ПМХЗ мен АМӨЗ-ден дизель отынын жеткізу шамамен 12 мың тонна болды. Бүгінде қалада шамамен 8,8 мың тонна дизель отыны бар, 4-5 күн ішінде шамамен 4,7 мың тонна жеткізіледі деген жоспар бар. Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріс қайта басталғаннан кейін жағдай тұрақталады деген үміт бар. Жөндеу жұмысы сәуір айының бірінші онкүндігінде аяқталады.