Жанармай бағасы тағы да «бұлқынды»
Жанармай бағасы тағы да «бұлқынды»
© коллаж: Елдар Қаба
1,579
оқылды
Энергетика министрлігі елде сәуір­­ден бастап бензин мен дизель қым­­баттайтынын мәлімдегелі бері ха­лықтың көңілі алаң. Үкімет бұл қа­дамға «мәжбүрлі» түрде барғанын айтып әлек. Енді жанармаймен жары­сып, азық-түліктің, басқа да тауар­лардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Мұны са­рап­шылар қазірден-ақ айтып жатыр. Сондықтан жанармай бағасын көтеру әрекетін қалай бағалағанымыз жөн? Үкімет тағы бір даудың отын тұтатты ма? Отқа май құйғанның әлегі Мәселені қозғамас бұрын бір нәрсені еске салғымыз келеді. Был­тыр болған Қаңтар оқиғасы­ның шығуына газ бағасының қым­баттауы себеп болғаны жасырын емес. Сол кезде Энергетика ми­нистрлігі бағаны түсірмеу үшін қарсыласып бақты. Енді ондай өрт тұтанбасына сенді ме, Энергетика министрлігі жанармай бағасын қымбаттатын болып шешті. 5-10 пайыздық межеде емес, бензинді 11 пайызға, дизельді бақандай 20 пайызға көтеретінін мәлімдеді. Яғни, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін, дизель 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін қымбаттайды. Министрліктің сылтауы сол баяғы – «басқа елдерге қарағанда жанармай ақысы бізде төмен». Негізі, бұл сөзді Үкімет мүшелері көптен бері айтып қалып жүрді, ақыры іске асыруға көшкендей. Бұған қоса, қымбаттату арқылы тапшылық жойылатынын да алға тартқан. Бірақ министрлік есебі басшылардың сөзіне керағар. Соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70 пайызға артқан, тіпті дизель отынын шығаруда ре­корд­тық көрсеткішке жетіпті. 3 мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұ­мыстары аяқталғаннан кейін мұ­най көлемі 3 млн тоннаға көбейген. Жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңделеді. Мемлекет 350 мың тонна дизель көлеміндегі дефи­цитті қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болған. Аса көп көрсеткіш емес. Онда қай­дағы тапшылық? Сөйтсек, ми­нистрлік негізгі фактордың бірі ретінде транзиттік көлік ағыны арқылы шетелге дизель кетіп жат­қанын айтыпты. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстыр­ғанда айтарлықтай арзан екен. Бұл орайда Қазақстан жанармайы арзан он елдің қатарына кіретінін қосыпты. Мысалы, Ресейде дизель отыны орташа есеппен санағанда, литрі – 345 теңге. Біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғыз Республикасында 64 пайызға қымбат, яғни литріне 390 теңге. Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда, екі есеге қымбат, литріне 480 теңге. Егер бағаны көтерсек, қазақстандық дизель отынын түрлі жолдар арқылы шет­елде сатудан түсетін пайда 50-120 пайызды құрап, ақшалай 140 млн доллар табыс келеді-мыс. Деген­мен бұның бәрі министрліктің болжамы ғана. «Тапшылық пен шет­елге кетіп жатыр» деген сөз тек – сылтау ғана сияқты. Үкімет бәрібір бағаны көтеруге мүдделі. Бірнеше облыста газдың бағасы да көтерілмек. Сол арқылы түсетін табысты молайту ғана ойларында. Өздерінің дәрменсіздігін осылай­ша жасырғысы келеді. Мәселен, жыл басынан бері, айналдырған 3 айда Ұлттық қордан 1 трлн теңгеге жуық қаржы алынған. Қорға қол сала беру тек шығынға қарай жұ­мыс істеп жатқанның көрсеткіші. жанармай бағасы Жақсы, Үкімет «өзге елдерде қымбат» дегенді алға тартсын. Де­генмен дамыған елдердің эконо­ми­калық жағдайын неге үлгі етпейді? Тек бір факторды ғана көзге іледі. Бір қызық дерек айт­сақ, елдегі ор­таша жалақы мен со­ған шаққандағы бензиннің лит­рін өлшеп көрсек. Дамуы артта қалған Венесуэлада бензиннің құны – 0,016 доллар. Бірақ орташа айлық жалақының көлемі 25 дол­лар шамасында. Әр венесуэ­ла­лық бір айда тапқан табысына 1 564 литр бензин сатып ала алады. Ал жанармайы қымбат елдің бірі са­налатын Швейцарияда бензин құны – 1,9 доллар. 900 теңгенің тө­ңірегінде. Бірақ орташа айлық жа­лақысы да соған сай – 5060 дол­ларға тең. Яғни, бір адам ол елде бір айлық табысына шамамен 2 663 литр бензин алуға шамасы жетеді. Демек, бензиннің арзан­дығы – ха­лықтың дамып кетке­нінің көр­сет­кіші емес. Қазақ­стандағы ахуал­ға орал­сақ, АИ-92 маркалы бензин сә­у­ірден бастап 205 теңге көлемінде са­тылмақ. АИ-95 маркалы жанар­май­­дың құны – 295 теңге. Ұлттық ста­тис­ти­ка бюросының деректеріне сүйен­сек, былтыр төртінші тоқсан­да ел­дегі орташа жалақы 338 мың теңге болды. Сонда бір айлық та­бысқа АИ-92-нің 1 648 литр, АИ-95-тің 1 145 литрін ғана сатып ала ала­сыз. Венесуэламен шамаласпыз. Оның үстіне, елдегі орташа табыс­тың мөлшеріне күмән көп екенін қо­­сыңыз. Енді жағдайды бағамдаңыз. Қымбатшылыққа төте жол Біз жоғарыда бензин мен дизельдің қымбаттауы азық-түлік бағасына әсер ететінін айттық. Оны Үкіметтің өзі де мойындаған. Яғни, инфляцияға қарсы күресуі тиіс Үкіметіміз бағаның көтеріле беретінін мәлімдеді! Биыл ақпанда инфляция 21,3 пайыз болды. Бензин, дизель, электр энергиясы мен газ мультипликативті әсері өте жоғары тауарлар тобына жатады. Яғни, оның бағалары тауарлар мен қызметтер тізбегіндегі қорытынды құнның құрылымында елеулі рөл ойнамақ. Аталғандардың бірі қым­баттаса, азық-түлік бағасы өсіп шыға келеді. Оның әсері халыққа оңай болмайтынын экономист Мақсат Халық та айтып отыр.
«Инфляция өткен жылдары қатты қарқынды болғанын білеміз. Мейлі, Үкімет жанармай құнын көтерсін, бірақ ең болмаса инфля­цияның бәсеңдегенін күтуі керек еді. Шындығында, бұл әрекет инфляцияны одан әрі өсіре береді. Халыққа ауыртпалық алып келе­тіні анық», – дейді ол.
Әйтсе де, қымбатшылықтың қарқыны мұнымен шектелмейтін секілді. Өйткені алдағы уақытта да жанармай бағасы өсе бермек. Ол кез­де пайызбен емес, еселеп есеп­те­уіміз ғажап емес. Экономист Ба­уыржан Мұқановтың сөзінше, 2025 жылы жанармай шамалап есеп­те­генде 500 теңгенің маңайына барады.
«2025 жылы Еуразиялық ортақ энергетикалық нарық құрылады. Ол кезде Ресей, Беларусь сияқты елдермен жанармай бағасы теңесуі тиіс. Алдын ала экономикалық, әрісі саяси келісімдер жасалып қойған. Десек те, Үкімет осыған дейін бағаны қолдан ұстап келді. Нарық заңына сүйенсек, бағаны өсуі қалыпты дүние. Тек бұл жерде Үкіметтің айыбы өзгерісті болайын деп жатқанда ғана хабарлайды, алдын ала халыққа ақпарат беріп отыруы тиіс еді», – дейді.
Қорыта айтқанда, шешім қа­был­данып үлгерді, енді жанармай бағасы қымбаттайтыны сөзсіз. Халыққа тікелей жанармайдың құны көтерілгені емес, соның әсе­рінен болатын азық-түлік қым­батшылығы уайым. Онсыз да бас бермей келе жатқан инфляцияның қарқыны тіптен үдей түспек. Отан­дық өндірісі кенжелеп қалған елдің Үкіметінен алдағы уақытта оң өзгеріс күтудің өзі оғаш секілді.