2019 жылы Қазақстандағы театрларға 3 миллиондай көрермен барыпты. Өткен жылы бас-аяғы 65 театр жұмыс істеген: оның 52-сі – мемлекеттік, 13-і – жекеменшік театр. Ал 2018 жылы қойылым ұсынған театрлар саны 68 болған. Ranking.kz жүргізген статистика осылай дейді.
Өткен жылы 16,6 мың рет спектакль қойылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 0,2% төмендепті. Былтыр отандық театр сахналарында 343 жаңа қойылым ұсынылған. Ал 2018 жылы оның саны 350 болған екен.
Көрермендер жиі баратын мекеме – драма театрлар (35), қуыршақ театрлары (12) және жас көрермендерге арналған театрлар (5).
2018 жылы жұмыс істейтін театрлар мен ұсынылатын қойылымдар саны көп болғанымен, былтыр театрға 2,9 млн көрермен барып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,9% жоғары нәтиже көрсетті. Оның ішінде 43,4%-ы – жас көрермендер, яғни балалар көрінеді.
Ең үлкен театрлар еліміздің ірі қалаларында орналасқан. Атап айтар болсақ, Алматы театрларына – 603,7 мың, Нұр-Сұлтан театрларына – 410,6 мың және Шымкент театрларына 304 мың көрермен барыпты.
40 миллион көрермені бар театр
2018 жылы Ресей драма театрларына баратын көрермендер саны 40 миллионға жетіпті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мәдени орындарға баратын ресейліктер саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, көрмеге 140 миллион көрермен барса, театрға 40 миллионға жуық көрермен барған екен. Ресейліктер мұндай көрерменнің Кеңес Одағы тұсында да болмағанын айтады. Театр жылының маңызы неде? Яғни, әрбір ресейлік көрермен үшін театр қолжетімді болуы тиіс деп есептейді. Демек, әрбір ресейлік үшін мәдени салаға көңіл бөлу маңызды. Жалақысының белгілі бір пайызын мәдени нысандарға баруға жұмсайды деген сөз. 2019 жылы көрермендер саны 50 миллионға жуықтапты. Әлеуметтік желіде театртанушылар көрермендерге «театр дегеніміз не?» деген сауал тастапты. Сауалға көпшілігі – «өмір» десе, кейбіреулері – реализм деп жауап қайтарған. Әлеуметті мазалайтын сауалдың бірі – спектакльдің бағасы. Мәселен, Ресей театрларында бір билеттің құны – 15 мың рубльге дейін жетеді. Қазақстанда драма театрлардың орташа бағасы – 2 000 теңге. Бұл – қазақ драма театрының бағасы. Ал орыс драма театрының бағасы одан да жоғары. Шетелдік әртістер қатысқан спектакльдерде баға 8 мыңға дейін барады. Ал күнделікті бағасы – 3 мың теңге.Көрермен тартып әлек болып жүр
Көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» пьесасы Лондонда қойылды. «Мен бұл пьесаны 46 жасымда жазыппын. «Өкпек жолаушы» Гибралтар бұғазы арқылы Лондонға жеткенше талай уақыт өтті. Бірақ жетпей қалған шығармалар қаншама?! Сондықтан Лондон театрына көп рақмет! Маған спектакль қатты ұнады. Лондон театрының ерекшелігі де сол, олар өздерінің имиджі үшін жұмыс істейді. Сондықтан бір пьесаны сахналамас бұрын оның көрермендер тарапынан қалай қабылданатыны алдын ала ескеріледі. Әсіресе, ағылшындардың пьесаның мән-мағынасын жақсы түсінгені қуантты. Спектакль ағылшын тілінде болса да актерлердің шеберлігі болар, барлығын түсініп отырдық» деген еді. Дулат Исабеков Лондон театрларының бір ерекшелігі, спектакльге билет бірнеше ай бұрын сатылып қоятынын, алдын ала тапсырыс беретінін айтқан еді. Біздегідей сол күні кешкісін театрға барып, билет сатып алу деген жоқ. Театр менеджменті жақсы қалыптасқан. Көрермен де күні бұрын билет алып, онлайн тапсырыс беруге дағдыланған. Сол секілді Мәскеудегі «Большой театрға» да билеттер күні бұрын сатылып қояды. Көрермен көбіне онлайн билетке тапсырыс бергенді құп көреді. Алдын ала тапсырыс бермесеңіз, өзіңіз қалаған спектакльге билет таба алмауыңыз мүмкін.Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫP.S.
Қазақстандықтар тапқан табысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды екен. Ал мәдени орындарға жұмсалатын шығын 3 пайыз ғана. Оның ішіне мейрамхана, көрме, театр, тағы басқа мәдени нысандар кіреді. Демек, қазақстандықтар театрға барудан гөрі жиған-тергенін ішіп-жемге жұмсағанды артығырақ көретін секілді.