7 балалы отбасы үш күн ішінде үйлі болды
7 балалы отбасы үш күн ішінде үйлі болды
© Сурет Алматы облысы баспасөз қызметінен
301
оқылды
Алматы облысы Талғар ауданының Панфилов ауылында бірнеше күн бұрын үйі өртеніп кеткен 7 балалы Шеңгелбаевтар отбасына тұрғын үй кілті берілді. Жеке меценаттар облыс әкімі Амандық Баталовтың кәсіпкерлерге жасаған үндеуіне үн қосып, өз қаражатына қиын жағдайда қалған отбасына Панфилов ауылынан аумағы 91 шаршы метр баспана  сатып алып берді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Өркениет констракшн» ЖШС жедел үн қатып, 2 күн ішінде баспана алу мəселесін шешкен.  Бүгін осы үйдің кілтін беру салтанатына Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пен серіктестік өкілдері және аудан жұртшылығы қатысты. Баспананың лентасын қию, шашу шашу рәсімдері атқарылған соң аудан əкімі Жолан Омаров сөз алып, кəсіпкерлерге жұртшылықтың атынан ризашылығын білдірді. 
«Облыс əкімі Амандық Баталов осы отбасының жағдайын ерекше тапсырған болатын. Біз бизнесмендермен бірлесіп, осы істі қолға алдық. Барлық жағдайы бар, газға қосылған, аумағы кең осы үйді балалардың игілігіне ұсынып отырған кəсіпкерлерге зор алғыс айтамыз», – деді Ж. Омаров.
Тұрғын үй 4 бөлмелі, 11 сотық жері, моншасы, жер асты қоймасы, басқа да шаруашылық қажеттіліктері бар. Отағасы Бауыржан Шеңгелбаев құрылыста жалдамалы жұмыс жасаса, зайыбы Ботагөз Байтоқова балабақша тəрбиешісі. 4 баласы Панфилов ауылындағы №17 мектепте оқиды.