Түркістан өңірінде айтар ойы, өзіндік пікірі бар азаматтар аз емес. Сондай азаматтардың бірі – Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай БАЛАЖАН. Ақпарат саласында қырық жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол қандай да бір қоғамдық мәселелерде пікірін көптен бүгіп қалған емес.Біз Түркістанды емес, Түркістан бізді дамытып жатыр– Абай Бекназарұлы, Мемлекет басшысы Түркістанға сапары кезінде «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені» деп ерекше баға берді. Жалпы, Түркістанның рухани астана дейтін ерекше мәртебесі бар. Айтыңызшы, ерекше мәртебесі бар қала қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Біз Түркістанды дамытып жатырмыз, Түркістан біздің арқамызда жаңарып, жасарып жатыр деп ойлаймыз. Ал шындығына келгенде, өзіміз осы Түркістанның арқасында адам болып жүргенімізді білмейміз. Рас, Түркістанды қолға алып жатыр, алайда бізде бір қате түсінік бар. Ол – қаланы дамыту дегенді оны жалғыз ажарландыру, бүгінгі талапқа сай ету деген сияқты құрылыс саласына ғана әкеп тірейтін түсінік. Сіз он жерден мыңдаған аспанмен таласқан ғимарат, қаншама гүлзарлар салып тастаңыз, Түркістан онымен Түркістан болмайды. Ондайлары жоқ кезде де Түркістанның даңқын жарты әлем білетін.
Дұрысы, біз Түркістанды дамытпаймыз, Түркістан бізді дамытады. Мысалы, қазір онда небір зәулім ғимараттар салынып жатыр. Алайда ондай ғимараттар адамзат үшін таңсық па? Біз алдымен «адамзат үшін Түркістан несімен қастерлі?» деген сұраққа жауап тауып алуымыз керек еді. Осы сұрақтың жауабын тапсақ, сосын сол төңіректе жұмыс істесек, Түркістан қазіргісінен де бетер дүрілдеп кетеді деп ойлаймын. Сосын зәулім ғимаратыңды да, гүлзарыңды да сала бер, көшіріп көліңді де әкел. Көгерт, жайнат, оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда «Түркістанды әлемге немен танытамыз?» дейтін мәселе бәрібір бірінші кезекте тұруы керек қой. Осының төңірегінде ойлануымыз керек.
Ал Түркістанды әлемге таныту үшін алдымен оны өзіміз тануға тиіспіз. Қожа Ахмет Ясауиді өзің танысаң ғана өзгелерге таныта аласың. Біз Түркістанды түркі халықтарының рухани астанасы деп атап жүрміз. Дұрыс. Алайда рухани астана болу үшін не істеу керек? Бір күні қырғыздың концертін, екінші күні өзбектің, сосын башқұрттың концертін қойғаннан Түркістан рухани астана болып кете ме? Түркістанды дамыту үшін үлкен рухани жобалар керек еді ғой. Бұл тұрғыдағы мемлекеттің бағдарламасын көріп тұрған жоқпын, бар болса, 2018 жылдан бері бір көрер едік қой. Меніңше, ондай бағдарлама Қожа Ахмет Ясауидің ілімінің төңірегінде жасалуға тиіс. Бүкіл әлемге Қожа Ахмет Ясауи ілімі нұрын шашқанда ғана Түркістан рухани астана болады. Сондықтан біздің мемлекет осының алғышартын жасауы керек еді. Қожа Ахмет Ясауиді алдымен қазақтың өзі тануы керек. Біздің идеология саласына жауап беретін басшылардың бірінші кезекте Ясауи ілімінен аз да болса хабары болуы керек деп есептеймін. Кадр жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту болмас,«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайында қызмет атқарып жүрген қыз-жігіттердің біразы баба тарихына, баба руханиятына өте жетік. Мен тіпті әкім, министр болып тағайындалғандардың алдында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, Конституцияны қолға ұстап тұрып ант берсе деп армандаймын.
– Осыдан 5 жыл бұрын Шымкент республикалық қала мәртебесін алды. Үшінші мегаполистің осындай атауға ие болғанынан бергі өмірі көз алдыңызда өтіп келеді. Әлеуметтік желідегі парақшаңызға қарап, Шымкенттегі кейбір мәселелерге көңіліңіз толмай жүргенін байқап қаламыз. Неге?
– 1984 жылдан бері Шымкент қаласының тұрғынымын. Сондықтан бұл қаладағы кез келген мәселе мені бей-жай қалдырмайды.
Біз білгелі Шымкент ұлт руханиятының іргелі орталықтарының бірі болатын. Тіпті, кешегі кеңестер заманының өзінде де. Қазақтың атақты ақын-жазушылары Әбділдә Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, тағы басқа ақын-жазушылар жазған-сызғанын әуелі Шымкенттен шығатын газет-журналдарға бастыруға бейіл болатын. Себебі шымкенттік оқырмандардың рухани әлеуетін іштей бағамдайтын. Алматыдағы әкемтеатр жыл аралатып, Шымкент көрермендеріне өз өнерлерін ұсынатын. Театр ұжымын қала басшылары қабылдап, арқа-жарқа күй кешіп жататын. Қазақ мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңіріп жүрген тұлғалардың көпшілігі Шымкент мәдениет институтын тауысқандар. Шымкенттің өзінің қалыптасқан интеллигенциялық ортасы бар еді. Тіпті, кешегі 2000-2005 жылдарға дейін жергілікті билік қатарынан үш-төрт ай бойы аптаны бос жібермейтін – әр аптаға Алматыдан, Астанадан төрт-бес қаламгерді шақырып, оқырмандармен кездестіретін. Өкінішке қарай, мұның бәрі кешегі тірліктер.
Бүгінде мұның бірі де жоқ. Облыс Түркістанға көшіп, Шымкент мегаполис мәртебесін қалай алды, бұрынғы Оңтүстік интеллигенциясы екіге бөлініп кетті. Жартысы – Түркістанда, жартысы – Шымкентте. Сонда деймін де, бұл бөліністен қазақ руханияты не ұтты екен?
Шымкент мәдениет институты деген қазір жоқ. Шымкент қаласын 5,5 ай басқарған Ерлан Айтаханов бұл салада біраз мәселені қолға алып көрген. Сол бес жарым айда идеология, руханият саласында қалада қыруар тірліктер қолға алынды. Абайдан бастап, Маралтайға дейінгі қазақ ақындарының өлеңдері Шымкенттің ірі көшелерінде үлкен-үлкен билборд болып ілулі тұрды. Әр жұманы Шымкентте поэзия кү-ні деп белгіледі. Ол үшін «Жеңіс» саябағының ішінен ақындарға арнап «Поэзия бұрышын» ашып берді. Өлеңсүйер жастар жұма күні осында жиналып, өз өлеңдерін оқып жатты. Әкім ол әрекетін «жас ұрпағымыз жалғыз мешітке ғана бармай, поэзия, музыка да тыңдасын. Поэзияны сүйген адам жамандық атаулыдан аулақ өседі» деп түсіндірді. Тұрғындар бұл орайда өз әкімдерін қолдады. Өкінішке қарай, жоғары биліктегілер Ерлан Айтахановтан тез құтылуға асықты. Елді басқару деген жалғыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ғана шешу емес қой. Елдің қарнын ешқашан тойдырып жібере алмайсың. Руханияты болмаса адам ешнәрсеге тоймайды. Ал қалай руханиятын тойдырасың, солай асқазанының өзі-ақ көп нәрсені қажет етпейтін болады. Айтахановтың ерекшелігі сол, ол осыны білді.
Батырлар жыры дегеніңіз – жат діндерге қарсы иммунитет!– Ұлттық идеология, ұлттық рух туралы сөз қозғала қалса, Оңтүстіктің жұрты өзіңізді іздей бастайды. «Осы мәселені Абай Балажан айтса екен» дейді. Айтыңызшы, өзіңіз ұлттық идеологияға қандай үлес қосып жүрмін деп ойлайсыз?
– Өзім басшылық жасайтын «Оңтүстік Қазақстан» газеті арқылы үлес қоспасам, жеке өз басымның тындырған ешнәрсем жоқ. Білесіз, республикада тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айту бойынша «Жақсылар, дастан айтайын» атты байқау ұйымдастырдық. Мұндай байқауды ұйымдастыру бұрыннан ойымда жүрген дүние еді. Мен өзім әлі күнге дейін әлсін-әлсін батырлар жырын оқып тұрамын. Қалай оқи бастайсыз, өзіңізден өзіңіз рухтанып отырасыз. Бір жақсы жері бұл адамның жасына қарамайды. Жыр-дастандарды баяғыда кішкентай кезімізде әке-шешемізге шамның жарығымен оқып беретінбіз.
Соңғы жылдары қазақтың ішін «дін жайлап» кетті ғой. Қанша жерден өкінішті болса да айтайын, енді мұны оңайшылықпен тоқтата алмайсыз. Басында бұларды кіргізбеу керек еді. Бөтелкенің ішінен шығып кеткен жынды оның ішіне қайта кіргізе алмайсыз ғой. Бұл да сондай. Жалғыз амал, оған қарсы тұратын иммунитет ойлап табу керек. Ол иммунитет не? Ол – қазақтың өзінің рухани қазынасы. Соның ішінде батырлар жыры бірінші орында тұрады. Батырлар жырын сүйіп оқып өскен бала жат дінді бойына жұқтырмайды. Қабылдамайды. Себебі иммунитеті мықты болады. Бұл ой «Оңтүстік Қазақстан» газетіне келмей тұрғанда-ақ мазалайтын. Идея болғанымен, оны жүзеге асыратын ресурс жоқ, қалай, неден бастаймын деп жүріп қалдым. Ұжымға да айтпадым. Бірде ұжымда Наурыз мерекесін өткізіп, сол жерде белгілі жазушы Мархабат Байғұтқа шет жағасын айтып көрдім, реакциясын байқайын дедім. Айтқаным сол еді, «өй, мынау керемет идея ғой, мынаны қолға алу керек қой» деді. Болды, ары қарай өзім де дайын едім. Сосын орынбасарым Гүлжамал Мұсаева екеуміз ақылдастық та, Алматыдан мамандар шақырдық. Нобайы әбден белгілі болған соң ұжымға айтқанда, олар ду етіп, бірден қолдады. Қолымызда бір тиын жоқ, бас жүлдеге автокөлік деп хабарлап жібердік. Руханият үшін бір тірлікті қолға алсаң, жоқты Құдайдың өзі тауып беретініне көз жетті, сол жолы. Мақсатымызды түсіндірген соң ел ішінен демеушілер де табыла кетті. Тіпті, бір ғалым ағамыз зейнетақысының шетінен әкеліпті. Алмадық. Ана кісінің ренжігенін көрсеңіз... Демек, мына ел өзінің төл руханиятынан соншалықты қол үзіп кетпегені ғой. Түсінген адамға батырлар жыры дегеніміз – тұнып тұрған дін, тұнып тұрған руханият! Бізде барынша әділ болу керек, төте жолдан таймау керек деген бір ғана мақсат болды. Шүкір, ол мақсатымыз да орындалған сияқты. Байқауды үш жыл қатарынан өткіздік. Келесі жылы газетіміздің шыға бастағанына 100 жыл толады. Сол мерекеде пандемияның кезінде үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғастырсақ деп ниеттеніп отырмыз.
Осы байқауды өткізу барысында тағы бір есте қалғаны – өзі қазақ жазушысы атанып жүрген әкім орынбасары қолдамады да, кейін оның орнына келген солтүстіктің қазағы, өзіміз сыртынан «орыс» атап кеткен орыс тілді орынбасар жобаны жан-тәнімен қолдады. Жоба шығынын түгел бюджетке кіргізді. Өзі барлық жұмысын тастап, бастан-аяқ қатысты. Байқау біткен кезде ерекше толқып тұрып, қазақшалап, «мынаны тоқтатпау керек!» деді. Көрдіңіз бе, жалпы руханият деген саланы түсіну қиын. Филология ғылымынан диссертация қорғаған, нанын өмір бойы осы саладан жеп жүрген адам мұның тереңіне бойламайды да, «орыс» деп жүргенің «ақшаны осындай жобаларға салу керек!» дейді. Демек, ешкімге «мына адамның руханиятқа қатысы жоқ, бұл әншейін жүрген біреу» деп қарауға болмайды екен. Қазақтың бәрінің қанында баба қасиеті бар, сол қан түбінде өз сөзін айтпай тұрмайды! Тек жұмыс істей білу керек.
Тағы бір жобамыз – газеттің әр нөмірінде бірінші бетке «Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең» деген айдармен соңғы жүзжылдықтағы ең танымал деген қазақ ақындарының жырларын жариялап жүрміз. Бұл айдардың да оқырмандары көбейді. Жалпы, біздегі айдарлардың көбісі айналып келіп руханият мәселесіне келіп тіреледі. «Менің әкем» деген айдарымыз бар. Әркімнің әкесі өзіне патша. Әр әкенің ұрпаққа берер өз тәрбиесі бар.
Одан бөлек, елдің кез келген мәселесінде ұжым мүшелері қол қусырып, қарап отыра алмайды. Алдыңғы жылғы қуаңшылық кезінде Құрмет деген жігіттің елге танылуына әуелі Құдай, сосын осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкерлері себепші болған. Қалай дейсіз бе? Әлеуметтік желіден Құрмет бауырымыздың еліміздің батыс өңірінде болып жатқан қуаңшылыққа байланысты «маңғыстаулықтар мен қызылордалықтарға көмектесейік» деген жан айқайын естіп қаламыз. Бірақ бір адам қыбыр етейін демейді. Сосын ұжымның жігіттері түгел шалғы-орағымызды алдық та, Құрметтің қасынан табылдық. Қол күшімен, техника күшімен бес гектар жердің шөбін де ордық, сол дала қосынан бүкіл отандастарымызды тікелей эфир арқылы Құрметтің бастамасын қолдауға да шақырдық. Нәтижесін білесіздер.
– Өзіңіз атап өткен байқауда жеңімпаз болған балаға емес, мұғаліміне көлік мінгізу идеясын өзгелердің қарсы болғанына қарамастан өзіңіз жүзеге асырған едіңіз. Яғни, ол кезде ұстаздарға деген құрметіңіз ерекше болатын. Бүгін неге ренжулісіз?
– Біз ол байқауды қолға алған кезде мұғалімдердің мәртебесі деген ұғым да жоқ еді. Естеріңізде болса, сол жылдары кейбір ата-аналар, тіпті оқушылардың өздері де мұғалімдерді сыныптың ішінде сабаған жағдайлар тіркелген еді ғой. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріндей аяқасты болған мұғалімдер жоқ-тұғын. Мәселен, математика, химия, биология, физика пәндерінің мұғалімдері оқушыларын олимпиадаларға, түрлі байқауларға шетелдерге апарып, әкеліп жатса, қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары ауыл-аймақтан ұзап шыға алмайтын. Солардың кішкене рухын көтерейік дедік. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін, тарихты жақсы оқытатын болса, ол бала отаншыл болып өседі деп ойладық. Сондықтан мұғалімдердің осы тобын көтергіміз келді. Автокөлікті бірінші орын алған шәкіртке емес, сол баланы дайындаған мұғалімге мінгізейік деп тұрып алғанымыз да содан. Әйтпесе, маған «жырды жаттайтын оқушы, автокөлікті қалай мұғалімге бересіз, ол дұрыс емес қой» дегендер де болды. Оларға «біріншіден бала дүниеге жақын болмасын, рухани қазынасын дүние үшін жаттамасын, екінші, мұғалімнің беделін көтерейік, ауыл мұғалімі машина жеңіп алып, жарқырап тұрсын» деген уәж айттым. Солай болды да. Мұғалімдердің өкпесі жоқ. Осыдан кейін мұғалімдер де руханиятқа тартылуы керек еді, өкінішке қарай, тартылмады.
Қазір «Педагог мәртебесі туралы» деген заң шығарып қойды. Осы заңды дайындаған ақылдылар ренжімей-ақ қойсын, олар осы құжат арқылы мұғалімдерді қоғамнан бөліп тастады. Қазір бүкіл Қазақстан бір бөлек, мұғалімдер бір бөлек өмір сүріп жатыр. Осы заң шыққалы мұғалімдер бірінші кезекте мұғалім емес, шетінен саясаткер, шетінен оппозиционер болып алды. Оның міндеті – бірінші кезекте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ол ұнамай ма, онда мектепті тастасын да, алаңсыз саясатқа кетсін! Кім қой дейді?! Жоқ, бұлар әлеуметтік желіге бір минутта екі пост салып отырады. Одан қалса, «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік қазақтарын солтүстікке көшірумен айналысады. Сонда бұлар қашан сабақ береді, жаңа сабаққа қашан дайындалады? Сосын ұят та болса айтайық, көпшілігінің жазбаларында бір сөйлемнен төрт-бес қате шығып тұрады. Осылар осындай сауатымен біздің балаларымызды оқытып отыр. Айына 100-150 мың теңге ғана жалақы алатын ата-ана байғұс баласы жоғары сыныпқа көшкеннен бір етек ақша төлеп, репетитор жалдай бастайды. Оның ақшасы тасып бара жатқан жоқ. Баласының мұғалімінің біліміне сенбегендіктен репетитор жалдайды. Балам ертең қор болмасын дейді. Оу, сонда 400-500 мың теңге жалақыны мемлекет мұғалімге не үшін төлеп отыр? Неге одан сапалы білім беру мәселесі талап етілмейді? Мұғалімнің мәртебесі болады да, жауапкершілігі болмай ма? Сосын мұғалім дегеніңіз – кәсіп. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда да не көп, кәсіп түрі көп. Ал бір кәсіп иесі екінші бір кәсіп иесінен артық та емес, кем де емес. Егер мұғалімнің мәртебесі арнайы заңмен қорғалса, инженердің де, дәрігердің де, веттехниктің де, зоотехниктің де, журналистің де, суретшінің де, еден жуушының да мәртебесі арнайы заңмен қорғалуы керек. Еден жуушының мұғалімнен қай жері кем? Бұл бір кәсіп иесін жоғары көтеріп, бір кәсіп иесін төмендету болып шықпай ма? Депутаттарымыздың осы заңды қабылдаған кезде не ойлағандарына әлі күнге дейін ақылым жетпейді.
Сосын осы заң бойынша мұғалімді газет-журналдарға күштеп жаздыруға, сенбілікке шығаруға болмайды екен. Ал біз мұғалімдерді ауыл интеллигенциясының жарқын өкілі деп есептейміз. Оу, сонда газет оқымайтын, кітап оқымайтын интеллигенция да бола ма екен? Адамды жақсы нәрсеге үйрету үшін ептеп зорлауға тура келеді, жаман нәрсені ешкім үйретпей-ақ, өздері үйреніп алады. Кітап, газет-журнал оқытуды зорлап үйретесің балаңа, арақ-темекіні ешкім баласына зорлап үйретпейді, оны даладан алады. Біздің кезімізде мұғалімдер былай тұрсын, газетке оқушылардың өздерін зорлап жаздыратын. Одан сол ұрпақ жаман болды ма? Шетінен журналист болып кетпегенмен, ұлттың руханиятынан хабардар болып өсті. Ол кездің шопандарының өзінің етіктерінің қонышында мыж-мыжы шыққан «Жұлдыз», «Жалын» журналдары жүретін. Бүгінгі мұғалімдердің көпшілігі жекеменшік оқу орындарын сырттай бітіріп алған. Қане, шындықтың бетіне тура қарайықшы, солардың қайсысы профессордың алдын көріпті дейсіз?! Оқуға құжат тапсырғанда төлемақысын төледі, бітірер мерзімі келгенде дипломдарын алып кетті.
Сенбіліктің де жайы солай. Сенбілікке дәрігер де шығады, әкімшілік қызметкері де шығады, журналист те шығады, инженер де шығады, не, мұғалім шықса, қолына жара шыға ма екен? Туған Отаныңның патриоты болу туған жерді сүюден басталмаушы ма еді?! Туған жерінің тазалығына қарамаған адам туған жерін сүйеді дегенге сенесіз бе? Туған жерін өзі сүймеген мұғалім шәкіртіне қалай «Отанның патриоты бол!» деп айта алады?! Айтқан күнде де аузында дуасы жоқ мұғалімді жас өскін тыңдай ма? Міне, сізге «Педагог мәртебесі туралы» заңның «шарапаты»! Менің мұғалімдерге өкпем жоқ, менің өкпем осындай «заң» шығарып, қоғамды айдың-күннің аманында екіге жарып тастағандарда.
Мұғалімнің абырой-беделін тек жалақысын көбейтумен көтере алмайтынымызды кешегі сайлау дәлелдеп берген жоқ па?! Ана бюллетень ұрлап жүрген мұғалімдердің әрқайсысы 300-400 мың теңге жалақы алады. Бірақ сонда да ұрлық істеп жүр. Бұдан шығатын қорытынды, олардың ең төменгі жалақысын кемі екі миллион теңге қылып қойсаңыз да ол 30 мың теңге үшін сізге дауыс ұрлап әпереді. Демек, мұғалімнің мәртебесін ешқандай заңмен, ешқандай жалақымен көтере алмайсыз. Мұғалімнің мәртебесі тек білімімен, білігімен, дүниетаным көкжиегінің кеңдігімен көтеріледі. Ол үшін көп оқу керек.
Газет – идеология құралы– Былтыр күзде Астана қаласында өткен Astana Media Week медиа апталығы аясында газет мәселесін өткір көтергеніңізді білеміз. Сол басқосуда «Газет ақпарат құралы емес, ол – руханият құралы, идеология құралы» деген пікір айттыңыз, аймақ журналистерінің айлық жалақыларының өте төмендігін, биліктің аудандық газеттерді жаппай жекешелендіргенін сынадыңыз, журналист мәртебесі жайлы сөз қозғадыңыз. Осылардан қандай да бір нәтиже шықты ма?
– Біздің Қазақстанның жағдайында нәтиже еш уақытта бірден болмайды. Дегенмен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаға үлкен рахмет! Айлық жалақымызды 30 пайызға көтеруді ішкі саясат басқармасымен келісіп отырғанбыз. Әкім соны бірден 50 пайызға көтеріп берді. Сөйтіп, бұрын 90 мың теңге жалақы алып жүрген облыстық газеттің тілшісі 135 мың теңге алып бір жырғап қалды. Жергілікті билік келер жылы жалақыны тағы да 50 пайызға көтеруге уәде беріп отыр. Шүкір, тоба.
Бұл – мәселенің материалдық жағы. Ал енді екінші қырынан келсек, газетті билік те, басқалар да ақпарат құралы деп есептейді. Сіздің бүгінгі жазған ақпаратыңыз оқырманның қолына ең ерте тиді дегенде ертең тиеді. Телеарналар ол жаңалықты сол күні, әлеуметтік желілер сол сәтінде жеткізеді. Сонда газет қандай ақпарат құралы болды? Демек, газет ақпарат құралы болудан қалып барады. Әр ұлттың өз менталитеті болатыны сияқты, әр ұлттық газеттің де өз менталитеті болады. Қазақ газеттері о бастан ағартушылық, рухани мәселелермен айналысты. Тәрбиелік мәні зор керемет дүниелер арқылы қаншама ұрпақты тәрбиеледі! Бізге руханият, идеология керек деп тапса, басылымдар мәселесін мектептен бастап оқытуды қолға алу керек.
– Медиа апталыққа барып келген соң әлеуметтік желіде біразға дейін сіздің сөйлеген сөзіңіз талқыға түсіп, сізді Мәжіліс депутаты болуға әбден лайықты деп пікір білдіргендер көп болды. Тіпті, айналаңызда жүрген әріптестеріңіз де жеке пост жариялап жатты. Шыныңызды айтыңызшы, халық қалаулысы болуға өзіңізде ниет, қызығушылық болды ма? Шынында, Сіздің депутат болатындай кезіңіз келген жоқ па?
– Сенерсіз, сенбессіз, осы жасыма дейін өңмеңдеп, төрге шығуға ұмтылмаппын. Ел төрге шығарып жатса, рахметімді айтамын. Шығармаса, ешкімге «төрді босат!» демеймін. «Евразия. кz» деген газетте істеп жүргенімде жүргізушім Бимахан Жантаевтың жасы менен әлдеқайда үлкен кісі еді. Ағайын-туыстардың ортасына түскенде, басқа да кейбір дастарқандарда төрге өзім емес, сол жүргізушімді шығаратынмын. Сол сияқты осы уақытқа дейін депутаттық дегенге де ұмтылмаппын. Бірақ кеше ел сондай ұсыныс айтып жатқанда, кішкене ойландым. Партиялық тізімге алып жатса, бақ сынап көрейін деген ой болмай қалған жоқ. Себебі қалай болғанда да қырық жылдан бері елдің ішінде жүрміз. Қай саладағылардың да проблемасы етене таныс, тіпті сол проблемалардың ішінде жүрміз. Алайда жоғарыдағылардан ондай ұсыныс түспеді. Ал бірмандатты округтен түсуді өзім қажет деп таппадым.
– Байқаймыз, үнемі аттың жалы, түйенің қомында жүресіз. Жайбарақат жүргеніңізді көрмейді екенбіз. Жалпы, Сізді дәл қазір не толғандырады?
– Жалпы, мен табиғатымда оптимист адаммын. Алайда дәл қазір сол оптимизмнен ешнәрсе қалмай барады. Кешеге дейін сәл болса да бойымда үміт болатын. Расын айтайын, өзім соны күткендіктен бе, мені мұғалімдердің сайлауда дауыс сатып жібергендері де соншалықты жабырқатқан жоқ. Ал, Наурыз мерекесінде қазақтардың бір тәрелке палауға таласып, бірін-бірі жеп қоя жаздағанын көргеннен кейін менің үмітім біржолата үзілгендей болды. Әрі сол видеоны қайта-қайта айналдырып көрсете берді. Маған сол көрініс биліктің бұқараға «өздеріңнің кім екендіктеріңді танып алыңдар. Сендердің деңгейлерің осы» деген ишарасындай болып көрінді. Расында да, соңғы 30 жылдан бері намыстан жұрдай болыппыз ғой. Сол бір тәрелке тегін палаумен қай жерге дейін баратын едік? Намысы жоғалған адамнан еш жақсылық күтпей-ақ қой. Мұның емі жоқ. Қазақты Құдай құтқармаса, адам құтқарудан кетіп қалыпты. «Е, Құдай, осы көргеніміздің ақырын жақсы қыла гөр» деп дұға тілеуден басқа еш нәрсе қалмапты. Қазақтың жауырыны қақпақтай еркектері мен үріп ауызға салғандай қыз-келіншектері палау үшін ұлы майданға түсіп жатса, ол елден тағы қандай жақсылық күтпекшісіз?!
Міне, осылай бір кездегі оптимист адам бірте-бірте пессимистке айналып барады...
– Ашық әңгімеңізге рақмет!