Әліпбиге әркімнің бар таласы...
Әліпбиге әркімнің бар таласы...
429
оқылды
Латын қарпіне көшу үдерісі еліміз үшін маңызды белеске айналмақ. Бұл белес қоғамның да өзгеріске бейімділігін талап ететіні сөзсіз. Осы жайттарды ескере келе «Тіл-қа­зына» ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығының ғалым хат­­шысы, Орфографиялық жұ­мыс то­бының мүшесі Анар Фазыл­жан­мен сұхбат өткізуді құп көрдік. Әліпби талқысында жиі айты­латын мә­селе немесе тіл­танушы­ларға қойы­латын сұрақ­тар жө­нінде өз ойымыз­ды ортаға сал­мақ­пыз. Дыбыс­тар­дың таң­ба­ла­нуын­дағы дау­­­лы мә­се­лелерге, жиі қойы­­латын сұ­рақ­та­р­ға жауап із­деп кө­көрдік. – Басқа сала мамандарының өз әліпбиін ұсынуы немесе әліпбиге қатысты ұсыныстар айтуы қан­шалықты дұрыс деп есептейсіз? – Басқа сала мамандарының әліпбиге байланысты ұсыныс ай­туы – қуантарлық жағдай. Бұл – қазақ қоғамының әліпбиге бей­жай қарамайтынын, жанашыр екенін көрсетеді. Дегенмен әліпби мен әліпби негізінде ереже жасау, графиканы ұйымдастыру – жазу теориясына, грамматологиясына зерттеу жасаған мамандардың ай­н­алысатын ісі. Әрине, өзге сала мамандарынан келген ұсыныстар­ды ғалымдар талқылауда. Барлық жобаны жарамсыз деп айта алмаймыз. Жоба ұсынушылар ішінде лингвистикалық танымы жоғары азаматтар да бар. Алайда әліпбидегі бір әріп біздің жазуы­мызға қолайсыз болса, жоба қабылданбайды. Сондықтан жобалар мен ұсыныстар талқы­ланып, кем-кетігі болған жағдайда авторларына ескертпе айтылып, кері қайтарылады. Қазіргі кезде орфографиялық жұмыс тобында жазуға қатысты саланың маман­дары әзірлеген ортақ жоба бар. Ол жоба 20 ақпан күні Алматы қала­сында өткен Ұлттық комиссияның төрт жұмыс тобында талқыға түс­ті. Нәтижесінде, жоба 80 пайыз­­дан астам дауыс жинап, Үкі­метке ұсынылу үшін пысықталып жатыр. – В, Ф дыбыстарының төл ды­бысқа жатпайтынын алға тартып әліпбиден алып тастау туралы ұсыныстар да болды. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай? – В әрпіне латын графикасын­да арнайы таңба алу қажет, себебі В дыбысы бар орыс сөздері және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер қазіргі ғылым мен техника, білім салаларының барлығында дерлік кездесетін жиілігі жоғары терминдер қорын құрап тұр. Мы­салы: инверсия, вагон, эволюция, вокзал, вирус, вакуум, гравюра т.б. Олардың дені ауызша сөзде игерілмеген тек жазба сөзде осы күйі қолданылған сөздер. Қазақ тілінің шеттілдік сөзді игеру заңдылығы бойынша В дыбысы Б немесе У түрінде дыбысталуы керек. Алайда оларды қазір латынмен ınbersıa, bagon, ebolúsıa, bokzal, bırýs, bakým, ýagon, eýolúsıa, ýokzal, ýırýs, ýakýým, graýúra түрінде игеріп таңбалаған болсақ, бұл сөздер мәтін ішінде мүлде таныл­майды әрі олардың саны көп бол­ғандықтан, әсіресе кітаби стиль­дегі қазақ мәтінін оқығандар оның мазмұнын түсінбей қина­ла­ды. Бұл жұрттың уақытын алады. Ф әрпіне де арнайы Ff таң­басын алу қажет. Себебі Ф дыбы­сымен келетін сөздер тілімізге тек орыс тілінен енген жоқ (федера­ция, фабрика, футбол, фото), қазақ әдеби тіліне Ф дыбысымен айтылатын сөздер араб, парсы тілдерінен ертеректе еніп, кең қолданыс тапқан: асфаһани, ғафіл, халифат ғафу, Фатиха, Фатима, Фараб, Фирдоус, Физули, т.б. Мәселен, тілімізге араб, парсы тілінен енген сөздерді зерттеген ғалым Гүлфар Мамыр­беко­ваның статистикалық дерек­тері бойынша қазіргі қазақ тілінде 2 000-ға жуық араб, парсы сөзі бар, соның ішінде белсенді қол­даныстағы, көпшілікке танымал ф әрпімен келетін 30 шақты сөз бар. Қазіргі сөздіктерде орыс тілі ар­қылы енген 14 127 сөздің 1 966-сы­ның құрамында Ф әрпі бар. Әрі бұ­лардың ішінде тар­бейінді сала терминдерімен қатар, қалың жұртшылыққа кеңі­нен таныс физика, графика, фосфор, кофе, форум, фото, футбол сияқ­ты сөз­дер де көп. – Қоғамда талқылау мен сынға түскен мәселелердің бірі – У ды­бысының таңбалануы. У дыбысын қалай таңбалаған ыңғайлы? – Орфографиялық жұмыс тобындағы тілтанушы ғалымдар У-ды U таңбасымен беруді ұсын­ды: Universitet, qauyn, turіzm, konstitusia. Сонда термин сөз­дердің тұрпаты халықаралық қол­даныстағы нұсқасына ұқсас бо­лады, мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы. Сөйтіп, жаңа әліпбидегі U әрпі қызметі күрделі екінші әріп болмақ. Ол сөз басында дауысты дыбыс таңба­сының жанында (uaq, uaqyt) және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса (qauyn, sauda), дауыссыз дыбысты таңбалауға жұмсалады, ал сөз басында дауыссыздың жа­нында (umajdau) және дауыссыз­дан кейін тұрса ҰУ, ҮУ дыбыс тіркесін su – [сұу], bu – [бұу], prokuratura – [прокұуратұура] деп таңбалайды.  

Қазіргі сөздіктерде орыс тілі арқылы енген 14 127 сөздің 1 966-сының құрамында Ф әрпі бар. Әрі бұлардың ішінде тарбейінді сала терминдерімен қатар қалың жұртшылыққа кеңінен таныс физика, графика, фосфор, кофе, форум, фото, футбол сияқты сөз­дер де көп.

  – Сонда Ұ дыбысы қалай таң­баланады? – Ол үшін ғалымдар Ū макрон диакритикасын алған ұтымды деп дәйектеп отыр: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat. Дыбыстық жағынан өзара ұқсас осы таңбаларды кирилдегідей жаңа әліпбиде де қатар орналастырған әдістемелік жақтан ұтымды. Сонда U, Ū, Ü таң­баларын тану, қабылдау ба­рысы әліпбидің көзшалымдық та, қолдағдылық та тартымдылығы мен қолайлылығын арттырады. Ұ әрпінің У-ға қарағанда жиілігі төмен, ол қазақ сөзінің бастапқы буынында ғана кездеседі, сондық­тан оның диакритикасы Ū көз­шалымға қиындық тудыр­майды әрі «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық ла­тында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциа­ция арқылы үйрету Ū графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді. – Әліпбиде неге Ц әрпі жоқ және Ю, Я әрпі мен Ь, Ъ таңбасына арнайы таңба алынған жоқ? – Себебі Ц дыбысы қазақ тіліне тән емес әрі онымен келетін сөздерде Ц-ның орнына С-ны жазуға әбден болады. Осылай жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына жақындайды әрі ды­бысталуы мен жазылу образ­дарында танылмай қалу мүмкіндігі жоқ. Жазуда да бірден танылады, айтылуда да тыңдарман үшін қолайлы, себебі дыбысталуы жағынан бұлар қазақ сөздеріне ұқсайды: polısıa, sırk, sırkúl,т.б. Ю, Я да көпқызметті орыс әріптері, олар қазақ сөзінде бір­неше дыбыстың тіркесін білдір­ген, Я – ЙА, Ю – ЙУ дыбыс тір­кесін таңбалауға жұмсалған. Олар орыс сөздерінде осы қызметімен қатар жіңішке дауыстыдан кейінгі дауыстыны, Я – а-ны, Ю – у-ды таңбалауға жұмсалған. Бұл ды­быстардың барлығына да латын графикалы жаңа әліпбиде жеке таңба бар, сондықтан Я мен Ю-ді ерекшелеп тағы таңба алудың басы артық. Ь мен Ъ – әріптер емес таң­балар, олар емледе орыс тілінің дыбыстық құбылыстарын таң­балауға жұмсалған, атап айтқанда Ь – жіңішке дауыссызды, ал Ъ йод­талған дауыстыны таңба­лағанда қолданған. Қазақ тілінде дауыссыз жіңішке болмайды, ал Й-дің арнайы таңбасы бар, сон­дықтан бұларға әріп алудың қажеті жоқ. – Ағылшын тілінің әліпбиінде бар, бірақ біздің әліпбиде жоқ W, X, C таңбаларымен келетін бренд, марка атауларын қалай жазамыз? – Бұл мәселенің ғылыми негізі кез келген дыбыстық-әріптік жа­зуда әліпби, графика және ор­фогра­фияның болатынымен бай­ланысты. Егер әліпби дегеніміз – белгілі бір ретпен орналасқан әріптер жүйесі болса, графика дегеніміз – осы әріптердің ды­быстық мазмұны немесе өзара тір­кескен бірнеше әріптің транс­ли­терациялық мазмұны болып табылады, ал орфография сөз­дер­дің жазу нормасына сәйкес таңбалануын реттейді. Сонда атал­ған таңбалардың қазақ жа­зуындағы қолданысын әліпби емес, графика мен орфография реттеп, регламенттейді. Сондық­тан ағылшынның W, X, C, сол сияқты алдында айтып кеткен орыстың Ц және Ч әріптері ұлт­тық әліпбиімізде болмағанымен, қазақ мәтінінде таңбаланады. Мәселен, латыннегізді қазақ пер­нетақтасында ағылшын тіліндегі W, X, C әріптерінің түймешесі болады, олар цитаталық прин­циппен жазылатын Windows, Maxima, Coca-cola сияқты бренд, марка атаулары үшін қолданы­лады. Ал құрамында Ц, Ч ды­быстары бар бөгде тілден енген кісі есімдері, жер-су аттары транс­литерациялау принципімен жазылады, яғни төл әліпбидегі осы дыбыстарды таңбалауға ла­йықты әріп тіркесімен беріледі: Ц – ts, Ч – tş.   Әңгімелескен М.ХАҚНАЗАР