Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур барысында университет ғалымдарының 20-дан астам ғылыми әзірлемесі мен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығының, ғылыми-зерттеу зертханаларының жетістіктері таныстырылды. ЕҰУ-дің Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, өткен жылы оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілген. Сәйкесінше, университет заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытып, бизнеспен және өндіріспен сабақтастықты нығайта түскен. Университет ғалымдары қазір әртүрлі бағытта 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.
«Біз сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материалдарын, 3D принтерлерді, жасанды интеллектті пайдалана отырып, жаңа технологияларды әзірлеу үшін нақты сектордағы ірі компаниялармен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Жақында біз Qazbiofarm холдингімен отандық фармация мен биотехнологияларды дамыту бойынша меморандум жасадық. Біздің міндетіміз – университет ғылымының ел экономикасының нақты секторына қосатын үлесін арттыру. ЕҰУ бүгінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және QS World University Rankings рейтингінде 277-орында», – деді проректор.«Ядролық технологиялар паркі» АҚ энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина үшін экологиялық қауіпсіз өнімнің 12-ден астам түрін шығарады. Парктің айтулы жетістігінің бірі «Beta sorb» инновациялық гидрогелі. Радиациялық тігілген суперсорбент өнімділікті 30 пайызға арттырып, судың шығынын 50 пайызға дейін азайтады. Ғалымдар тағы бір бірегей «Кровлен» өнімінің технологиясына тоқталды. Бұл құрылыста, химия және металлургия өнеркәсібінде гидрооқшаулағыш және шатырға арналған материал ретінде қолданылады. Ядролық технологиялар паркі сонымен қатар «Экоизол» сауда белгісімен жоғары сапалы гидро, жылу, шу оқшаулағышын жасайды. Еуропалық сападағы экологиялық таза өнім жылу шығынын 30 пайызға азайтады. «ТермоИзол» сауда маркасымен мұнай-газ саласы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық үшін термоорнықтырылған оқшаулағыш пен тотқа қарсы ленталар шығарылады. Олар магистральдық құбырларды қорғау үшін қызмет етеді. Сондай-ақ, технологиялар паркі медициналық бұйымдарды, азық-түлікті радиациялық өңдеумен, жәндіктерді залалсыздандырумен айналысады. Пандемия кезінде қан алу үшін 205 млн астам пробирка, түрлі мақсаттағы 2 млн-нан астам медициналық жиынтық өңделсе, ал өткен жылы 25 млн пробирка, 400 мың жеке медициналық бұйым залалсыздандырылды. «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығында журналистерге құрылыс саласындағы заманауи технологиялар туралы мәлімет берілді. Ғалымдар өндірістік қалдықтардан шуды оқшаулайтын жеңіл бетондар жасамақ. Жобаға еліміздегі ірі құрылыс холдингтері қызығушылық танытуда. Университет ғалымдары сонымен қатар жоғары беріктігі бар бірегей цементті әзірлеп жатыр. Ол әдеттегіден 2,5 есе мықты бетон алу үшін қажет және бөгеттерді, көпірлер мен су электр стансаларын салуға пайдалануға болады. ЕҰУ инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Максим Здоровец журналистерді ДЦ-60 ауыр иондары үдеткішінің жұмысымен таныстырды. Олардың ішінде зертхана цехында құрастырылатын трек мембраналарына негізделген суды тазартуға арналған фильтрлі сүзгілер бар. Сүзгінің артықшылығы – ашық көздерден 2000 литрден астам суды тазарта алады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия физика-энергетикалық және ғылымды қажетсінетін технологияларды зерттеу институты» директоры Қайрат Күтербеков термоэлектрлік модульдер мен натрий-ионды батареяларға арналған нанокомпозиттік материал өндіруге кеңінен тоқталды. Жоғары тиімді термоэлектрлік материалдардың басты артықшылығы – улы компоненттердің болмауы, төмен баға, жоғары энергия мен жылу энергиясын электр энергиясына айналдырудың үлкен тиімділігі және қызмет ету мерзімі ұзақ. Ғалымдар тобы онкологиялық ауруларды емдеудің тиімді әдістерін зерттеп жатыр. Бұл жобаның бірегейлігі – препаратты жасау және оны нанотасымалдаушылар арқылы рак клеткаларына тікелей енгізу. ЕҰУ-дің аға ғылыми қызметкері Илья Корольковтың айтуынша, бұл жобаның нанотасымалдаушылардың өзіндік ерекшелігінде және оларды өзгерту әдістерімен ерекшеленеді. ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің Жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді ым-ишарамен жеткізілетін қазақ сурдоаудармасының қолжетімді жүйесін жасаумен айналысып жатыр. Университет докторанты Ғани Балбаев тобық буынын қалпына келтіруге арналған жаңа киілетін роботталған экзоскелеттің жасалуын көрсетті. Жоба жасанды интеллект негізінде жасалады және механикалық байланыстар қолданылады. Физик ғалымдар тобы ядролық энергетика және иондаушы сәулеленуден қорғау үшін құрылымдық материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеуді таныстырды. Олар радиациялық жүктемелерге төтеп беруге және қорғауға қабілетті ядролық және термоядролық реакторларды жобалау мен құруда қолданылатын болады. ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Жұмат Каргин металлургия өнеркәсібінің қалдықтарынан өндірілетін гематит ұнтағын алу технологиясы туралы айтып берді. Оны бояғыш және тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ емдік мақсатта суспензия және магнит өндіруде қолдануға болады. Жасыл технологияларға негізделген постдокторант Әлия Темірбекованың да ғылыми жобасы журналистердің қызығушылығын тудырды. Ол алғаш рет бағытталған нанобөлшектермен қапталған мультиспектрлі, бактерицидті-фунгицидті жарықдиодты шамдарға негізделген көкөністер мен жемістерді ұзақмерзімді сақтаудың эксперименттік зертханалық қондырғысын әзірледі. Баспасөз туры барысында ғалым Дина Сатыбалдина қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды бақылау үшін «электрондық мұрын» әмбебап мультисенсорлы газ аналитикалық жүйесін таныстырды. Ол әріптестерімен бірге «ақылды» қаланың бұлтты экологиялық мониторинг жүйесіне арналған бағдарламалық жасақтама мен IT құрылғыларының желісін дайындайды. Әзірлеу «электрондық мұрын» түріндегі ауа сапасын экспресс-бағалаудың көп тапсырмалы портативті құрылғыларын әзірлеуге кететін уақыт пен шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сейілов IT-Alem жұмыс үстелі желілік тренажерін құру туралы айтты. Бұл студенттерге желілік және IT-технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын алуға көмектеседі. ЕҰУ ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын насихаттау үшін «Ахметтану» зияткерлік жүйесін әзірлеуде. Сондай-ақ, «Қызықты ономастика» мобильдік қосымшасы құрылуда, оның көмегімен қазақ атаулары мен географиялық атаулардың тұжырымдамасын білуге болады. Айта кеткен жөн, «Жас ғалым» жобасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының қатарына 86 постдокторант қосылды. «500 ғалымның тағылымдамасы» жобасы аясында елуден астам ЕҰУ ғалымы екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Соңғы бес жылда ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Университеттің кейбір ғалымдарының мақалалары жылдан-жылға өз пәні бойынша әлемдегі ең көп сілтеме жасалатын 0,1% кіреді.
Азат ҚАЗАҚ