Фармацевт-ғалымАрғынбекҚабылқақеліміздеөсетіншипалыөсімдіктердендәріжәнедәрумендерәзірлепжүр. Біз Арғынбек Қабылқақпен қазақ шипагерлігінің қыр-сыры жөнінде және еліміздегі шипалы өсімдіктер туралы әңгімелескен едік. Ол елімізде дәрілік өсімдіктерді заңсыз теру, жинаудың алдын алу үшін дертке дауа болатын өсімдіктерді қолдан өсіруді заңдастыру және оны саудалау желісінің жұмысын жолға қоюды ұсынып отыр. – Емдік өсімдіктерден қандай сырқаттарды емдеуге арналған дәрілер жасалады? Оларды жинау, әзірлеу қалай жүзеге асырылады? Елімізде осындай өсімдік түрлері көп пе?
– Қазақтың даласында өсетін сантүрлі дәрілік өсімдіктерден көптеген сырқатқа шипа болатын дәрі-дәрмек, дәрумен, биологиялық қоспа, жақпа май, жапсырмалар әзірлеуге болады. Қанды сұйылту, қан айналыс қызметін жақсарту, бауыр және жүрек-қан тамырларына көмегі бар, көп аурудың дауасы болатын дәрілік өсімдіктер елімізде көп екенін біле бермейміз. Қазақ шипагерлері осындай дәрі тағайындағанда науқастың қан айналысы қызметін жақсартуды негізгі мақсат қыла отырып емдейді. Сонымен бірге науқастың ішкі бес мүшесінің байланысының тепе-теңдігін сақтау үшін жұмыс істейді. 5 мүше дегеніміз – жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және көкбауыр. Осылардың ішкі тіл алысымдылығы жақсы болғанда адам ауырмайды, денсаулығы мықты болады деп саналады. Адамның ішкі ағзалары да адамның өмір сүріп жатқан сол кездегі қоғамына ұқсайды. Мысалы, бауыр ауырса, қан айналымы бұзылады. Бүйректе дерт болса, тізе және буындар ауырады, адамның көңіл-күйі болмайды. Жүрек-қан тамырының тығындалуы өкпе мен көкбауырдың әлсіздігінен болады. Осыларды негізге ала отырып, қазақ даласында өсетін дәрілік шөптерден адамның денсаулығына пайдалы дәрі-дәрумендер жасап шығуға болады. Жабайы өсетін дәрілік өсімдіктердің санын білу үшін біз үш жылдай өңірлерді араладық. Қазақстанда ондай өсімдіктің 400-ге жуығы бар екенін анықтадық. Алайда біз бара алмаған өңірлер қаншама? Сондықтан елімізде өсетін шипалы өсімдіктер санының нақты қанша екенін дөп басып айта алмаймыз. Алайда табиғи таза өсімдіктер байлығы мол екен деп оларды қазып алып, тауысып тастауға болмайды. Себебі шамадан тыс ору, жинап алу салдарынан сирек кездесетін өсімдіктер жойылып кетуі мүмкін.
– Бір сұхбатыңызда Қазақстандағы дәрілік өсімдіктері қолдан өсіру жөнінде бастама көтеріпсіз. Осыны қалай іске асыруға болады? Басқа елдерде осындай тәжірибе бар ма? Сиреп, жойылып бара жатқан дәрілік өсімдіктерді көбейтуге септігі тие ме? Қай өңірлерде шипасы мол өсімдіктер көп өседі, осыған тоқтала кетсеңіз.
– Біз өсімдіктерден, жәндіктерден және түрлі түсті металдардан дәрі-дәрмек жасаймыз. Сирек кездесетін дәрілік өсімдіктерге тоқталсақ, елімізде құртшөп деген бар. Ол туберкулез, құлғана, мерез секілді көптеген ауруларда жақсы көмектеседі. Женшеньді ақбала дейміз, ол Қатонқарағай, Марқакөл жақта өседі. Аюбалдырған, Дабырбалдырған, Күшәла секілді керемет дәрілік өсімдіктер бар. Өзіміз жиі көретін тобылғы, мәңгі жасыл болып тұратын аршамызда шипалы, киелі өсімдіктердің санатына жатады.
Мысалы, сұңғыланың Қытайда үш түрі өсетін болса, Қазақстанда 7 түрі кездеседі екен. Одан адамның денесіндегі күйікті, үсікті тыртықсыз жазуға болатын дәрі жасалады. Сосын, таудың ұшар басында, жазда ерімейтін қар-мұздың жанында қарғалдақ, кей жерде «қожашөп» деп аталатын гүл өседі. Оны «шөптің патшасы» деп атайды. Өте суық жерде өседі, тамыр жаяды, гүлдейді. Сол шөптен жасалған дәрі денедегі суықты шығарады, ревматизм, буын ауруларына ем, суық тиіп бала көтере алмай жүрген әйелдерге беріледі және босанғаннан кейін бала жолдасы түспей қалған кезде қарғалдақтан жасалған дәрі шипа болады. Сонымен қатар әйел адамның ішкі құрылысы ауруларына пайдаланылады, қатты әлсіздікте, адамның торласқан кеңістік деп ұсақ капиллярлардағы үзілістерді қалпына келтіруде пайдасы мол. Адамның денесіндегі ұяшықтарды оятады. Қарғалдақ гүлі қытай, қазақ, ұйғыр шипагерлігінде бағалы дәрі саналады.
Қызылмия – дегеніміз де шөптің төресі. Кез келген шөптен біріктіріп дәрі жасағанда оны қоспаса болмайды. Өйткені аллергия беретін өсімдік қасиетін басу үшін, адам ағзасына уытын жойып, кері әсерін азайтып, шөптің адамға дәрілік қасиетін арттыру үшін, ыстық-суық қасиетін теңдестіру үшін оны кез келген шөптен істелетін дәріге қосады. Қызылмия сонымен қатар көкбауыр жұмысын жақсартады. Бауыр қызметін, өкпенің жұмысы үшін пайдалы. «Қазақстандағы қызылмияны неге көп қазып алып жатыр?» деп сұрайтын болсақ, бізде өсетін қызылмия сапасы өте жоғары, ерекше сорт болып саналады. Өсімдіктен жасалатын дәрінің көбісіне қосылатындықтан, оған деген сұраныс өте жоғары. Қызылмияны шетелден кеп заңсыз қазып алатындар қатары көбейіп кеткені алаңдатады. Елімізде ол құрып бара жатыр. Ол көпжылдық шөптектес өсімдікке жататындықтан, оны егіп тастаса бірнеше жылда қаулап көбейіп кетеді. Жасанды өсіруді қолға алсақ, оның бұдан да сапалы сортын шығара алар едік.
Алтынтамыр өсімдігі де суықта, теңіз деңгейінен биікте өседі. Алтынтамыр қандағы түйіндер мен бөгеттерді ашады. Ол ішкі ағзадағы өспелерге, бауырдағы, бүйректегі, жатырдағы өспелерге, миға шыққан өспелерге, әртүрлі қатерлі және қатерсіз ісіктерге пайдалануға болады. Сонымен қатар жүрек-қан тамырларын ашады. Оны мөлшерден асырмай, аса мұқият пайдаланғанда көп нәрсеге көмегі тиетін дәрілік қасиеті бар.
Жалпы, шипагерлікте шөптің көп түрін пайдаланамыз. Әрі дәрілік өсімдіктер Қазақстанда табиғи жағдайда өсетіндіктен шетелдерде оның сапасы ең жоғары деп қабылданады. Сондықтан оларды заңсыз жинаушыларға тыйым сала отырып, сұраныстың өте жоғары екенін ескеріп, сирек әрі жойылып бара жатқан немесе қорғалатын дәрілік өсімдіктерді қолдан егуді заңдастырсақ деген ұсынысым бар. Оны егіп, жинап экспортқа шығару жолы заңды болса, мемлекетке келетін кіріс көзі де артар еді. Әрі шалғайдағы ауыл халқын жұмыспен, табыспен қамтудың бір жолы болады. Осындай жолы бар болса, табыс іздегендер сирек кездесетін өсімдікті отап тастау секілді заңсыздыққа бармайды. Осы саланы жүйеге келтіріп реттейтін нормативтік-құқықтық актілер қажет. Сонда ауыл тұрғындары дәрілік өсімдікті бақшасына не үйінің маңына егеді, оған аса үлкен алқап та қажет емес. Тіпті, үлкен жер телімін жалға алып, осы кәсіпті қолға алушылар да табылады. Дәрілік өсімдікті өсіруді заңдастырсақ, көп мөлшерде өсіріп сатып қана қоймай, олардың түрлерін будандастырып, шипалық қасиеттерін жақсарта түсуге мүмкіндік туар еді.
Қытайды мысал ретінде алайықшы, Юнань өлкесінің көп жеріне дәрілік өсімдік егіледі. Алтай қазақтары да дәрілік өсімдік егумен табыс табады. Бір сотық жердің келтіретін пайдасы 4-5 млн теңге шамасында. Табиғи жолмен өсетіндіктен аса бір күтіп-баптауды қажет етпейді.
Таңқурайды алып қарасаңыз, ер адамның қуатын арттыратын дәрілік түрі бар. Келермен деген өсімдік бар, ол Күршімде өседі. Іштегі қабыну, бауырдағы қатерлі ісіктерге, асқазан жараларына көмектеседі. Қытайлар осыны егіп, сатып, көп табысқа кенеліп отырған жайы бар. Өсімдіктер жөніндегі білім деңгейі төмен болған соң, оларды қолдану жағын көпшілік жақсы біле бермейді. Тибет жусаны дегенге сұраныс өте жоғары. Оның да тұқымы Қазақстанда бар. Одан кейін ақжусанды алайық. Кейде арқар жусан деп те айтылады. Тауда өседі. Оны қолда өсіруге де болады. Көздің, дененің, бауырдың сарғаю типіндегі барлық қабынуды басады. Бұл өсімдікті қазақ даласының кез келген жерінен табасыз.
Осындай мол қазынамызды ғылыми тұрғысынан зерттеп, оның қай ауруларға шипа екенін әспеттемейміз ғой. Шетелде болса, бір профессор тек бір ғана дәрілік өсімдікті зерттеуге бар ғұмырын сарп етіп, емдік қасиетін насихаттап-ақ абырой-беделге кенеледі.
Семей, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу облыстарының таулы, табиғаты шұрайлы жерлері дәрілік өсімдіктерге бай. Күшәла, қожашөп, алтынтамыр, бәйшешек дейсің бе бәрі бар. Кез келген өсімдік өседі. Сол жақтан «алапат» деген өсімдіктің жабайы түрін көріп таңғалдым. Осыншама көп дәрілік өсімдікті қолдан өсіріп, демалыс аймағын салып, ауруына шипа іздегендерді неге тартпаймыз?! Сол жердің тұрғындарына осы өсімдіктерден қайнатпа, тұндырма, шай секілді түрлерін әзірлеуді үйретсек, олар да қосымша табыс табар еді...
– Айтпақшы, заңсыз оталып жатқан өсімдіктер көп пе?
– Дәрілік өсімдікті орақпен орып алса, түбірі мен тамыры қалғандықтан ол кейін қайта өседі. Менің ішім ашитыны – тракторға үлкен соқа тіркеп жыртып, не қазып алатындардың бейберекетсіздігі. Қызылмияны тамырымен қазып алады. Сондықтан ол келесіде өспей қалады. Еңлікшөп деген бар. Одан 40-50 түрлі косметикалық зат жасалады. Беттің әжімін кетіреді, бетті ағартады, ерінді қызартатын помадаға пайдаланылады, шашқа жағатын май алынады. Сол көп оталып, азайып бара жатыр. Өйткені тамырымен қазып алады. Ақжүрек деген дәрілік өсімдік бар. Кей жерде оны үшқұлақ деп атайды. Астма, аллергия, өкпе ауруларының емі. Кез келген жөтелді жазады. Етті сұңғыла, жерқазық деген шөптер азайып барады. Қазақстанда сарышаянды теріп алып өткізіп жатыр. Даладан теріп, тұқымын құртып жібергенше, жәндіктің жабайы түрін қолда бағып, көбейтуге болады. Жасанды жолмен көбейту жағы заңмен реттелсе деген ұсынысым бар.
– Бір сөзіңізде өсімдіктерден 30-дан астам дәрі жасадым депсіз, олардың құрамына қандай өсімдіктер пайдаланылады?
– Маған қаралған сырқаттың тамырын ұстап, мазалап жүрген ауруын емдеу үшін бірнеше шөптен әртүрлі мөлшерде араластырып дәрі дайындап беремін. Өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі. Дәрі де соны ескере отырып әзірленеді. Ауру жеңіл болса, дайын тұрған дәріні ұсынамыз. Өсімдіктерден дәрі әзірлеуге кіріскеніме 13 жылдан асты. Бала кезімізде аталарымыз, ағаларымыз дәрішілікпен айналысқанын көріп өстік. Бастапқы білімді сонда алдық. Мен алғашқы дәріні Қытайда жүргенде Бейжің университетін тәмамдаған соң жасадым. Ол жақтағы әзірлеген дәрілерімді қазір жетілдіріп жүрмін. Сонымен қатар ауруды сауықтыру және оңалтуда мүмкіндігі мол дәрумен түрін көбейтуге кірістім. Зертханамызда даярлап қойған көптеген дәрілік өсімдіктердің қоры бар. Алайда оның көбісін шетелден тапсырыспен алдырамыз. Ол өсімдіктер қазақ даласында да өседі. Соны жинау, әзірлеу желісі заңдастырылмаған әрі жолға қойылмаған. Тағы бір айта кетер жайт, дәрі жасау барысында мына шөптің емдік қасиеті жоғары екен деп оны бәріне қоса салмаймыз. Дәрі жасауда сезімге, болжамға ерік беруге болмайды. Бәрі дәрігерлік көзқараста ұзақ зерттеу мен қалыптасқан ғылыми тұжырымдарға байланысты жасалады. Ең алғашқы өнімді жасағанымда дәрі салатын пакетім де болмап еді. Қазір бәрін арнайы зертханада, аппараттарда жасаймыз. Өсімдікті кептіріп, ұнтақтап, үгіту, оны сығымдап таблетка, маржан секілді түрін жасау тек арнайы құрылғы арқылы жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, дәрілер таза табиғи шөптердің қосындысынан ғана жасалады. Олардың құрамында аз дегенде 8 кейде тіпті 40-тан астам өсімдік кіреді. Ең маңыздыларына тоқталсам, адамдарға пайдасы мол дәрумендердің ішінде жүрек-қан тамырындағы тығындалу, бұлшық етінің босауы, әлсіреуі, жүрек ритмінің бұзылуы, жүрекке қан жетіспеу секілді ауруларда тағайындалатындары бар. Ол жүрек шаншулары мен талмада көп көмектеседі. Бүйрек, бауыр тағы да басқа ішкі құрылыс қызметтерін жақсартатын дәрілеріміз бар.
– Сосын бірқатар дәрілерді шығаруға шетелден рұқсат алынды деп айтыпсыз. Осы тұсты нақтылай кетсеңіз?
– Мен Түркияда және Черногория мемлекетінде тұрдым. Жасаған дәрілерімізді «биологиялық қоспа» ретінде осы елдерде тіркетіп, саудалап келдік. Оған қазіргі қолданыстағы атауларымызды пайдаландық. Жыл сайын төленетін жарнасы қомақты болғандықтан 2020 жылдан бастап оны тіркеуді тоқтаттық. Қазір соларда елімізде қайта тіркетіп, шығаруды қолға алуды жоспарлап отырмыз.
– Қазақтың халық шипагерлігінің бүгінгі жағдайына тоқтала кетсеңіз. Бұрынғы дәстүрден жоғалтқан тұстарымыз бар ма? Жаңа тұстары қандай? Қытай, тибет халықтық емдеу әдістерінен ерекшелігі неде?
– Қазіргі қазақ дәстүрлі шипагерлігі мен емшілігі шатасып кетті. Шипагерліктің емдеу жүйесі бар. Ол қазақтың шипагерлік баянатын негізге алады. Ғылыми жағы тағы бар. Қазіргі күнде қазақтың шипагерлігіне жақсы назар аударылып келеді, халықтың сенімі де артты. Болашақта өсіп-өркендей түсетініне сенеміз. Айта кетер жайт, бұрыннан келе жатқан шипалы өсімдіктерден дәрі жасау дәстүрінде жоғалтып алған тұстарымыз көп. Қазір сол олқылықтың орны толтырылып, жаңа тұстарын іздестіріп жатырмыз. Оған кіріскен жандар қатары да артуда.
Біздің жолымыздың қытай, тибет халықтық емдеу әдістерінен өзгешелігі неде деп сұрасақ. Қазақтың шипагерлігінің оларға ұқсайтын және ұқсамайтын тұстары бар. Кейбір дәрі жасаудағы тәжірибеміз қытай және тибет халықтарында кездеспейді. Тамыр ұстау жүйесі де оларға мүлдем ұқсамайды. Қазақтың қан алуы бөлек. Ысқыма деген емдеу тәсіліміз бар. Көнеден келе жатқан қытай, тибет емшілігінде су, от, ауа, топырақ, күн сияқты бес нәрсені басты назарда ұстайды. Қазақтың назариясы алты тұғырға бөледі. Ыстық, суық, қараңғы, жарық, топырақ, кеңістік деп жіктеледі. Ішкі 12 мүше, сыртқы 12 мүше болып бөлінеді. 24-ті бүтін болса, несібі толық адам деп санайды. Сондай-ақ әртүрлі өсімдіктің буына салып емдеу, химиялық заттардың буына салып емдеу жағы бізде айрықша. Қуаты күшті, түзілістері күрделі химиялық заттармен емдеу бізде өте көп. Соны болашақта бөлек сала ретінде зерттеп, дамытуды ойлап жүрмін.
– Қазір дәстүрлі емес жолмен емдейтін түрлі емдеу орталықтары көп ашылды. Оларда Қытайда өсімдіктерден жасалған дәрі көп ұсынылады. Сондай дәрілерде сіздер де жасай аласыздар ма?
– Әрине жасаймыз, тіпті импорттық дәрілерден де сапалы етіп жасай аламыз. Қытайда жасалатын осындай дәрілердің құрамында ауруды тез басатын нәрселер көбірек болады. Қазақ шипагерлігінің ұстанымы бойынша дәрі-дәрмекке ауруды басатын нәрселер қосылмауы тиіс. Дәрі таза табиғи өсімдіктің өзінен ғана жасалады. Қазақ шипагерлігі әзірлеген дәрі бастапқыда ауруды қоздырады. Неге десеңіз, қолыңызға тікен кіріп кетсе, сол жеріңіз ауырып, отырып қаласыз ғой. Ол бір-екі күн сыздап ауырып барып тоқтайды. Біз де осындай жолмен емдейміз. Сонда ғана дәрінің басқа ағзаларға залалы аз болады. Сонымен қатар жүректі емдесе, бауырға да шипа болатын тұстары бар. Себебі қазақ даласында табиғи жолмен өскен өсімдікте ешқандай химиялық қосындылар жоқ қой. Химиялық дәріге қарағанда шөп дәрілердің нәтижесі сәл баяу болады. Әсері 10-15 күннен кейін ғана белгілі бола бастайды. Себебі олардың құрамында ауруды басатын, көңіл-күйге қуат беретін, гормондық қоспа болмайды. Яғни, әсері баяу болғанымен түбегейлі нәтижесі жақсы шығады.
– Сұхбатыңызға рақмет!