Мәди үңгірі туралы республикалық «Қаздауысты Қазыбек би» қорының Қарағанды облысындағы өкілі Мейірман Елубайұлы Ortalyq Qazaqstan газетінде шыққан «Едірей биіктері» мақаласында: «Қараүңгір ішіне төрт-бес аттылы адам сиятындай көлемі бар үлкен бөлмеге ұқсайды. Үңгірдің түкпірінде тамақ істеуге ыңғайлы пеш ретінде пайдалануға келетін тастар орналасыпты. Бір таңқаларлығы, мұнда жаққан оттан шыққан түтін жоғары қарай бойлап, тастар арасындағы саңылауларға сіңіп кете барады екен. Бірақ түтін қайдан шығатынын әлі ешкім білмейтіні табиғаттың таңғажайып жұмбақтарының бірі. Бүгінге дейін Қараүңгірге ел адамдары келіп, тас пешке тамақ істеуді қызықтап, демалуға келіп жүреді екен» деп жазған екен.
Тарихымызды зерделеп жатқанымызға азғана уақыт болды. Ол да болса бізге дәтке – қуат. Ұлтымыздың ұландары ұлықталып жатыр.
«Бағанадан бері жазып, тілге тиек еткені қай Мәди?» дейтін оқырман да болары сөзсіз. Олай болса айтайық...
Мәди Бәпиұлы 1880 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жас кезінен-ақ ән айтып, домбыра тартып аты шыққан. Арғы аталары атақты Қазыбек бидің ұрпағы. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты cаңлақтар дәстүрін жалғаушы.
Зорлықшы бай-болыстар мен патша отаршыларына қарсылық көрсетіп, қуғынға ұшыраған» деп таспалапты «Қу-Балқантау» энциклопедиясында.
Сол кездегі үстем тап өкілдерінің «ұры» деген жалған жаласымен Атбасар, Карқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Қамауда елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди өзінің атақты «Қаракесек» әнін шығарады.
1915 жылы Мәди түрмеден қашып шығады. Бұл кезде оның әндері халыққа тарап кеткен еді. Мәди жөнінде талай аңыздар да айтыла бастаған. Атқамінер жандайшаптардан жасырынып, ұзақ уақыт туған жерге ат ізін сала алмайды. «Шіркін-ай» әні осы кезде туған. 1916 жылы ол еліне оралады. 1917 жылы болыс билеуші Айтқожа Теміржанов Мәдиді «жылқы ұрлады, түрмеден қашты» деп айыптап, тағы да түрмеге жөнелтеді. Қазан төңкерісін Мәди Қарқаралы абақтысында қарсы алады. 1918 жылы бостандыққа шығады. Композитордың халық арасына кең тараған атақты «Мәди» әні осы кеңестік кезеңмен байланыстырылады. Кеңес үкіметі кезінде 1919 жылы Мәди Колчакқа қарсы шайқастарға қатысады. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен, жаңа өмірді нығайтуға кіріседі. Ал Кеңес қызметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді ұйғарады. 1921 жылдың ақпан айында Мәди қаза табады.
Атақты әнші-композитор Мәди Бәпиұлы өз шығармаларында бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосады. Кең тынысты, салтанатты, шаттыққа толы оның әндері күні бүгінге дейін ел аузында. Олар опералардан, сиюталардан, кантаталардан тұрақты орын алды. Композитордың тағдыр-талайынан терең сыр қозғайтын Мәди Бәпиұлының әндері талайларды тебірентумен келеді. Мәдидің шығармашылық мұрасы толық жиналмаған.
Иә, «Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы...» деп азаттықты жырлаған Мәдидің, ер Мәдидің басқа да шығармалары табылары, сыр сақтаған «Мәдидің қара үңгіріне» қарай жол да түзелеріне аз қалғандай.
Қарағанды облысы