Алтын Орда кезеңіндегі даңқты тарихымыз халық санасында айқын таңбаланған. Мерейлі мемлекеттің негізін қалаған Бату ханды қазақтар «садағын сағымға ілдірген Сайын хан» деп әспеттеген. Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш ХХ ғасырдың басында:
«Шыңғыс, Бату хандық құрып
тұрған ел,
Қарақыпшақ Қобыландылар
туған ел.
Ерегескен дұшпан-жауын қуған ел
Емес пе едің – жұртым саған не болды?» – деп күңіренді.
Демек, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Алтын Орданың тікелей мұрагері деген атқа әбден лайық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын тойлауға пәрмен берді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві республикалық мемлекеттік мекемесінде Алтын Орданың 750 жылдығына, Қазақ хандығының 555 жылдығына және Қасым ханның туғанына 575 толуына орай «Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Қазақстан Ұлттық архиві ұйымдастырды.
Іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, отандық тарихшылармен қатар АҚШ, Ресей зерттеушілері қатысты. Оның ішінде Ғұмар Дүйсембаев, Ирак Елекеев, Әнес Сарай, Болат Көмеков, Хангелді Әбжанов, Зейнола Самашев, Бүркітбай Аяған, Нұрлан Атығаев, Юлай Шамилоғлы, Вячеслав Плахов сияқты тұлғалар бар.
Алтайдың сауырынан Дунайдың етегіне дейінгі кең-байтақ жерді, жарым дүниені алып жатқан қағанат күш-қуатымен дүниені тітіретті, сән-салтанатын жаһанға жария қылды. Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әртүрлі кәсіпшілікпен айналысып, қолөнерді дамытты. Басқосуда сөйлеген қатысушылар осындай ұлы мемлекеттің әлі де зерделенбеген тұстары көп екеніне тоқталды.
Ғалымдар қазақ жұртын біржола орнықтырған Қасқа жолды Қасым ханның тарихи бейнесіне баға берді. Бір өзі 300 мың әскер жасақтаған, алыстағы Рим папасымен хат алысқан құдіретті билеуші туралы жаңа деректер көп табылып жатыр. Соларды ғылыми тұрғыдан қорытып, талдаудың маңызы зор. Келелі кеңесте айтылған әңгіменің түйіні осыған саяды.
Іс-шара аясында Ұлттық архив мекемесінде «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы» атты көрме өтіп жатыр. 28-29 ақпан күндері көпшілікке ұсынылатын жәдігерлер көзден кетіп, көңілден көмескі тартқан ескі заман елесіне шомдырады. Жошы ұлысы хандарының маңызды саяси орталығы болған шаһардың тарихынан сыр шертеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», – деген еді. Биыл Үкімет қаулысымен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға 40 түрлі іс-шара енген. Жалпы, «Ұлық Ұлысты» тойлауға қажет іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылған.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ