Атыраулық бапкер мен шәкірті қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогінің иегері атанды. Әлемдік турнир 7-9 сәуірде Мәскеуде өтті.
«Ресей Федерациясының астанасында ересектер арасында «Достық кубогі–2023» аталатын қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтті. Бұл дода аясында алғаш рет жастар мен жасөспірімдер арасында өзін-өзі қорғау бойынша әлем біріншілігі жалауын желбіретті. Оған әлем елдерінен 21 команда қатысып, 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Оның ішінде атыраулық спортшылар да бар. Олар 3 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды» делінген хабарламада.
Жасөпірімдер арасында әлем біріншілігінен 90 келі салмақта Нұрберген Мырзакен мен 70 келі салмақта Диана Жұмағазиева алтын медаль жеңіп алды. Ал 75 келі салмақта Диана Жандарбай «күміске» қол жеткізсе, 70 келі салмақта Әли Өтегенов қола медаль еншілеген. Нұрберген Мырзакен әлем кубогінде де сынға түсті. Ол 88 салмақта әлем кубогінің иегері атанып отыр. Осы салмақта бақ сынаған тағы бір атыраулық Бек Насихатов қола медаль иеленді. 67 келі салмақтағы Әли Өтегеновке де «қола» бұйырды.
Ал атыраулық бапкер Хайдар Есенғалиев 38-49 жастағы ересектер арасында мықты екенін танытты. Бапкер 95 келіден жоғары салмақта алтын медаль еншілеп, әлем кубогін жеңіп алды.