Жүргізушісі жоқ автобус жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, бағдаршам маңында жолдың келесі бетіне өткелі тұрған 6 адамды қағып кетті. 3 адам оқиға орнында тіл тартпай көз жұмса, үшеуі ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, олардың біреуі тілге келмей, сол сәтте көз жұмса, ертесіне дәрігерлер тағы бір жасөспірімді аман алып қала алмағандарын жеткізді. «Оқиға орнына 4 жедел жәрдем бригадасы барды. Облыстық балалар ауруханасы мен перинаталдық орталыққа жеткізілген екі науқас ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Ал қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған 2005 жылғы азаматшаның жағдайы қалыпты. Нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Науқас дәрігерлердің бақылауында» делінген Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.Жол апатының қалай болғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Әлеуметтік желіде таралып кеткен видеода автобустың биіктен төменге қарай ылдилап қарсы бетке шығып кеткені, бағдаршам маңында тұрған адамдарды баса-көктеп жаншып өтіп, жаяу жүргінші жолынан ары көше қиылысы арқылы аялдамаға тіреліп, доңғалағы арыққа түсіп кетіп тоқтағанын көруге болады. Соңғы аялдамаға келген 21 бағыттағы автобус жүргізушісі көлікті биікке қойып, өзі сыртқа шығып кеткен. Қол тежегішті орнына қоймаған, салдарынан автобус биіктен төмен қарай жүріп кеткен деген ақпарат тарады. Ал автобус жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің жарамдылығын тексеруге техникалық сараптама тағайындалған. Тергеу нәтижесінде белгілі болады
Осы оқиғаға орай ертесіне Шымкенттегі барлық жолаушы тасымалдаушы компания басшылары «Диспетчерлік қызмет орталығына» жиналды. Жиында жол апатына ұшыраған 21 бағыттағы автобусқа иелік ететін Shymkent BUS тасымалдаушы компаниясының директоры Азат Қайыпбек жүргізушінің қол тежегішін орнына қоймағанын айтты. «Жүргізуші соңғы аялдамаға келіп тоқтағанда бір келіншек баласымен келген. Ол «мінуге бола ма?» деп сұрағанында, жүргізуші «қазір әжетханаға барып келсем бола ма?» дейді де, автобусты өшірмей, қол тежегішін қойғанына нақты көз жеткізбей, есігін жауып шығып кетеді. Біз автобустың ішіндегі видеобейнені қарағанда көлік 30-40 секундтан кейін белгісіз себептермен төмен қарай жылжып кеткенін көрдік. Адамдарды соғып барып тоқтаған жерінде екі азамат жүгіріп келіп, есігін ашады. Бірақ олар тежегішке тиіспейді. Сол сәтте жүргізуші жүгіріп келіп, ішке қолын созып тежегішті орнына қояды», – деп атап өтті компания директоры. Автобуста техникалық қауіпсіздік 100 пайыз сақталған деп жауап берді. Алайда жиында Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұқтар Қоқанбаев болған жағдайға байланысты тергеу жүріп жатқанын, енді оның нәтижесін күту керек екенін ескертті. «Тергеу нәтижесі біткен кезде ғана жүргізуші тежегішті іске қосты ма, жоқ па жүргізуші кінәлі ме әлде автобустың техникалық жағдайында мін бар ма белгілі болады. Мұның нақты жауабын тергеу нәтижесінен кейін айта аламыз», – деді ол.Басқарма басшысы енді тасымалдаушыларға талап күшейтілетінін жеткізді. Басқарма тарапынан тасымалдаушы компанияларға аталған оқиға бойынша жүргізушілердің назарына жол жүрісі, жолаушылар тасымалдау қағидаларының талаптары мен жүргізушінің міндеттері туралы қосымша және тұрақты түрде нұсқаулықтарды жеткізу қажеттігін тапсырды. Сонымен бірге жүргізушілер құрамы арасында кезектен тыс аттестациялау шараларын өтетін болды. Маршруттардағы желілік бақылау да қатаң қадағаланады. Жүргізушілердің жүктемесі көп Бұл – ресми органдардың мәліметі. Қайғылы оқиға барысы қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілігі билікті кінәлайды. Жүргізушілерге шектен тыс жүктемені азайту қажеттігі, бір күнде 2 ауысым жүйесін енгізу жайы да жиі айтылып жатқан пікірдің бірі. Басым бөлігінің айтатыны, кондукторды қайтару керек дейді. Естеріңізде болса, осы жылдың 1 наурызынан бастап Шымкент қаласында кондукторсыз автобус жүйесі енгізілген болатын. Жолаушылар жолақыны «Төлем» жүйесі арқылы беретін болған соң, кондукторды жөн деп таппаған билік оны алып тастаған болатын. Алайда содан бергі кезеңде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолаушылардың ақы төлеген иә төлемегеніне үнемі алаңдап отыратыны, салдарынан кейде жол жүру ережесін де жиі бұзатыны айтылып жүрген. Бұл жүйе жүргізушілердің жүйкесіне едәуір салмақ түсіретінін, себебі әлі де жолақыны төлемей түсіп кететіндердің бар екені жиі айтылады. Қайғылы оқиға кезінде де жүргізушінің таңғы 6-дан жұмысқа шығып, кешке дейін тынымсыз жүруі, жолаушыларға алаңдауы оның жүйкесіне салмақ түсіп, салдарынан тежегішті орнына қоюды ұмыт қалдырған деушілер көп. Пікір білдірушілердің бір тобы жүргізушінің жауапсыздығынан көреді. Тағы бір шоғыр биліктің бұл салаға деген немқұрайлығынан, беріліп отырған қыруар субсидияның сұрауының жоқтығынан дейді. Себебі қоғамдық көлік мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде келеді. Осыдан тура бір жыл бұрын Шымкентте 72 бағыттағы автобус жүргізушісін ара шағып алып, есінен танып қалған. Салдарынан көлік басқара алмай, жол жиегіндегі кедергіге барып соқтығысқан еді. Абырой болғанда ішіндегі жолаушылар зардап шекпеді. Бұл кезде де көпшілік автобуста қандай да бір кілтипан бар деп шулаған-ды. Ал екі жыл бұрын қоғамдық көлік жолдан шығып кетіп, жол жиегінде тұрған қара талды тамырымен жұлып өткен. Мұнда да жаңа автобустың тежегіші істен шыққан деген болжам айтылған. Сонда дейміз-ау, бүгінде үшінші мегаполисте жүрген жаңа деген қоғамдық көліктің техникалық қауіпсіздігі сенімсіз болып қалды. Жалпы, Шымкентте қоғамдық көлік мәселесі жиі көтеріледі. Жүргізушілер де жалақының аздығын айтып, наразылыққа да шығып жатады. Мұның барлығы да әсіресе Shymkent BUS тасымалдаушы компаниясына қарасты айтылатын сын ескертпелер. 2019-2021 жылдары осынау компания жүргізушілері наразалыққа шығып, бір күн бойы бағыттар бойынша жұмысқа шығудан бас тартқан. Себеп жалақының төмендігі мен жоспардың шектен тыс көптігі болатын. Shymkent BUS жиі сынға ұшырайды
Бүгінде осынау мәселе шешімін тауып қалған сияқты болып еді. «Южавтотранс» автотасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов дәл қазір автобус жүргізушілері арасында мәселе жоқтығын айтады. Бұрынғыдай жоспар қойылмайды. Жалақы заң шеңберінде бекітілген әдіс бойынша 250 мың теңге көлемінде екен. Жүргізушілер қолдарына нақты 190 мың теңге жобасында жалақы алады. «Кешегі жағдайдан кейін жүргізушілерге жалақыны 300 мың теңгеге көтеруге уәде етілді. Жүргізушілер қазір 15 күн демалып, 15 күн жұмыс істейді. Мемлекеттен жеңілдік ақша маршруттардың жиілігіне орай әртүрлі беріледі. Мемлекет берген ақшасына қатаң бақылау жасап отырады. Егер қандай да бір талап орындалмай қалса, субсидия қайтарылады. Бейнебақылау арқылы автобустардың жүріп өткен жолдары бақылауда тұр. Ал жол апатына қатысты жәйтке ешнәрсе айта алмаймыз. Тергеу амалдары бітіп, экспертиза жасалғаннан кейін қалай болғаны белгілі болады. Өкінішті жағдай, қоғамдық көлікті жүргізуде 13 жылдық еңбек өтілі бар жасы 50-дегі жүргізуші ғой. Оған не болып қалғанын білмейміз», – дейді ол. Алайда біз осы жағдайдан кейін Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің біріне мініп, жағдайды бақыладық. Автобуста жолаушы лық толы. Таңертең жұмысқа келетін уақытта иін тірескен жұрттың көбісі валидаторға картасын баспай кететіні байқалып тұр. Жоғары оқу орнының аялдамасына тоқтағанда бір топ студент түсті. Екінші есік жаққа алаңдаған жүргізуші «мына студенттердің біразы төлеген жоқ» деп күбірлеп жатты. Бір кезде бақылаушы кірді де, артқы орындықта отырған жолаушылардың карталарын алып, бірінен кейін бірін басып берді. Демек, оған дейін ешкім төлемеген. Білінбей қалса, сол күйі түсіп кетуі де мүмкін. Біз жүргізушіні сөзге тарттық. Кешегі жағдайды есіне салдық. «Көлік жүргізуге қорқып қалдық. Қаланың ішінде жүргеннен трассада көлік жүргізген оңай сияқты. Жұмысымызды тастаймыз ба, қайдам? Жүргізуші тежегішін қойғам деп айтыпты. Басшылар тежегішті қоймаған дейді. Енді ол жағын нақты білмейміз. Егер тежегішті қойған болса, автобустың техникалық ақауы бар деген сөз», – деді ол бізбен әңгімесінде.Бұл жағдай қалай болғанда да, Шымкентте қоғамдық көлік мәселесі әлі реттелмегенін дәлелдеп берді. Қоғам екіге жарылып тұр... Айта кетейік, қазір Шымкент қаласында 77 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді. Қалада резервпен қоса, 1000 автобус бар. Оның күн сайын 877-і маршруттарға шығады. Жолаушыларды тасымалдаумен жекеменшік нысандағы 10 компания айналысады.
Шымкент қаласы