Жансейіт Түймебаев: Ғылым – үздіксіз дамитын процесс
Жансейіт Түймебаев: Ғылым – үздіксіз дамитын процесс
837
оқылды
12 сәуір – ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Даталы күнге орай 90 жылдық тарихы бар еліміздегі ең іргелі оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Жансейіт Түймебаевпен сұхбатымыз аталған оқу орнындағы ғылыми ахуал төңірегінде болмақ. – Жансейіт Қансейітұлы, әңгімемізді алдағы Ғылым қыз­меткерлері күнінен бастасақ. Кә­сіби мереке қарашаңырақ ҚазҰУ-да қалай аталып өтеді? – Кез келген елдің өркендеуі­не атсалысатындардың алдыңғы қатарында жаңа технологияларды ұсынатын білікті кадрлар тұрады. Ал мұндай мамандар білім беретін оқу орындарынан, түрлі инс­титуттар мен зерттеу орталық­тарынан шығады. Әйгілі орыс жазушысы Лев Толстойдың «Бі­лім – мақсат емес, қару» деп айт­қан жақсы сөзі бар. Біздің уни­верситетте студенттерді біліммен «қаруландырып» жатқан мықты оқытушы-профессорлар құрамы жеткілікті. Біздің оқу орнында атақ­ты академиктер, ғылым және техника саласындағы Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаттары, жүздеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары жұмыс істейді. Ал 12 сәуір – Ғылым қызмет­керлері күніне орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде «Ғылым және биз­нес: Қазақстанның инновация­лық даму жолы» тақырыбында ау­қымды ғылыми конференция ұйымдастырылғалы отыр. Бағ­дарлама аясында университет ғалымдарының ғылыми-инно­вациялық жұмыстарының көр­месі ұйымдастырылады. Көрме жұмысына университеттің, сон­дай-ақ білім ордасына қарасты ғылыми-зерттеу институт­тары­ның озық инновациялық жо­ба­лары қойылады. Көрмеде елі­міздегі өзге 11 ЖОО-ға иннова­циялық жобаларын таныстыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Бас­қосуда бүгінгі ғылымның даму барысы, көкейкесті мәселелері жеке талданады. Ал «Интегра­цияның нәтижесіндегі ғылыми ынтымақтастық» тақырыбы ая­сындағы дөңгелек үстелде отан­дық ғылыми жобаларды өн­діріске енгізу, коммерцияландыру мәсе­лелері ортаға салынбақ. Ғылым – үздіксіз дамитын процесс. Сондықтан әрдайым оның артық-кемін екшеп-текшеп отырған абзал.  – Көшбасшы университеттің ғылымдағы бүгінгі бағыт-бағдары қандай? – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті былтыр шілде айында зерттеу универ­ситеті мәртебесін алды. Осы мәр­тебеге сай, ҚазҰУ негізгі басым­дықты ғылыми-зерттеу саласына бұрды. Таяуда елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Біз негізгі жұмысымызды, оқу-даму бағдарламаларын, ғылыми-зерт­теу ізденістерімізді осы құжатқа сай жүргізіп келеміз. Мәселен, қазір елімізде жоға­ры білім берудің бірыңғай Ор­талық Азия кеңістігін құру жө­ніндегі жұмыс жүріп жатыр. Ор­талық Азия шеңберінде профес­сорлық-оқытушы құрам мен қызметкерлердің тағылымда­ма­ларын, бірлескен ғылыми жо­ба­ларды ұйымдастыру ісі жоспар­лануда. Академиялық және мә­дени тәжірибе алмасу, озық тә­жірибелер мен өзара оқытуды іске асыру мақсатында ЖОО альянсы мен Орталық Азия елдері сту­денттерінің альянсын құру жос­парланып отыр. ШЫҰ және ТМД желілік университеттерінің негі­зінде түркі мемлекеттері кеңесінің желілік университеті құрылады. Бұл түркі елдерінің азаматтарына түркі мемлекеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. 2029 жылға дейін Қазақстан аумағында бе­делді шетелдік жоғары оқу орын­дарының кемінде 12 филиалы мен өкілдіктерін ашу мәселесі пысықталмақ. Осы орайда, ерекше тоқталып өткім келетіні, алдағы уақытта университет ғылымын қолдау мақсатында ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфра­құрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөлінетін болып отыр. Білім ордасы жанындағы ғылы­ми-технологиялық парктерді қол­дау бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарламалық мақсатты қаржыландыру шеңберінде биз­нес-инкубаторлар, иннова­ция­лық орталықтар, технологиялар­ды коммерцияландыру мен транс­ферттеудің өңірлік орта­лық­та­рының, жобалық-конс­трук­­тор­лық бюролардың және ин­фра­құрылымның басқа да эле­мент­терінің жұмыс істеуі ма­ңызды. Бұл үшін университеттер жа­нындағы ғылыми-техноло­гия­лық парктер мен инжини­рингтік орталықтарға қолдау көр­сетіледі. Осынау игілікті іс жү­зеге асатын болса, ұлттық ғы­лым қарыштап дамиды. Мем­ле­кеттік қолдауды сезінген ғалым­дардың зерттеу ісіне құлшынысы артады. Нақты нәтижеге қол жеткіземіз. – Осы айтылған міндеттерді орындауға университеттің ғылы­ми әлеуеті жете ме? – Келер жылы университет 90 жылдығын атап өтеді. Оқу орны­ның іргетасы құрылғалы ҚазҰУ-да елеулі жұмыс жүргізіліп, көп­теген ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылды. Ғылым жолы – «тар жол, тай­ғақ кешу». Ғылым жолын күш-жігері зор, өз армандары мен мақ­саттарына жетемін деген бі­лімді, білікті әрі қайсар адамдар ғана таңдайды. Сондай ғалымдар бүгінде біздің университетте «идеядан – өнімді коммерция­ландыруға дейін» қағидатын іске асырып отыр. Мәселен, «Ғылым қоры» АҚ жобасы аясында университет төмен температурамен және син­тездің қысқа кезеңімен ерек­ше­ленетін, сондай-ақ оларды пай­далануды жеңілдететін еріткішсіз акрилат бояуларының шағын өндірісін іске қосты. Университетте идеяларды ком­мерциялық өнімдер мен қыз­меттерге трансформа­ция­лайтын білікті зерттеушілер үшін барлық жағдай жасалған. – Осы жерде әл-Фарабидың есімін иеленген іргелі оқу орнының ғалымдары ойлап тапқан ғылыми жаңалықтардың біршамасын атап өтсеңіз? – ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркі «Ұлутас плиткаларына жағуға арналған сұйық түрдегі кальций карбо­натынан алынған поликристалды сынғыш ұнтақты тау жыныс­тарының бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын «ТрансНефть» Орталық Азия ғы­лыми-зерттеу және жобалау инс­титутымен бірлесіп жүргізуде. Жобаны іске асыру мақсатында «Инновация плюс» еншілес ком­мерциялық ұйымы құрылды. Ол жаңа құрылыс материалының тиімділігін растай отырып, осы материалды ҚазҰУ ғимарат­та­рының қасбеттеріне қолдану бо­йынша эксперименттік жұмысын бастады. Бүгінде айына 10 000 текше метр көлемінде иннова­циялық құрылыс материалының өндірісі жолға қойылды. Сонымен қатар ҚазҰУ техно­паркі электр қуаты жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арнал­ған қуаты екі және одан да көп кВт/сағ телеметриясы бар мо­бильді автономды гибридті күн энергиясы қондырғысы (МАЭБ) жобасын іске асыруда. Бұл жобаға қазірдің өзінде Қорғаныс ми­нистрлігі, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері және басқа да ұйымдар қызығу­шылық танытуда. Қазақ ұлттық университеті Бүгінде ҚазҰУ-да «Ғылым қоры» гранттары есебінен жоғары технологиялық өнім шығару бойынша 10 шағын сериялы өн­діріс іске қосылды. Олар тартқан инвестициялар көлемі соңғы екі жылда 2 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар биыл ҚазҰУ ғалымы Алина Галеева «Ғылым қорының» тағы бір грантын ұтып алды. Оның жобасы қорғаныс және сәндік жабындарды алу технологияларына бағытталған. Сондай-ақ ғылыми институттар мен ұйымдар арасындағы ин­теграция күшейтілді, өнерта­быстарға 400 патент пен авторлық куәлік алынды. Халықаралық Scopus журналында жариялан­ған қазақстандық ғалымдардың 58 пайызы жыл сайын ҚазҰУ ғалым­дарының үлесінде екенін мақтанышпен айтып кеткім келеді. Бұдан бөлек, студенттік бизнес-инкубатор шеңберінде 70-тен астам студенттік иннова­циялық жоба бар. ҚазҰУ тех­но­паркі базасында әртүрлі фа­куль­теттерден сегіз Start up команда жұмыс істеуде. Тағы да айта кетерлігі, 12 сәуірде «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтетін тех­нологияларды коммерция­лан­дыру реакторына ҚазҰУ-дың үш ғылыми жобасы іріктеліп алынды. Нәтижесінде, ірі бизнес өкілдері қатысатын ауқымды жиында NANOQUQIRT жаңа препаратын өндіру және Қа­зақстан нарығына шығару жо­басының жетекшісі, ҚазҰУ про­фессоры Мұхамбет­қали Бүр­кітбаев, «Жақсартылған сипат­тамалары бар полиэфирлі ша­йырларға негізделген бояу ма­териалдарын алудың жаңа тех­нологиясы» жобасының же­тек­шісі, қауымдастырылған про­фессорымыз Ғалия Ирмұхаме­това, «Жеміс-жидек дақылдарын терең өңдеу үшін мұздату, кептіру процесін пайдалану» жобасының жетекшісі, физика-химиялық талдау әдістері орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD Ербол Ихсанов өз жобаларын таныс­ты­рады. Бұл ғалымдарға өз жо­баларын бизнес-әріптестік ар­қылы одан әрі дамытуға және өндіріске кеңінен енгізуге мүм­кін­дік береді деп күтіп отырмыз. – Университеттің ғылыми қызметіндегі жас ғалымдардың үлесі туралы айтсаңыз... – Бүгінде университет ғы­лымының дамуында жастар ше­шуші рөл атқарып отыр. ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олар ҚазҰУ ғылыми мектептерінің дәстүрін жалғай отырып, ғылым­дағы жаңа бағыттарға жол салуда. Жас зерттеушілердің көпшілігі шетелдік жетекші университеттер мен орталықтарда тағылым­да­мадан өтіп, мол тәжірибе жинақ­таған. Сол себептен жас ғалым­дарымыздың үздік ғылыми жо­балары елімізде ғана емес, шетел­дерде де жоғары бағаланып отыр. Сонымен қатар университетте постдокторанттар, PhD докто­ранттар және жас буын магис­транттардың басын қосқан Жас ғалымдар кеңесі бар. Кеңес ая­сында атқарылатын жұмыстар жас ғалымдардың кәсіби тұрғыда дамуына бағытталған. Ұйым жас зерттеушілерді өзекті ғылыми мәселелерді шешуге және елі­міздегі басым ғылыми бағыттарда зерттеу жүргізуге жұмылдырады. Оның мүшелері жыл сайын өтетін «Әл-Фараби әлемі» халықаралық конференциясы, студенттердің ғылыми-инновациялық жұмы­сының республикалық байқауы сияқты ірі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Кеңес мүшелерінің саны 1 500-ге жуық. Оның құрамына универ­ситет ғылымын алға жылжытуға үлес қосқысы келген кез келген докторант немесе жас ғалым кіре алады. Біз жастарды қолдау мақса­тында дәстүрлі «Үздік жас ғалым» байқауын өткіземіз. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер жас та­лантты ғалымдар үшін тағайын­далған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болады. Осылайша, көптеген жас зерттеу­шілер өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алып, іске асыруда. Болашақта олардың өз қарым-қабілеті арқасында университет пен ел дамуына үлкен үлес қоса­рына сенемін. – Жақында Мемлекет басшы­сының қабылдауында болдыңыз. Осы кездесу жайлы кеңірек айтып берсеңіз. Президент нақты қандай тапсырмалар берді? – Иә, 10 наурыз күні ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың арнайы қабыл­дауында болдым. Кездесуде Мем­лекет басшысына университеттің академиялық, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін баян­дадым. Президент ҚазҰУ-дың халықаралық мәртебесін нығай­тып, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатта былтыр Үкімет Қаулысымен уни­верситеттің 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді. Мемлекет басшысы 2025 жыл­ға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізуді міндеттеп отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым мен жоғары білімді да­мытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жо­басын дайындап, Қоғамдық ке­ңес мүшелері мен сарапшы­лар­дың талқылауынан өткізген бо­латын. Бұл тұжырымдама жоба­сында жоғары білім беру сала­сындағы алдағы жеті жылдағы басым міндеттер ретінде жоғары білімге қолжетімділік, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды да­мыту, интернационалдандыру, корпоративтік басқаруды дамыту, инфрақұрылымды дамыту және ұлттық білім сапасын қамтамасыз ету моделі белгіленген. – Зерттеу университеті ретін­де ҚазҰУ-дың алдағы жоспары қандай? – Мемлекет беріп отырған мүмкіндіктер мен өзіміздің ғы­лыми әлеуетімізді пайдалана отырып, біз алдымызға әлемдік зерттеу университеті деңгейіне жетуді мақсат етіп отырмыз. Зерттеу университеті мәртебесі бізге ғылыми бағыттарды те­реңдетуді талап етеді. Универ­си­тетте студенттер мен жас ғалым­дардың кәсіби бағытын арттыру мақсатында және олардың бо­лашақ мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін бірқатар нақты шаралар қолға алынуда. Бүгінде әр ка­федра мен факультеттің ғылыми жобаларына талдау жасау арқылы экономикалық әсерін анықтап отырмыз. Жобаларды қалалар мен жалпы елдегі белгілі бір проблемалық мәселелерді ше­шуге тікелей байланысты өзекті тақырыптар бойынша бөлу ма­ңызды. Коммерцияландыруға әле­уетті ғылыми жобалар эконо­ми­каның нақты секторына жұ­мыс істеуі керек. Жобалардың тақырыбын мемлекеттік бағдар­ламаларға назар аудара отырып, өндірістік сектормен байланыс орнату арқылы таңдауға басым­дық бердік. Университеттегі барлық ғы­лыми жобаларды саралап, өнді­ріске қажеттілерін іріктеп, ком­мерцияландыру тетіктерін же­тілдіру үшін ҚазҰУ жанынан «Ғы­лымды дамыту кеңесі» жасақ­талуда. Бұған қоса, алдағы уақыт­та ғалымдарымызға қолдау көр­сету, университет ғылымын іл­ге­рілету және дамыту мақсатында «Ғылыми инновациялық бел­деу» құруды көздеп отырмыз. Бүгінде жас ғалымдардың, талантты студенттердің шығар­машылық, ғылыми әлеуетін да­мытуда университет барлық қа­жетті жағдайды жасауда. Жас ға­лымдармен еркін форматта кез­десіп, ғылымдағы өзекті мәсе­лелерді талқылап, жаңа ұсыныс-идеяларды саралап отыру үшін «Жас ғалымдар клубы» мен ғы­лыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын «Жас ғалым­дар қоры» құрылмақ. – Алдағы уақытта жас ғалым­дарға қандай әлеуметтік жағдайлар жасалады? – Қазір білім ордасының 2000-ға жуық оқытушылары мен қызметкерлері тұрғын үйге мұқ­таж. Олардың арасында жас ға­лымдар да бар. Бұл жағдай кадр­лық әлеуетті және жалпы білім беру сапасын арттыруға әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтуіміз керек. Осы факторды ескере отырып, жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды да көздеп отырмыз. ҚазҰУ қа­лашығы құрылысының ІІ кезеңін қолға алуды қарастырып отыр­ғанымызды білесіздер. ҚазҰУ қалашығын жаңғырту жоспары­ның ауқымы өте үлкен. Осы жос­пар аясында оқу корпустары, қызметтік тұрғын үйлер мен жа­тақханалар салынады. ҚазҰУ еліміздегі іргелі, көш­басшы оқу орны ретінде әлемге танымал. Бүгінде оқу ордасында 27 мың студент білім алып жатыр. Шәкірттеріміздің алаңсыз білім алып, маман болып шығуы үшін талапқа сай жатақханамен қам­тамасыз ету мәселесі де алғашқы кезектегі күн тәртібінде тұр. Кезінде заңсыз жекешелен­діріліп кеткен жер учаскелері уни­верситетке қайтарылды. Уни­верситет кампусын жаңғыртудың ІІ кезеңінде бұл жерлер де тиімді игерілетін болады. – Сұхбатыңызға рақмет!