Солтүстік Қазақстан облысының орталығында пәтер иелері копперативтерінен мүлік иелері бірлестіктеріне көшу қарқыны тым төмен. Петропавл қаласында бір мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның тек отыз пайыздан сәл астамы ғана үйді басқарудың жаңа формасына ауысқан. Неге? Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысында ашықтық жоқ әрі тиімсіз болғандықтан оларды таратып, орнына мүлік иелері бірлестіктерін, ал кішігірім үйлер үшін – қарапайым серіктестік құру керек екені туралы әңгіме 2019 жылдан бері айтылып келе жатыр. Сол жылдың желтоқсанында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Президент 2020 жылғы Жолдауында осы реформаның маңыздылығына тоқталған болатын. Талап бойынша, жаңа құрылымдар былтыр 1 шілдеде құрылып бітуі тиіс еді. Алайда бұл шаруаның «ауы мен бауы» көп болғандықтан әрі жұмыс тым сылбыр жүргізілгендіктен, кейін осы мерзім биылғы 1 шілдеге дейін шегерілді. Бірақ МИБ-тер әлі күнге дейін өріс ала алмай келеді. Мәселен, Петропавлда мүлік иелері кооперативін немесе қарапайым серіктестік құруға тиіс 1 073 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның тек 367-сінде ғана МИБ тіркелген. Үйді басқарудың жаңа формасына көшуді аяқтауға небары үш-ақ ай қалғанына қарамастан, көрсеткіш – 30 пайыздан асар-аспас. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 1 837 көппәтерлі үй бар болса, соның ішінде 1 545-і басқарудың жаңа нысанына көшуге жатады. Ал қалғандары – коммуналдық, апаттық жағдайдағы немесе шағын габаритті үйлер. 1 шілдеден кейін пәтер иелері кооперативтері өз жұмысын тоқтатуы тиіс. Алайда Петропавлда бұл жұмыс өте баяу жүргізілуде. Неліктен? Ұлттық құрылтайдың және Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» жекеменшік мекемесінің директоры, тұрғын үй саласындағы қарым-қатынастардың жілігін шағып, майын ішкен маман Сергей Худяков бұл ретте ең алдымен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының сылбырлығы себеп деп есептейді.
«Сондай-ақ жергілікті әкімдік тұрғындармен жұмыс істеудің орнына МИБ және ҚС құру бойынша ойдан шығарылған есеп берумен шектелді. Әрі кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұл басқару формасы туралы теріс ақпарат таратты. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жаңашылдықты жалпы қабылдамаушылық байқалады», – дейді Сергей Герольдович.Сондай-ақ өңірдің Ресеймен шекаралас орналасқаны да біршама қиындық туғызып отырған көрінеді. Өйткені көптеген пәтерлердің иелері жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатпай, өздері көрші елде тұрып жатыр. Ал Петропавлдағы баспанасын жалға берген. Меншік иелерін іздеп тауып, басқарудың жаңа тұрпатына көшуге шақыру – көп уақыт пен күш-жігер қажет ететін өте күрделі іс. Кейбір тұрғындар МИБ құрудағы қағазбастылықтан қажыған көрінеді. Бірқатары ортақ үйді күтіп ұстауға аса қызығушылық пен белсенділік таныта қоймайды.
Қалалықтардың көпшілігі МИБ құрғаннан кейін оның төлемақысы қымбаттап кете ме деп алаңдаулы. Бұл орайда облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар кондоминиум нысанының бір шаршы метрі үшін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналарының мөлшерін бірлестік мүшелері, яғни тұрғындар бірлескен жиындарда айқындап, бекітеді деп түсіндірді. «Сонымен қатар жалпы шешім бойынша шаршы метр үшін төлем мөлшерін қайта қарауға мүмкіндік бар. Шаршы метр үшін төлемнің орташа мөлшері облыста 40 теңгені құрайды. Сондай-ақ жиындарда тұрғындардың өздері барлық қызметкерлерге жалақы және басқа да шығындарды белгілейді. Қаражат жетіспеген жағдайда тұрғындар тарифті көтеру туралы шешім қабылдай алады», – деп түсіндірді әкімдіктегілер.ТҰРҒЫНДАР ЕНЖАР
Қалалық әкімдік өкілдері болса, бұл орайда тұрғындардың өздері кінәлі деп есептейді. «Мүлік иелері бірлестіктерін құруға негізінен мынадай себептер кедергі келтіріп отыр: біріншіден, пәтер иелерінің жалпы жиналыстарға қатысуда белсенділік танытпауы және дауыс беруден, жазбаша сауалнамаларға қатысудан бас тартуы. Екіншіден, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары басқарудың жаңа нысанына көшуге аса қызығушылық танытпайды. Үшіншіден, ортақ мүлікті ұстау мәселелерімен айналысуға қабілетті әрі соған дайын бастамашыл, жауапты және құзыреті жеткілікті адамдардың жоқтығы себеп», – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.Шаһар басшысы Руслан Аңбаев тұрғындармен кездесу барысында МИБ құрудың маңыздылығына баса назар аударып, бұл жұмысты жеделдету қажеттігін еске салуда.
«МИБ пен ҚС-тің артықшылықтарын тұрғындар жақсы біледі. Бұл құрылымдар тек бір көппәтерлі үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайдың иелерін біріктіреді. Онда бөгде адам жоқ: барлық шешімдерді тұрғындардың өздері қабылдайды, ал төраға сол үйдің тұрғындары арасынан сайланады. Бұрын пәтер иелері кооперативтері бірнеше үйді біріктіретін және ортақ бір ғана есепшот болатын әрі қаржыны пайдалануда еш ашықтық жоқ еді. Ал МИБ пен ҚС құрылған жағдайда бір үйге бір шот ашылады әрі оны меншік иелері өздері басқарады. Сонымен қатар жаңа түзетулерге сәйкес, есеп беру мерзімі өзгертілді: егер бұрын тоқсан сайын есеп берілсе, енді ай сайын. Осының барлығы тұрғындарға үй кеңесі мен тексеру комиссиясы арқылы өз үйлерін басқаруға, яғни шығындарын жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік береді», – деді қала әкімі Руслан Аңбаев қала тұрғындарымен кездесу барысында.«Жаңа өмір бастамаған» үйлердің аулаларына биылдан бастап балалар алаңы, спорттық тренажерлар да орнатылмайды. Себебі ПИК-тер 1 шілдеден бастап жұмысын тоқтататындықтан, олар тек мүлік иелері бірлестіктеріне немесе қарапайым серіктестіктерге сенімгерлік басқаруға берілетін болады. Әрі мұндай өтініштер тек МИБ төрағаларынан ғана қабылданады. Жалпы, биыл Петропавлдағы көпқабатты үйлердің аулаларына балалардың 20 ойын алаңы және 30 тренажер кешені орнату жоспарда бар.
«Бұл жұмыс мүлік иелері бірлестіктерінің және тұрғындардың қатаң бақылауымен жүзеге асырылады. Кейін МИБ төрағалары жұмысты қабылдап, сенімгерлік басқаруға алады. Қалалықтар да, төрағалар да ортақ мүліктің бүлінбеуі үшін жауапкершілік танытқаны абзал», – деді қала әкімі.Сондай-ақ ол МИБ құру міндетті екенін, басқа амал жоқтығын еске салды.
Солтүстік Қазақстан облысы