Асхат Жұмағали: 53 басшының жемқорлық әрекетін әшкереледік
Асхат Жұмағали: 53 басшының жемқорлық әрекетін әшкереледік
Фото: akorda.kz
425
оқылды
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Асхат Жұмағали Президентке еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде есеп берді. Атап айтқанда, бірінші тоқсанда 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 400-ден аса адамның жемқорлық әрекеті әшкереленді. Оның 53-і әртүрлі деңгейдегі басшылар. Асхат Жұмағалидың айтуынша, биыл 23 қаңтардан бастап шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған. Жоба аясында шамамен 7 мың кәсіпкер көмек алып үлгерді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына жемқорлыққа жол бермеу үшін қабылданып жатқан алдын алу және сақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді. Осы ретте биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын қатерлерді жоюға қатысты 769 ұсыным мен ұсыныс енгізді. Президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды.