ЕҰУ-да XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің карталар галереясы ашылды

ЕҰУ-да XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің карталар галереясы ашылды

ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының галереясы ашылды. ЕҰУ Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижелері қалың көпшілікке ұсынылды.  Галереяда XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының 100 көшірмесі ұсынылған. Оның ашылу салтанатына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, ғылыми қауымдастық өкілдері және студенттер қатысты. Іс-шараның ашылуы барысында ЕҰУ ректоры университет ғылым мен білімнің орталығы, бүкіл қала үшін ашық ғылыми-білім беру кеңістігі екенін атап өтті. Оқу орданың профессор-оқытушылар құрамы ғана емес, сондай-ақ елорданың жас ғалымдары мен оқушылары да ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерімен таныса алады. «Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы біздің ғалымның атқарған жұмысына жоғары баға беріп, еліміздің өңірлерінде және шетелде жұртшылық ғылыми ізденістердің қорытындыларымен таныса алатын арнайы көрмелер ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Бүгін ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында біздің университетте XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталарының ең үлкен галереясы ашылды. Қазақстанның оқу орындарында XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің көне карталарының мұндай галереялары тарихы терең мемлекет ретінде үздіксіз мемлекеттілік туралы білімді нығайтуға септігін тигізеді», деді ректор. Галереяның ашылуы аясында «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ мемлекеті. Атлас» кітабының авторы дәріс өткізді. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттерге өзінің көп жылғы еңбегі туралы айтып берді. ЕҰУ ғалымы 17 жылдан астам Еуропаның ұлттық және корольдік мұрағаттарында, кітапханалары мен мұражайларында, картографиялық орталықтарда және АҚШ кітапханаларында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кітап-атласқа табылған 1 500 көне картаның 130-ы енгізілген. Жинақ 3 тілде дайындалып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де таныстырылған.

«Бүгінде Қазақ мемлекетінің ең ерте картасы 1540 жыл деп белгіленген. Ол Швейцарияның Базель қаласында табылды. Жалпы, бүгін ашылған  XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің картасы галерея білім берудің барлық деңгейіндегі студенттерге әр салада жаңа құзіреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл түрлі ғылыми және білім беру пәндері аясында Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі туралы білімді нығайтуға, патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етіп, елдің саяси және мәдени брендін қалыптастыруға ықпал етед. 12 сәуірде Брюссельдегі Еуропарламентте алғаш рет «XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі Еуропа және Америка карталарының галереясы» таныстырылады.  Бұл – тарихи оқиға», деп атап өтті  ЕҰУ профессоры.
Табылған және зерттелген карталар мен деректер 2022 жылы Қазақстан тарихының жаңа іргелі 5 томдық басылымына енген. Онда ЕҰУ профессоры Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарына байланысты екі авторлық бөлімді дайындады.