Ел экономикасының күретамыры Атырауда «Atyrau Oil&Gas–2023» халықаралық форумы өтті. Халықаралық көрме аясында Аустрия, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Қазақстан, Қытай, Нидерланды, БАӘ, Ресей және Түркиядан келген 86 компания өз өндірісі мен ресми дистрибьюция өнімдерін ұсынды. Атап өтерлігі, көрмеге қатысқан компаниялардың 58-і қазақстандық болса, оның 18-і – Атырауда жұмыс істейтін компаниялар. Сарапшылар мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараның отандық экономиканың, өндіріс секторының дамуына айрықша серпін беретінін айтады. Себебі халықаралық көрме – өндірістік компаниялардың өз өнімдерін ұсыну алаңын үлкейтіп, жаңа іскерлік қатынастар орнатуға және жаңа нарыққа шығу үшін берілген мүмкіндік. Халықаралық көрмеге қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов көрме ғаламдық индустрияның өңірлік оқиғасы екенін атап өтті. «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», «Каспий Құбыр Консорциумы» және Qazaqgaz сияқты ірі компаниялардың көрме алаңындағы аумақтарын аралаған облыс басшысы Серік Шапкенов Атырау облысында өткен шараның баламасы жоқ екенін айтты. «Атырау облысында еліміздің өнеркәсіптік өндірісі көлеміндегі үлесі шамамен 24 пайызын құрайтын және соның ішінде 30 пайыздан астамы шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын 600-ден астам орта және ірі кәсіпорын жұмыс істейді. «Atyrau Oil&Gas–2023» халықаралық форумы – еліміздің мұнай-газ саласы мен экономикасы ауқымындағы негізгі және стратегиялық маңызды болып табылатын Атырау облысындағы жалғыз және баламасы жоқ іс-шара. Қазірдің өзінде көрмеге алғаш рет 34 компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Компаниялардың басым бөлігі халықаралық көрмеге қатысу олардың одан әрі дамуы үшін қажетті инвестиция екендігін айтып отыр», – деп атап өтті облыс әкімі Серік Шапкенов. Атап өтерлігі, Атырау қаласы – әлем мемлекеттерінің 18 мұнай астанасы кіретін Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігінің мүшесі (WECP, The World Energy Cities Partnership). Nijhuis Water Technology компаниялар тобының директоры Эмиль Хостер – халықаралық көрмеге алғаш рет қатысып отырған кәсіпорын басшысы. Бұл компанияға ерекше тоқталуымыздың себебі де жоқ емес. Себебі бұл компания көрмеде тұрмыстық қалдықты басқарудың оң шешімдерін ұсынды. «Біздің компания өнеркәсіптік ағынды суларды, қабат суын тазартумен айналысады. Біз мұнай-газ саласы үшін барлық қажетті шешімді ұсынамыз. Мен Қазақстанда серіктестер табатынымызға сенімдімін, өйткені қазір қалдықтарды кәдеге жарату және суды тазарту мәселесі өңірдегі ірі кәсіпорындардың кен орындары мен өндірісінде өзекті болып отыр. Бізде қалдықтарды басқарудың әр бағыты үшін дайын шешімдер бар. Осы алаңның арқасында біз жаңа нарыққа шығамыз», – дейді Nijhuis Water Technology компаниялар тобының директоры Эмиль Хостер. Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбеймесе, азаймағаны белгілі. Сол қоқыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Осы ретте, әлемдік нарықты оң тәжірибелерімен мойындатып отырған ірі компаниялардың Қазақстанмен серіктестік орнату – мүмкіндігін талқылауының өзі қажетті қадам. Халықаралық көрме аясында келушілер үшін көрме павильоны және көше экспозициясы бойынша таныстыру турлары ұйымдастырылды. Көрме қонақтарының қатарында ірі мұнай сервисі, мұнай-газ өндіруші компаниялардың топ-басшылары мен мамандары және құрылыс секторының өндірушілері болды. Ауқымды экспозициядан басқа ұйымдастырушылар қызықты іскерлік бағдарламалар дайындалды. Күннің бірінші жартысында «Каспий Құбыр Консорциумы-К» баспасөз конференциясын өткізді. «Теңізшевройл» компаниясы өндіріс саласында қазақстандық мазмұнды дамыту тақырыбын көтерді. Қазақстанның «нөлдік жарақаттануға» бағытталғандығын ескере отырып, Hikvision Kazakhstan компаниясы мұнай-газ саласындағы персоналды, мүлікті және өндірістік процестерді қорғау тақырыбын қозғады. Мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңес Petrocouncil.kz Атырау облысында мұнай-газ саласын дамыту мәселелері бойынша инвестициялық сессия өткізді. Сарапшылар одан әрі өсудің перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ көрме көптеген компаниялардың тиімді келісімшарттар жасасуына мүмкіндік берді. Еске сала кетсек, Атырау облысының аумағында Қазақстанның негізгі кен орындары орналасқан. Айталық, «Қашаған» – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан алып кен орны. Кен орнындағы мұнайдың геологиялық қорлары шамамен мұнайдың 4,5 миллиард тоннасына бағаланады. Теңіз кен орны – Атырау қаласының оңтүстік-шығысынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңіз кеніші – әлемдегі ең терең мұнай кен орны.
Атырау облысы