Куәгерлер базардан табылған адамның басын тастап кеткен күдіктіні көргенін айтты
Куәгерлер базардан табылған адамның басын тастап кеткен күдіктіні көргенін айтты
Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот
5,283
оқылды
Алматыда адамның басы салынған пакетті базарға тастап кеткен. Шұжық дүкенінің сатушылары затын ұмытты екен деп, ер адамның соңынан сыртқа шықса, ол ізім-ғайым жоқ болған. Бұл туралы Aikyn.kz сайты "КТК"  арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Телеарнаның дерегінше, пакеттің ішіндегі басты көрген саудагерлер бірден полиция шақыртқан. Ал марқұмның денесі басқа жерден табылды. Тәртіп сақшылары өлген әйелдің кім екенін анықтады. Алдияр Әбиболла күдіктіні өз көзімен көрген куәгердің бірі. Саудагер Алдияр Әбиболла: «Осы жерде жүрді. Күдікті... көзілдірік киіп алған, бетперде таққан. Аспанкөк түсті курткамен ары-бері жүрген еді. Пакетті ол біздің көрші дүкеннің ішіне тастады. Кейін ол күзетшіні шақырды. Сыртта тексеріп ашып қараса адамның басы...», – дейді. Күдікті қолындағы пакетті шамамен 12-нің шамасында мына шұжық сататын дүкенге тастапты. Оған дейін базар ішін арлы-берлі 3-4 рет айналып жүрген көрінеді. Сатушы пакетті ашқанда ішіндегі басты көріп, шалқасынан түсе жаздаған. Сол күні базар жанындағы саябақ маңындағы қараусыз қалған ғимарат жанынан таңғы сағат 9 шамасында әйелдің мәйіті табылған. Жеке басы анықталды. 1976 жылы туған әйел бұрын бірнеше рет сотталған.
Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған.  Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен әйелдің басы табылды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша,  Түрксіб аудандық  Полиция басқармасымен Қылмыстық кодекстің  99-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр», – деді.
Базарда бас салынған пакетпен емін-еркін жүрген күдікті  қолға түспеді. «Оның жеке басын анықтадық...» деген полиция күдікті туралы ақпарат таратпады.