«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы өз жұмысын жалғастыруда
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы өз жұмысын жалғастыруда
1,146
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында ерекше жандар үшін қала нысандарының қолжетімділігін тексеру мақсатында рейд жүргізді. Абай облыстық мәслихат депутаты Эльзира Жүнісова, қалалық мәслихат депутаты Шолпан Молдағалиева, «AMANAT» партиясы  облыстық филиалының саяси бөлім меңгерушісі Жанна Үйсімбаева, қоғам белсендісі Руслан Ерембаев, кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, аймақ орталығының мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайымен танысты. Мониторинг  тобы  «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары мен қызмет көрсету орталықтарын бейімдеу және ерекше жандар үшін инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі жұмысты жүргізді. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында біз  үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қала нысандарының қаншалықты қолжетімді екеніне мониторинг жүргіздік. Басты мақсатымыз – ерекше адамдарға қолайлы ортаның қалыптасу деңгейін анықтау. Мониторинг барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автотұрақ, пандус, қызметкерлерді шақыру қоңырауы, бағыттаушы тактильді сары жолақтар, брайль әріптерімен жазылған тактильді ақпараттық тақташа, бағыттаушы белгілер, арнайы дәретхана болуы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деді облыстық мәслихат депутаты Эльзира Әуесханқызы. Сонымен қатар мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін касса, құжат тапсыру бұрышы секілді орындардың барлығы бекітілген талаптарға сәйкес болуы түсіндірілді. Бүгінгі жұмыстың нәтижесінде мекеме басшыларына ескертулер жасалды. Олардың олқылықтарды тез арада ретке келтіруін мониторинг  топ қадағалайды. Семей қаласының 53 нысанына, атап айтқанда 9 медициналық мекеме, 29 білім беру орталығы, 15 басқа да әлеуметтік нысан, оның ішінде 32 сайлау учаскесіне мониторинг жүргізілді. Партиялық жоба аясында Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығымен ынтымақтастық орнатылды. Бірлесе келе «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша ерекше жандарды жұмысқа тұрғызылуы қолға алынбақ, деді облыстық филиалдың саяси бөлімінің кеңесшісі Саят Қайрқанов. Кедергісіз келешек Айта кетейік, Абай облысы бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламаcында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қамқорлыққа алу қамтылып, олардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. «Семейде 150 орындық ерекше жандар үшін оңалту орталығын салуды бюджеттен қарастырамыз. Әсіресе, Семей және Аягөз қалаларында ерекше  балаларға арналған 2 оңалту орталығын ашпақпыз. Соның арқасында әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеуді 100%-ға жеткіземіз. Алдағы уақытта психологиялық-педагогикалық түзетудің 2 кабинетін ашып, кемінде 1 871 ерекше балаға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде  жағдай жасалмақ. Нәтижесінде, аймақта ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін жайлы және достық орта орнап, оңалту және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілмек, делінген аймақтық сайлауалды бағдарламада. Барлық шаралар ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамдық ортада қолайсыздықты сезінбеуі үшін жасалынбақ.