35 жасқа дейінгі азаматтар өз мүмкіндігін пайдаланып, 5 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады
35 жасқа дейінгі азаматтар өз мүмкіндігін пайдаланып, 5 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады
1,030
оқылды
35 жасқа дейінгі азаматтар өз мүмкіндігін пайдаланып, 5 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Бұл туралы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасып, оларға арналған  жеңілдетілген  шағын несие беріледі деп атап өткен болатын. Тапсырмаға сәйкес, осы  жылдың наурыз айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға арналған 2,5%-дық несиеге өтініштерді қабылдауды бастады. Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу, бизнесті бастау, оны кеңейту   мақсатында беріледі. Бұл –  жаңадан кәсіп ашып, өрге домалатамын, қолда бар кәсіпті әрі қарай дамытамын деген жастарға таптырмас мүмкіндік. Қазіргі Қазақстан жастары жалданып жұмыс істеп, тәуелді болуға қарағанда, еркін кәсіппен айналысқанды қалайды десем, қателеспеймін. Олардың тың идеялары мен жаңа бастамаларын қолдауда мемлекет өз тарапынан шағын несиені ұсынды»,–  деп тоқталып өтті Нұржан Жетпісбаев. Кредиттеу мерзімі  мал шаруашылығына –  7 жыл, өзге кез келген мақсат үшін –  5 жыл, сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. «Шағын несие алуға ынталымын десеңіз, керекті құжаттар тізімін дайындап,  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне тапсыра аласыз. Содан кейін корпорация  құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар шарттарға сай болмаса, кері қайтарылатынын да ескерген жөн. Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес-жобаға бағалау жүргізіледі. Бизнес-жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді. Конкурстық комиссияның отырысы бизнес жобаларды іріктеу бойынша айына ең кемі бір рет өткізіледі. Үздік деп танылған бизнес-жоба иелері Аграрлық несие корпорациясымен, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен  шағын несие беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды. Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына несиенің сомасын аударады»,–  дейді ол. Сондай-ақ  Жастар қанатының төрағасы өз замандастарын уақытты жоғалтпай, берілген мүмкіндікті пайдалануға шақырды. Шағын несие жайында  толық ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан білуге болады. Ал  қосымша мәліметтер «Жастар рухы» Жастар қанатының әлеуметтік желілерінде жарияланып отырады.