Кейінгі екі-үш айда жасөспірімдер арасында төбелес, бір-біріне жәбір көрсету жиілеп кетті.
Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облысында болған оқиғалар қоғамды бей-жай қалдырмады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы облысында қайтыс болған екі оқушының отбасына көңіл айтты. Бұл туралы министр Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр. Балалардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Бір өкініштісі, жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жантүршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге – педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналар – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», – деді министр.
Ол білім басқармалары, аумақтық департаменттер, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Тәрбие жұмысы және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырма берді. Сондай-ақ балаларды қорғау үшін әр өңірде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істейтінін де айтты.
Балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істеп тұр.