Мемлекет басшысы реформаларының негізгі бөлігі халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге, білім беруді дамытуға, тұрғын үй мәселесін шешуге, жастарға барынша қолдау көрсетуге бағытталған.
Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – Президент реформаларының басты бағыты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының негізгі мақсаты Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру. Ал жаңа экономикалық бағыттың негізгі басымдықтары ретінде жеке кәсіпкерлікті ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан бас тарту, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу сынды әрекеттерді атаған болатын. Осылайша, Мемлекет басшысының реформалары «Әділетті Қазақстан» құру принципіне негізделген.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бүгінде мемлекет алдында елді жаңғырту қарқынын жеделдету және әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен серпіліс жасау міндеті тұр.

 

«Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.

 

Әлеуметтік-экономикалық реформалар аясында шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр.  Қаржылық қолдау көрсету кезінде мемлекет бәсекелестік негізді ескере отырып, бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерлікке басымдық береді. Осы ретте Президент Ұлттық банкке, Қаржылық реттеу агенттігіне және Үкіметке аталған секторды тұрақты және қолжетімді несиелеуді қамтамасыз ету бойынша шешімдерді әзірлеуді тапсырды. Осылайша тиісті рәсімдерді жедел әрі ашық жүргізу арқылы кәсіпкерлерді қолдауды жеңілдету көзделіп отыр.

 

Сондай-ақ халықтың күнкөріс деңгейін жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Президенттің ұсынысы бойынша қабылданған өзгерістер аясында ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде 1,8 млн азамат қамтылмақ.

 

Ендігі кезекте базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар бұрын қабылданған шешімдермен бірлесіп 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27%-ға арттыруға көмектеседі. Ал 2024 жылдан бастап жас салымшыларды зейнетақымен қамсыздандырудың шартты-жинақтаушы жүйесін қалыптастыру үшін жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі.

 

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімі бір жарым жылға дейін ұлғайтылады (бұрын 1 жыл болған). Ал әлеуметтік сақтандыруға қаражат аударғандарға жұмысынан айырылған жағдайда берілетін төлем орташа айлық табыстың 45%-ін құрайтын болады.  Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Осының бәрі қарапайым халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар.

 

Реформалар аясындағы тағы бір ерекше жаңалық – «Ұлттық қор – балаларға» ұлттық бағдарламасының іске қосылуы. Енді келесі жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына аударылады. Елдің әрбір азаматы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады. Жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады.

 

Сонымен қатар жылдық мөлшерлемесі 2-3% болатын білім алуға арналған жеңілдетілген несие беру, жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-тік жеңілдетілген шағын несиелеу бағдарламалары іске қосылды. Осылайша NEET санатындағы жастардың санын азайтып, олардың қоғамда өз орнын табуы үшін жағдай жасалмақ.

 

Мемлекет басшысы көші-қон саясаты, ең алдымен, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар саласында сұранысқа ие, жоғары білікті кадрлар тапшылығын азайтуға бағытталуы тиіс екенін айтқан болатын. Осыған байланысты түрлі жеңілдіктер енгізіп, тұруға рұқсат алу құқығы мен виза беру біршама оңтайландырылмақ. Ал Қазақстан экономикасына 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер он жылдық виза мен тұруға рұқсат алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл да өз кезегінде ел экономикасының дамуына ықпал етпек.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай оң өзгерістерге бастайтын ауқымды реформаларды іс жүзінде жүргізіп келеді. Қазақстан әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика қағидаттарының икемді үйлесімі, экономиканы басқару тетіктерінің тепе-теңдігін сақтау және бизнес пен экономикалық субъектілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағыты бойынша біртіндеп ілгерілеп келеді. Мемлекет неғұрлым әлеуметтік-экономикалық бағытта көп күш жұмсап, дамуға жол бастайтын реформаларды жүзеге асырған сайын ондағы адами капиталдың көрсеткіші де жоғарылай түседі.