Жиынға қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, тиісті басқарма мамандары, қоғамдық кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев бастаған партиялықтар, кеңес мүшелері қатысты. Отырыста биылғы жылдық жоспарға сәйкес Жол картасының орындалуы бойынша Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Білім беру басқармасы өкілдерінің есебі тыңдалды.
Айта кетейік, партия алдағы бес жылда тұрғындарды бұқаралық спортқа жаппай жұмылдыруды мақсат етіп отыр. Басқарма есебі бойынша, бүгінде қала тұрғындарының 43 пайызы жүйелі бұқаралық спортпен шұғылданады. Көрсеткішті ұлғайту үшін спорт нысандары салынуда. Барлығы партия бақылауында.
Білім саласында да қордаланған мәселе жетерлік. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, қаладағы үш ауысымды мектептер түбегейлі жойылып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 25 мектептің құрылысы сапасына партиялық бақылау орнатылған. Сондай-ақ күні кеше жаратылыстану-математика бағытында Республикалық олимпиадаға келген оқушылардың уланғаны, №33 орта мектеп мұғалімінің туберкулездің ашық түріне шалдыққанына қарамастан бірнеше сыныпқа сабақ бергені қоғамдық кеңес отырысында қозғалды.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ