Қазіргі кезде күн сайын қар күреу жұмысына 2,2 мыңнан астам жол жұмысшы, мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Дегенмен қар күреу жұмысына жол жиектерінде қалған немесе кірме жолдардың жанында ретсіз тұрған машиналар секілді кедергі келтіретін себептер де жоқ емес. Бұл арнайы техниканың учаскелерден өтуіне және тазалауына қиындық туғызып отыр. «Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біз қаланың қарын мүмкіндігінше тезірек тазарту үшін күшейтілген режимде жұмыс істейміз.
Осы тұста сіздер көліктеріңізді жол жиегіне қалдырмауыңызды, көліктерді дұрыс емес орындарға қоймауыңызды, өзгелердің жолын бөгемеуіңізді сұраймыз, өйткені осы себепті арнайы техника бұл учаскелерді емін-еркін тазалай алмайды. Мұның бәрі қар күреу жұмысын қиындатады және істі баяулатады», – дейді коммуналдық қызмет мамандары.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша айлық норма 22 мм болса, Астанада соңғы бірнеше күнде ғана 37,6 мм қар жауыпты. 17 сәуірге қараған түні елордадан 23 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл 1600-ден астам немесе 1671 қар жүк көлігі деген сөз. Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға 4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды, яғни 318 мыңнан астам рейс жасалды. Соңғы үш күннің өзінде ғана қаладан 71 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 5,5 мыңнан астам жүк көлігінің рейсіне тең. Сол себепті қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуге жұмылдырылып отыр. Күшейтілген режимнің арқасында ауа райының нашарлауына байланысты туындаған қаладағы көлік қозғалысының қарқындылығы төмендеді. Десе де, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілер мен жолаушылар өте мұқият болып, қауіпсіз қашықтықты сақтауы қажет.
Тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан коммуналдық қызмет қала тұрғындарына әлі де болса тазалау жұмысына түсіністік танытып, кедергі келтірмеулерін сұрайды. Сонымен бірге көктайғақ кезінде қозғалыс ережесін сақтауға, жүргізушілерді жолда мұқият болуға және қауіпсіз ара қашықтықты сақтауға шақырады.