Ал жүргізушілер шетелдік қосымшалардың көп комиссия ұстайтынына кінәлі емеспіз дейді. Осындайда «Неге отандық такси қосымшасы жоқ?» деген ой да келді. Сөйтсек, 10 жылдан бері нарықта қызмет етіп жүрген отандық Аparu такси бар екен. Бағасы арзан, қызметі тиімді отандық платформаның артықшылықтары жайлы Аparu-дың негізін қалаушы Ерлан Шаяхметовтан сұрадық.
– Аparu такси қызметінің нарықта қолданысқа енгеніне 10 жылдан асыпты. Бұл қосымшаны жасау туралы ой қашан және қалай келді?
– 1991 жылы Өскемен құрылыс институтын бітірдім. Бұл Кеңес үкіметінің тарап жатқан кезі еді. Жоғары оқу орындарын бітірген студенттерді ештеңеге міндеттемеді. Сондықтан мен кәсіпкерлік жолды таңдадым. 1995-1996 жылы табыс табу үшін не істейміз деп ұзақ ойландық. Осылайша, диспетчерлік компания аштық. Ол кезде бүкіл Қазақстанда, ТМД елдерінде диспетчерлік орталық атымен жоқ еді. Біз бірінші болып осындай орталық ашыппыз. Бірақ патент дегеннің не екенін білмедік. Кеңес үкіметінен қалған таксопарктер тарап, жүргізушілер жұмыссыз қалып жатты. Зауыттар жабылып, экономикалық дағдарыс басталған уақыт еді. Жұмыссыз қалған, көлігі бар азаматтар көшеге шығып, адам тасымалдап кетті. Сол кезде көлік жүргізушілерді ұйымдастыру туралы ой келді. Салаға зерттеу жасап, бірден іске кірісіп кеттік. Си-Би байланыстан 10 рация сатып алдық. Ол арқылы Америкамен де, Аустралиямен де сөйлесуге болатын. Мен осы Си-Би байланысты зерттедім. Таксопарктың жүйесімен жұмыс істеуге болар еді. Бірақ оның лицензиясын алу қиын болатын. Сондықтан Си-Би байланыстың рацияларын әкеліп, Өскемендік такси жүргізушілердің қолына ұстаттым. Сынақтан өткізіп те көрдік. Байланыс қаланың барлық жерінде жақсы ұстап тұрды. Осылайша, жарнама жасадық. 1-2 тапсырыстан бастап, күн сайын тапсырыс арта берді. 1-2 айдың ішінде бұл кәсіпке салған ақшамызды да қайтарып алдық. Кейін бұл қызметтің жүйесін Қазақстанның басқа облыстары да бізден көріп, өз қалаларында қолданды. Өскеменде де осындай дистпечерлік компаниялар қаптап кетті. Жарты жылда 40-50 такси орталық пайда болды. Біздің диспетчерлік компаниямыздың аты «Наша такси», «Арба» деп аталды. Ал Аparu такси қызметін жасау туралы ой 2009 жылы келді. 2010 жылы бақылау жасадық. Ол кезде интернет енді дамып жатқан. Аparu таксиді заң бойынша тіркеп, патентін де бірден жасап алдық. IT мамандарын тауып, оларға техникалық тапсырма бердім. Әрине, ең алдымен, такси қызметінің нарығын егжей-тегжейлі зерттеп алдым. Уақыт өте келе диспетчерлік қызметтер көбейді, адамдар нөмірлерді есте сақтап, содан кейін такси іздеп, қоңырау шалуға мәжбүр болды. 2011 жылы тамызда Аparu таксидің қызметі іске қосылды, бірақ қосымша кейінірек, 2015 жылы қолданысқа енді. Ол кезде бір тапсырыстан компанияның алатын сомасы 5 теңге, кейін 10 теңге болды. Қазір 12 жылдан кейін 50 теңге ғана. Бұл басында адам жинап, одан кейін қымбаттата салатын науқан емес. Барынша ауқымды жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ал басқа аймақтардың нарығына шыға алмай жүргенімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, компанияның қаражаты көп емес. Екіншіден, біздің елімізде венчурлық қорлармен жұмыс істеу жағы заңмен реттелмеген. Инвесторлар тарту жағы қиын. Ал Uber, Get такси қызметтері 2011 жылы енді ғана нарыққа шығып жатқан. Оларды біз білмейміз, бізді олар білмейтін. Біз интернеттен сол такси қызметтерін көріп, «Біздің бизнес модельге ұқсайды екен» деп ойладық. Яғни, сенің басыңа супер идея келсе, әлемнің екінші бұрышында сол идеяны бір адам жүзеге асырып жатады. Ал ол такси қызметтері неге қарқынды дамып кетті? Себебі сол елдің экономикасы, заңдары кәсіптің өркендеуіне барлық жағдайды жасап отыр. Венчурлық қорлар арқылы инвесторлар тартып отыр. Бұл үрдіс біздің елімізде енді ғана басталып келеді. Жақында өткен Almaty Digital форумында Венчурлық қор ассоциациясы алғаш рет құрылды. Мен мұны 2010 жылы армандап жүрдім. Сол кезде венчурлық қор болған кезде, Аparu-дың қызмет көрсету нарығы бұдан да кең болар еді. Себебі ол жылдары Яндекс те, Uber де әлі пайда болмаған еді. Қай жобаға инвестиция көп салынса, сол жоба қарқынды дамиды.
– Отандық қосымшаның ең бірінші Өскемен қаласында қолданысқа енгені белгілі. Жалпы, халықтың сұранысы қай деңгейде?
– Иә, бастапқыда Астана, Алматы нарығына кіруге тырыстық. Бірақ ірі қалаларда Яндекс пен Uber-ге сұраныс жоғары. Сондықтан біз Өскемендегі нарықта қалдық. Ол жақта Аparu – ең көп қолданылатын такси қызметі. Былтыр қазан айында Семейде қызмет көрсетіп бастадық. Қазір ол жақта қолданушыларымыздың саны артып келеді. Ал биыл Аparu Ақтөбеге, Астанаға және Алматыға барды. Біз Алматыда жарнама жасамасақ та, ол жақтағы екі күндік нәтиже Семейдің екі айлық нәтижесімен бірдей болды. Мұның бірінші себебі біздің такси қызметінің комиссиясы арзан. 50-ақ теңге. Басқа такси қосымшаларынікі 23-24 пайыз. Бізге ең аз дегенде бір қаладан тәулігіне 50 мың тапсырыс түседі. Цифрлармен арнайы аналитик мамандар жұмыс істейді. Негізі, такси қызметі адамдардың онлайн қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Кімнің қайда жүргенін, қанша ақша жұмсағанын, барлық жеке ақпараттары такси қосымшасына тіркеледі. Сондықтан бұл тұрғыда отандық қосымшаны пайдаланған әлдеқайда тиімді.
– Aparu Uber немесе Яндекс Go сияқты алпауыттарға бәсекелес бола ала ма?
– Әрине, қазірдің өзінде біз шетелдік қосымшалармен иық тіресіп жүрміз.
– Қытайлық DiDi такси қызметі Яндекспен бәсекеге түсе алмай нарықтан біржолата кеткенін білеміз. Осы қателікті қайталамау үшін не істейсіздер?
– Мысалы, Каирде 21 миллион адам тұрады. Сол нарықта DiDi жұмыс істеп жатыр. Сондықтан DiDi такси қызметін бәсекеге қабілетті емес деп айта алмаймын. Қолданушының талғамынан шыққан қосымша нарықта қалады.
– Аparu-дың басқа такси қосымшалардан артықшылығы қандай?
– Бізде тәулік бойы тұтынушылардың ұсынысымен, хабарламаларымен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлер бар. Колл-орталық барлық сұрақтарға жауап беріп отырады. Сондай-ақ Аparu қосымшасына банк карточкасын тіркеп қоюға болады. Бұл тұтынушылардың төлем жасауына ыңғайлы. Сонымен қатар қосымша төлемді таксометр арқылы есептейді. Нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін күн сайын қосымшамызға жаңа өзгерістер енгізіп отырамыз. Компаниямызда 60 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі – бағдарламашылар.
– IT мамандармен тығыз жұмыс істейміз деп айтып қалдыңыз. Жалпы, қазір IT мамандарды көп дайындап жатырмыз. Дегенмен біздің отандық нарық бағдарламашылардың барлығына бірдей жұмыс тауып, лайықты еңбекақы бере ала ма?
– Иә, біз қазір бағдарламашыларға жұмыс та, жоғары еңбекақы да беріп отырмыз. Жақсы бағдарламашылардың барлығы миллион теңгеге жуық жалақы алады. Бізде жұмыс істейтін бағдарламашылардың барлығы Қазақстанда білім алған. Тіпті, басым бөлігі Өскемендегі техникалық университетті бітірген. Жоғары оқу орнының кафедрасымен келісіп, іс-тәжірибе алуға да мамандарды тартамыз. Сондықтан отандық бағдарламашылардың қабілеті жоғары. Иә, көп IT мамандардың шетелде жұмыс істейтіні рас. Егер біз отандық кәсіпкерлікті қолдасақ, ол мамандар елімізде қалар еді.
– Жақында министр Бағдат Мусинмен кездестіңіз. Отандық қосымшаға министрлік тарапынан қолдау көрсетілетін болды ма?
– Біздің Аparu отандық қосымшасын жасауымызға тек кәсіп ашу себеп болған жоқ. Біз бұл салаға патриоттық тұрғыдан қарадық. Мен министрлікке ақша сұрап барған жоқпын. Министр Бағдат Мусин: «Қандай көмек керек?» – деп сұрады. Мен «нарықта отандық такси қосымшасының бар екенін біліп, қолдау көрсетсеңіз жетеді», – дедім. Мен неге министрдің қабылдауына бардым? Себебі ол кезде қоғамда «Яндекс такси монополияға айналды, DiDi таксиді қайта шақырайық» деген шу шығып жатты. Осы сөздер менің намысыма тиіп кетті. Аparu-дың нарықта жүргеніне он жылдан асты. Бірақ көпшілік отандық қосымшаның бар екенін де білмейді. Министр бізбен кездескеннен кейін көптеген азаматтар Аparu жайлы біле бастады.
– Яндекс такси бағаны негізсіз көтеруіне байланысты дау әлі аяқталған жоқ. «Яндекс.Такси» үлесі Алматы қаласы бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 95,3 пайызды құраған. Ал комиссиясы қосымша құн салығы есебімен 17 пайызды құрайды. Қалай ойлайсыз, такси қосымшасының алатын пайызы көп емес пе?
– Мен қымбат деп те, арзан деп те айта алмаймын. Себебі бағаның деңгейін нарық шешеді. Егер тұтынушылар бұл қаржыны қиналмай төлеп жүрсе, ол халқымыздың жағдайы жақсы екенін көрсетеді. Ал таксиге төлейтін қаржы қымбатқа соқса, онда тұтынушылар қоғамдық көлікпен көбірек жүретін еді. Сондықтан қымбат не арзан деп айта алмаймын. Екіншіден, салада бәсекелестік болады. Көлік жүргізушілер өздеріне тиімді қосымшаны қолданады. Егер Яндекс такси қосымшасын қолданса, 23 пайызын компания алып қалады. Ал Аparu тек 50 теңгесін ғана ұстайды. Сондықтан қаржылық тұрғыдан сауатты болуы керек. Мен Яндекс таксиді жаман деп айта алмаймын. Яндекс – жақсы компания. Мен өз бәсекелестерімді сыйлаймын. Бірақ біздің елімізде Табиғи монополияларды реттеу комитеті бар. Олар заң бойынша бұл саланы реттеуі дұрыс деп ойлаймын. Нарықта шетелдік компаниялар көп. Ал олардың барлығы біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге әсер етеді.
– Қазір көп адам такси жүргізіп табыс тауып жүр. Дегенмен такси жүргізушілері мемлекетке салық төлей ме? Бұл мәселе сіздерде қалай қарастырылған?
– Біз кәсіп бастау үшін ең бірінші заңды қараймыз. Барлығына зерттеу жасап барып, іске кірісеміз. Себебі әр адам ойына келген кәсібін аша берсе, ол кейін заңдық талаптарға сай келмесе, бизнестің ғұмыры ұзаққа созылмайды. Жақында Қазтелеком, салық комитеті зерттеу жүргізді. Сонда Яндекс, Naimi.kz қосымшаларының барлығының бірдей бизнес модельмен жасалғаны белгілі болды. Біздікі басқаша. «Айырмашылығы қандай?» дейсіз ғой. Мысалы, «Автомобиль көлігі туралы» заң бойынша, тасымалдаушы кәсіп бастағанда жеке тұлға ретінде емес, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек деп жазылған. Ал Яндекс біздің нарыққа кіргенде тек таксопарктермен жұмыс істейміз деп кірді. Яғни, Яндекс бүкіл таксопарктермен келісім шартқа отырған. Ал таксопарк ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелген. Ол жердегі көлік жүргізушілері – жеке тұлға. Сонда барлық жауапкершілікті таксопарк алып тұр. Енді бізге тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жүргізушілер кіре алады. Яндекске кез келген жеке адам өзі кіре алмайды. Тек таксопарк арқылы ғана кіреді. Сонда Аparu-дың бизнес моделі дұрыс. Жеке кәсіпкер ретінде жүргізушімен келісімшарт жасаймыз. Олар мемлекетке жеке кәсіпкер ретінде өздері салық төлейді. Сондай-ақ біздің модель бойынша ақша бірінші жүргізушіге түседі. Сосын ол қосымшаның қызметі үшін әр тапсырысқа 50 теңгеден төлейді. Ал Яндексте бәрі керісінше.
– Болашақта көрші мемлекеттердің нарығына шығуларыңыз мүмкін бе?
– Иә, біздің ондай жоспарымыз бар. Биыл Қазақстанды толық қамтып, алдағы уақытта шетелдік нарыққа шығуымыз мүмкін. Әрине, ол үшін венчурлық қорлар инвестиция салса дейміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН