Түркістанда этнос өкілдері алғыс айтты
Түркістанда этнос өкілдері алғыс айтты
855
оқылды
Түркістанда көктемнің алғашқы күнімен бірге келген шуақты мереке - 1 наурыз Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті. Атап айтқанда, түркі халықтарының рухани орталығында депортация жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этностардың өкілдері депортация жылдары қолдау көрсетіп, қорған болған қазақ халқына алғыс айтты. Түркістан облысында 2 млн-нан астам тұрғын бар. Түркі халықтарының рухани орталығы Түркістан қаласының тарихи өлке, киелі мекен екені белгілі. Қай кезеңді алып қарасақ та, мұнда бірнеше ұлт өкілдері бірлік пен ынтымақтастықта күн кешіп келеді. Сол себепті Алғыс айту күнін тарихқа тағзым ету күні деп айтуға болады. Айтулы мерекенің құрметіне қала орталығындағы «Жеңіс» саябағында үлкен іс-шара өтті. Ұлтаралық татулықты ту еткен шарада облыс аумағында тұратын барлық ұлт өкілдерінің басы қосылып, қазақтың киіз үйі тігілді. Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген этнос өкілдері қазақ жерін, әсіресе қасиетті топырақты қоныс еткендерін қуанышпен жеткізді.
 width= Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, барлық ұлт өкілдерінің біртұтастық пен келісімде бір ортаны мекен етуі ел іргесінің беріктігіне ықпал ететінін жеткізді. «Бүгінгі идеологиялық мәні зор іс-шарада осы өңірде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдері бас қосып, қазақтың қарашаңырағы – қазақ үйді бірге құруға атсалысады. Өткенге - салауат, келешекке – аманат айта отырып, біз келер ұрпаққа үлкен үміт артуымыз керек. Ұрпақтар сабақтастығы, ұлттар арасындағы достық, еліміздің тыныштығы келер буынның еншісінде болмақ»,- деген облыс әкімінің орынбасары барлық ұлт өкілдерімен бірге киіз үйдің шаңырағын тігіп, биікке көтерді.  width=
Одан кейін сөз алған шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Дидсеев бұл мерекенің бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызына тоқталып, Қазақ халқына өзінің айрықша алғысын жеткізді. Облыс басшысы Ө.Шөкеевтің бастамасымен жүзеге асып, қазіргі таңда үлкен қолдауға ие болған «Қамқорлық» бағдарламасы осы шарада да өз жалғасын тапты. Түркістан қаласында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Олардың әрқайсысына жеке куратордан бекітіліп, алдағы уақытта да бақылаудан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.  width= Мерекелік шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен этнос өкілдері ұлттық тағамдардан дәм татып, этнос жастарының өнерін тамашалады. Айта кетейік, өңірімізде 11 этномәдени бірлестік пен олардың аудандық, қалалық 7 филиалы мен 14 өкілдегі жұмыс жүргізеді. Әр этностың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мәдениеті мен тілін дәріптеу бағытында этномәдени бірлестіктер жанынан 4 жексенбілік мектеп пен 8 жастар қанаты әрекет етеді. Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы