Осымен он алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі сайыста жас өнерпаздар «Хореография», «Театр», «Вокал», «Аспаптық музыка», «Бейнелеу өнері», «Хор әні» секілді номинациялар бойынша сынға түсті. Екі аптаға созылған байқауға 8 бен 18 жас аралығындағы 7000-нан астам оқушы қатысты.
Жарыс сегіз алаңда өткізілді. Қатысушылар Оқушылар сарайы, музыка мектептері, өнер мектептері және техникалық шығармашылық орталығында өнер көрсетті.
Шығармашылық сайыстың қорытындысы бойынша жекелеген номинацияларға қарай 63 бала бірінші орынды, 95 бала екінші орынды және 125 бала үшінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ 600-ден астам шығармашылық ұжым мен қатысушы дипломдармен марапатталды, ал балалардың жетістіктері үшін 282 үздік тәлімгер арнайы сертификаттарға ие болды.
Астанадағы №85 мектеп-лицейдің педагог-хореографы Айгүл Кинахова өз сөзінде «Риза» би ансамблі үшін бұл іс-шара үлкен тәжірибе болғанын атап өтті.
«Біздің ансамбль 8-11 жас аралығындағы «Халық биі» номинациясына қатысты. Көрерменге «Көктем әуені» қазақ биі ұсынылды. Әрине, байқауға дайындық жоғары деңгейде болды, бос уақытта, тіпті демалыс кезінде де қойылымдар қойып, костюмдер тіктік. Нәтижесінде, балаларым екінші орынды еншіледі. Ал «Хореография» номинациясында Street dance стилін ұсынып, қола жүлдені жеңіп алды», – деді педагог.
Әдетте, әрбір «Шаттық» байқауының өз ұраны бар. Биылғы ұран – «Біз әлемнің жолашарымыз». Бұл байқау Астананың 25 жылдығына арналып отыр.
Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық» байқауы жас музыканттардың, хореографтардың, суретшілердің, дизайнерлердің, фотографтардың, вокалистердің ғана емес, сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдары педагогтарының да басын қосады.
Б.МАРАТҚЫЗЫ