Атақты өнертапқыш, бизнесмен, Ford Motor Company негізін қалаушы Генри Форд: «Ең жақсы жұмыс де­ге­німіз – жоғары жалақы төленетін хоб­би» деген екен.
Дипломнан дағды маңызды
1,716
оқылды

Қазақстан хал­қы­на өз хоббиін, қол боста айналы­сатын сүйікті ермегін жақсы жалақы төленетін жұмысқа айналдыру мүм­кіндігі берілгелі тұр. Жаңа Парламент «Кәсіптік біліктілік туралы» және оған ілеспе заң жобаларын қарауға алды. Заң қабылданса, онда енді диплом­ның қажеті болмай қалады. 15 мың тең­геге арнайы сертификатты ал­саңыз жеткілікті.

Formal болса, қор болмайсыз!

Студент бес жылда оқуын бітіргенше, оның мамандығы еңбек нарығында сұра­нысқа ие болмай қалуы мүмкін. Ендеше сонша жыл оқудың қажеті бар ма? Осы сауал­ға жауап іздеген дамыған елдердің бі­лікті мамандары азаматтардың «өмір бойы білім алуы» (lifelong learning) қағи­да­тын тұжырымдады. Бірақ барша жұрт бар ғұмырын оқуға арнаса, кім жұмыс іс­тей­ді? Ендеше қысқамерзімді курстарды аяқ­тағандардың сертифика­тының мәр­те­бесі университет дипломына теңелуі тиіс. Сондықтан сарапшылар Халық­аралық ең­бек ұйымы аясында осы тәсілдің мойын­далуына қол жеткізді. Қызығы сол, мұны­мен шектелмей, ма­ман­дар одан арыға құ­лаш ұрып, білім алу және оны тану көк­жиегін кеңейтіп отыр. Енді тіпті еш курс­ты аяқтамай-ақ, әр адам өз бетінше алған білімі де мамандық иесі атануға ке­дергі емес. Себебі интернеттің арқа­сында еркі мен құлқы бар кез келген адам ғылым ордаларынан тыс оқып, үйрене алады. 

Нәтижесінде, бүгінде заманауи білім алу жүйесі өзара байланысты 3 типтен тұрады: біріншісі – үйреншікті, дәстүрлі, фор­малды білім беру (formal learning), екін­шісі – формалды емес білім беру (non-formal learning) және үшіншісі – информалды білім беру (informal learning). Олардың аражігін, әрқайсысын даралар ерекшеліктерін және дамыту жолдарын Еуропалық Одақ өзінің Үздіксіз білім ме­морандумында белгілеп, нормативтік-құ­қықтық негізін қалады. Қазақстанға оны көшіріп алып, жергілікті жағдайға бейім­деу қалды.

Еуропалық меморандумда бұларға ке­лесідей анықтама беріледі. Ресми, яғни формалды білім беру – аттестат, диплом беру­мен аяқталатын, орта, ортадан кейінгі кә­сіп­тік-техникалық, жоғары және жо­ғарыдан кейінгі оқуды қамтиды. Формал­ды емес білім беру де оқыту мекемелерінде жү­зеге асырылады, оған түрлі курстар, сон­дай-ақ клубтар, үйір­мелер, тіпті репе­ти­тормен, тренермен жеке сабақтар кіруі мүм­кін. Информалды білім беруге әр адам­дың өз бетінше жүргізетін танымдық қыз­меті жатады. Бұл хобби түрінде де болуы мүмкін. 

«Білімді дамыту стратегиясы» қоры­ның маманы, зерттеуші Павел Деминнің түсіндіруінше, халықаралық қоғамдас­тықты бұл қадамға мұқтаждық итермелеп отыр. Себебі адамдардың көбісінің кол­ледж, университет оқуға, тіпті курстардан өтуге қаражаты жоқ. ЮНЕСКО Статис­тикалық институтының дерегінше, әлемде кем дегенде 1 миллиардтан астам адам сауатсыз саналады және олардың қатары өсуде. Егер жаһандық білім беру жүйесі ары қарай да дәстүрлі білім беру қалыбынан шыға алмаса, әлемде жұмыссыздардың саны арта бермек. Жаңа жүйе жағдайды түзеудің бір амалы саналады.

ЮНЕСКО-ның Сауаттылық рейтин­гін­де Қазақстан 99,8 пайыздық көрсет­кіш­пен әлемдегі үздік ондыққа кірді. Бірақ елі­­мізде жоғары білім алуға қаржысы жет­пеген немесе грантқа бола өзі қала­маған мамандықты таңдағандар көп. 

Қарағандылық Олжас Жәмкенің мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмапты. Бірақ бай­ла­ныс саласында қызмет ететін ағасына көмектесе жүріп, телекоммуни­кацияның қыр-сырын меңгерген. Алайда дипломы жоқ болған соң ұлттық байланыс опе­ра­тор­ларына жұмысқа тұра алмапты. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде түрлі тапсырыстар алып нәпақасын тауып жүр. Ал ірі тендер­лерге қатысу үшін диплом талап етіледі екен. Оның пікірінше, «Кә­сіптік біліктілік туралы» заңда тендерлік құжаттамаларда мамандар сертифика­ты­ның дипломмен тең дәрежеде танылғаны жөн. 

Мамандық ауыстыру мәселе емес

Бір қарағанда, Қазақстанда формалды емес және информалды оқуды мойын­дауға қажеттілік жоқ сияқты. Себебі фор­малды оқитындар да жетерлік. Ғы­лым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, 2022–2023 оқу жылында 119 жоғары оқу орнында 626,2 мың студент ма­мандық игеріп жатыр. Соның ішінде 188,3 мың студент биыл оқуын аяқтап, тү­леп ұшады. 

Ендеше курс бітірген не өз бетінше үй­ренген адамдардың біліктілігін тану­дың қажеті қанша? Біріншіден, әлгі 600 мыңнан астам студенттің барлығы бірдей ЖОО бітірген соң өз кәсібінің білгір мама­ны болмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дере­гін­ше, жоғары оқу орындары түлек­терінің 40 пайызы өз мамандығы бойын­ша жұмыс істемейді. 34 пайызы болашақ ма­манды­ғын жүрек қалауымен таңдамай­тын болып шықты. Не ата-анасының айтқанына кө­не­ді немесе қандай маман­дық­қа көбірек грант бөлінсе, соған құжа­тын тапсырады. Салдарынан еліміздегі көптеген салада кадр тапшылығы туын­дады. 

Мұның сыртында түлектердің бес жыл­­да алған білімі өзгерген заманда жа­ра­­май қалуы ықтимал. Осының бәрі фор­мал­ды емес және информалды білім­ді өзек­ті етеді. Ғылым және жоғары білім ми­нистрі С.Нұрбектің байламынша, за­ма­науи еңбек нарығы маманнан ойлау ике­мділігін, жылдам және тұрақты оқыту дағ­дыларын және ұтқырлыққа дайын­дық­ты талап етеді.

«Дүниежүзілік экономикалық фору­м­ның зерттеулеріне сәйкес, алдағы 5 жыл­да еңбек нарығындағы мамандардың негізгі дағ­дыларының 40 пайызы өзгеруі мүмкін және әрбір екінші қызметкер қайта білік­тілік­тен өтуі керек болады. 2025 жылға қа­­рай цифрлық заманда туған жұмыскер­лер­дің үлесі 26 пайызды құра­мақ. Олар кә­сіби бағытын жиі өзгертіп, қайта білім алу­ға бейім. Жаһанда өмір бойы оқу тұжы­рым­дамасы нормаға айна­лып келеді және Қазақстан бұл процестен қалыс қалмауы тиіс. Ол үшін біз бейресми білім беруді сер­тификаттаудың толық­қанды жүйесін қа­лыптастырамыз, сондай-ақ мик­рок­ва­лификация практикасын бел­сенді түрде енгіземіз», – деді Саясат Нұрбек.

Осы мақсатта ел Үкіметі Парламентке «Кә­сіптік біліктілік туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіптік біліктілік мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­­тыру­лар енгізу туралы» заң жобаларын енгізді. Жалпы, бұл заң жобасын Парла­мент Мәжілісі 2022 жылғы 14 желтоқсанда бірін­ші оқылымда мақұлдаған. Бірақ ар­тын­ша салалық министрлік оны пысық­тап, таяуда Мәжілістің қарауына қайта ұсын­ды. Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа заң жобасы мамандардың еңбек ұт­қыр­лығын арттыруға, олардың өз хоб­биін жұмысқа айналдыруы үшін жағдай жасау­ға, яғни оларды өз бетінше игерген дағды­лары мен біліктілігін ресми тануға жол аша­ды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ви­це-министрі Олжас Ордабаев­тың ай­туын­ша, ол қабылданған соң қазақ­стан­дық­тар 15 мың теңгеге білікті­лігін растап, сер­тификат ала алады. Жұмыссыз­дарға тіп­ті тегін болуы мүмкін. Осы мақ­сат­та ке­­лесі жылдан бастап бюд­жеттен қар­жы­лан­дырылатын ваучерлер енгізіл­мек.

– Яғни, жұмыссыз адам ваучер бо­йын­ша сертификаттаудан өте алады. Бұған қо­­са, сертификаттаудан азамат­тарға өз бе­­тін­ше, бағыттама бойынша, жұмыс беру­­шісінің қаражаты есебінен өтуіне бо­ла­ды. Сертификаттау нарығы қалып­тасу­да, оның құнын да нарық реттейді. Әр ма­­­­ман­дық үшін әртүрлі. Әйткенмен, біз бюд­­жетте сертификаттау рәсімі үшін әр вау­­черге шамамен 15 мың теңгеден қара­жат бекітетін боламыз. Сертификаттың мәр­­тебесі жоғары оқу орнын немесе кол­ледж­ді бітіргенмен тең болады», – деді ви­­це-министр.

Сонымен бірге өз бетінше үйренуге бол­майтын мамандықтар тізімі жасалады, олар­ға міндетті түрде оқу орнын бітіруге тура келеді. Вице-министр олардың қа­та­рын­да мемлекеттік қызметкерлерді, дәрі­гер­­лерді, педагогтерді, қаржы аудитор­ла­рын, өрт сөндірушілерді, адвокаттарды ата­ды. Тұтастай алғанда, бұл санатқа не­гізі­нен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар жатады. Олар сертификатты тек ЖОО бітірген соң ала алады. Ал одан басқа кәсіп иелері біліктілігін ерікті түрде растайды. Бұл не үшін қажет?

«Диплом – адамның тек білімі барын рас­тайтын құжат. Алайда диплом оның мамандықты қаншалықты игергенін растай алмайды. Бұл ретте сертификат маманның біліктілік деңгейін, соның ішінде микроквалификацияларды қанша­лықты меңгергенін растайды. Мысалы, бізде мобилограф, СММ, лэшмейкер, тырнақ бояйтын нейл-стилист және басқа да жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды игеру үшін бес жыл университетте оқудың қажеті жоқ. Оны адам өз бетінше игере алады. Содан соң біліктілігін көрсе­тетін тиісті құжат алу үшін сертификат­таудан өтеді. Бұл үшін кәсіби, білікті сертификаттау орталық­тары болуы қажет. Соның сарапшылары өзін-өзі қалыптас­тыр­ған маманның білім, машықтары нақ­ты бір кәсіп стан­дарт­тарына қаншалықты сай екенін бағалайды. Лайықты болса, тиісті серти­фикат береді», – деді Еңбек ми­нистрінің орынбасары.

Сертификат сұранысты арттырады

Бұл жұмысты арнайы сертификаттау орталықтары жүзеге асыратын болады. Олар – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының немесе басқа уәкілетті институттардың аккредитациясынан өткен тәуелсіз заңды тұлғалар. Информалды білімге келсек, министрліктің түсіндіруінше, ерікті сер­ти­фикаттаудан әртүрлі үйірме, тренинг немесе өз бетінше оқу арқылы жұмысшы мамандығын игерген адамдар да өте ала­ды. Бұл жағдайда сертификат оны жұ­мысқа қабылдауда негізгі құжат болады.

Еңбек министрлігі өз қолында мем­лекет мойындаған, біліктілігін растайтын нақты құжаты бар мамандарды жұмыс берушілердің жұмысқа қабылдауға бейім тұра­тынына назар аудартты. Өйткені мұн­дай құжат мемлекеттік сатып алу­ларға, бас­қа рәсімдерге қатысқанда талап етіледі. 

Нақты бір кәсіп түрін жете мең­гер­ге­німен, дипломы болмағандықтан жақсы қыз­метке орналаса алмай жүрген шеберлер мен­ дарындылар жетерлік. Егер біліктілігін растап, сертификат алса, онда кәсіпорын-ком­паниялар да оларды қымбат жабдықты, құрыл­ғыны басқарып, жұмыс істеуге жі­бере алады. 

Осылайша, халықты жұмыспен қам­ту­дың тың тәсілі, жаңа жүйесі енгізілмек. Тек сертификатты дипломмен теңестіре салу­мен іс бітпейді. Вице-министрдің ай­туын­ша, Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) ке­лесі сұрақтарға жауап береді: заманауи мамандар нені білуі және меңгеруі тиіс? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту ке­рек? Олардың кәсіптік біліктілігін қалай тануға болады? Осы сұрақтарға Ұлттық кә­сіптер сынып­тауышы, Ұлттық біліктілік шең­бері және оның негізінде әзірленген са­лалық білік­тілік шеңберлері мен кәсіптік стан­дарттар сияқты құралдардың көме­гімен жауап беріледі.

Сертификаттау орталықтары өзі оқып, үй­ренген маманның кәсіпке сәйкестігін қалай бағалауы керек? Бұл үшін кәсіптік стан­дарттар қажет. Бүгінде 623 кәсіптік стан­дарт іске қосылыпты, олар жалпы саны 2 689 мамандықты қамтиды. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйым­дары да төл білім беру бағдарламал­арын әзірлейді. Сөйтіп, жұмыс беруші­лер­дің талаптарына сәйкес келетін кадр­ларды даярлай алады. 

«Әрине, осы заң жобасының басты бір әрі маңызды жаңалығы – қазақстан­дық­­тар­дың өз бетінше игерген дағды­ларын, сон­дай-ақ бейресми және инфор­малды білім беру нәтижелерін ресми тану. Аза­мат­тар тиісті орталықтарда кә­сіп­тік білік­тілігінің бар екенін растайтын құжатты ала ала­ды және егер кәсіптік стандартта көз­делген болса, бұл құжатты жұмысқа орна­ласу кезінде білім туралы дипломмен тең пай­далана алады», – деген О.Ордабаев заң жо­басы елде біліктілікті тану орталық­тарын дамытуға да соны серпін беретінін жә­не қызмет­керлерді өмір бойы құзырет­тіліктерін жетілдіруге ынталандыратынын қосты.

Қалай болғанда, Парламент үшін қо­ғам мен мемлекет қажет еткен заң жо­ба­ларын жетілдіріп, мүмкіндігінше жылдам қабылдау маңызды. Әйтпесе, информалды білім алуға ынтыққан қазақ­стан­дықтар инфосығандардың құрбаны болып жатыр. Олар түкке жара­майтын түр­лі курс сатып, жұртшылықты таргет­теуден, блогер болу­дан, SMM-менеджер ретінде брендтерді жар­на­ма­лап, тіпті тендерге қатысудан мил­лиондап табыс табуға үйретуге уәде ете­ді. Алайда қара­жат­ты қолына түскен ізім-қайым жо­ғалады. Демек, жаңа жүйеде мем­лекет алаяқтардың құралына айналып кет­кен түрлі курстарды да тәртіпке кел­тіргені жөн. 

Әзірге Еңбек министрлігі қандай ма­ман­дық иелері дипломмен теңестіріл­ген сер­тификат ала алатынын толық анықтап үлгермегенін жасырмады. Заң қабылданған соң ғана кәсіптік біліктілік­терді тану жүр­гізілетін Кәсіптер тізбесін қалып­тастыру қа­растырылған. Ол тізі­лім­ді Ұлттық бі­лік­тілік жүйесінің цифр­лық платформасында ор­на­ластыру жос­парланған. Бірақ одан бұрын мемлекеттік органдар мен салалық кеңес­тер өз сек­торларында қандай маман­дықтар мен кәсіптерді сол тізілімге енгізу ке­ректігін дәйектеп, ұсыныстар енгізуі шарт. 

Елдос СЕНБАЙ