Тасада қалған Тасқұдық

Былтыр педагогтердің Тамыз кон­ференциясында «Жетісу об­лы­сында бірде-бір апатты және үш ауы­сымда оқытатын мектеп жоқ» деп айтылып еді.

Іс жүзінде олай бол­май шықты. Облыста үш ауы­сым­да оқытатын, апатты жағ­дайды айт­пағанда, оқушылардың білім ал­уына мүлде келмейтін мектептер бар екен. Сондай мектеп­тің бірі Сар­қан ауданындағы Тас­құдық ауылын­да орналасқан. 

Мектеп деген аты ғана

Аудан орталығынан шалғайда ор­на­лас­қан елді мекендегі бастауыш мектепте 34 ба­ла оқиды. Оларға 7 мұғалім сабақ береді. Дәл қазір осы 34 жеткіншек едені шіріп, ойыл­ған, қабырғасы қақырап, құлау ал­дын­да тұрған ғимаратта білім алуға мәж­бүр. Оның үстіне, аумағы 100 шаршы метр бо­латын мектептің сыныптары да тар әрі са­бақ оқуға қолайсыз. Қуықтай бөлмеде оқу құралдарын орналастыру мүмкін емес. Қызығы, дәлізіне қатар жүрген екі адам сыймайтын мектепте екі дәретхана бар. Алай­да бірде суы келмей қалатын, енді бірде лас суы кетпей қинайтын дәретхана кө­біне жабық тұрады. Мектептің сыртқы кел­беті де оңып тұрған жоқ. Сыртына қа­рап мұнда балалар білім алады дегенге еш­кім сенбейді. Тозығы жеткен жатаған үйлерден еш айырмасы жоқ. 

Жылдар бойы ауданнан бастап облысқа дейін арыз-армандарын жеткізген жұрт­шы­лық жаңа мектептен күдерін мүлде үз­­ген сыңайлы. Осыдан біраз бұрын жауап­­­ты­лардан қайыр болмайтынына көзі жеткен тұрғындар өз күшімен мектеп ғима­ратын салуға кіріскен. Негізгі жұмыстары атқа­рыл­ғаннан кейін құры­лысты толық аяқ­тау­ға шамалары келмей қалыпты. Амалы құ­рыған тұрғындар жер­гілікті билікке жү­гі­ніп, тым болмаса құры­лыс жұмыс­та­рын аяқтап беруге көмек сұ­раған. Әзірге тырс еткен хабар естіл­мейді. 

Мектептің техникалық жағдайының мүш­кіл екенін Тасқұдық бастауыш мек­те­бінің меңгерушісі Айжан Садықова да рас­­тады. Оның айтуынша, балаларының өмі­рі мен денсаулығына алаңдаған жұрт өз күшімен мектеп салуға кіріскенде сол кез­дегі аудан әкімі, марқұм Талғат Қай­нар­беков бұл бастамаға қолдау білдірген. Амал қанша, ол кісі былтыр қыркүйекте ке­неттен қайтыс болған соң мектеп құры­лысы да тоқтап қалған көрінеді. 

– Ескі мектеп осыдан 50 жыл бұрын тұр­ғызылыпты. Құрылыс материалы ре­тін­де қамыс пен ағаш пайдаланылған. Ғи­мараттың жарамдылық мерзімі әлде­қа­шан өтті. Едені де шіріп біткен. Қабыр­ға­лары да бұзыла бастаған. «Ескіні жамасаң, есің шығады» деген осы. Жыл сайын жа­мап-жасқап жалықтық. Биыл істе­генің ке­лесі жылы қайта қирайды. Тым болмаса өз күшімізбен сала бастаған жаңа мектеп ғи­маратын бітіруге аудан немесе облыс әкімдігі қолдау білдірсе дұрыс болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Қуатбек Елубаев. 

Бірақ аудандық әкімдіктегілер өздері­нің жеке бастамасымен қолға алған құры­лыс­ты оқу ғимараты ретінде пайдалануға бол­майды деп отыр. 

«Жаңа мектепке арнап салынған ны­сан орналасқан жер телімі осы ауылдағы аза­маттардың біріне тұрғын үй салу үшін берілген. Кезінде мұнда тұрғызылған ны­сан­­ды медициналық пункт немесе поли­цияның тірек бекеті ретінде пайдалану ой­ластырылған екен. Бірақ мемлекеттік са­раптамадан өтпеген, тиісті құжаттары рет­телмеген ғимаратты балалар оқытатын мек­теп ретінде пайдалануға болмайды», – дейді Сарқан ауданы әкімінің орын­басары Жомарт Мыңбаев. 

Жетісу облыстық Білім басқармасы тас­­құдықтық бүлдіршіндердің құлағалы тұр­ған ескі мектепте білім алып жатқа­ны­нан ха­бар­дар екенін енді мойындады. Бір­ақ айту­ларына қарағанда, жаңа білім оша­ғын салу мәселесі жуық арада шешіле қой­майтын сыңайлы. Жаңа оқу жылынан бастап оқу­шыларды көрші ауылдың мек­те­біне тасы­малдап оқытуға бел буып отыр­ған көрінеді. Дегенмен ауыл тұрғын­дары күн­де шығын шығарып балаларды та­сы­малдамай, жаңа ғимараттың құжатын реттеп, оқушыларды сол жерге ауыстыруды сұрайды. 

Қалай болғанда да, бүтіндей бір облыс­тың алақандай ауылдағы 34 бала білім ала­­тын мектеп салып беруге шамасы жет­п­ей отырғанда, Талдықорған қалалық бі­лім бөлімінің есепшілері осындай мек­тептің бірнешеуін салатын қаржыны қым­қырып, айды аспанға шығарып тас­та­ды. Ауыл балаларының заман тала­бына сай сапалы білім, саналы тәрбие алуына жұм­­салуы керек қаржы қо­ма­ғайлардың құл­қынына кеткені өкінішті-ақ. 

Мұнара бар, су жоқ

Шенділердің көзінен де, көңілінен де таса­да қалған Тасқұдық ауылы тұрғын­да­рын осыдан бес жыл бұрын мемлекеттің 134 миллион теңгесіне тұрғызылған су мұнарасының әлі күнге іске қосылмағаны да қынжылтады. Қыруар қаржыға салын­ған нысан халық игілігіне айналмай-ақ то­зып кететін сияқты. Сыртынан қарасаң, иесіз жатқандай. Айналасын қамыс-қоға басып, жанындағы қосалқы құрылыстың қабырғалары қақырап, жабдықтары тот­тана бастаған. Тұрғындардың айтуынша, мұнараны тұрғызып, құбырларға қосқан­нан кейін су жүрмей қалған. Содан соң Сарқаннан келген мамандар ауылдың су құбырын бұрынғы ескі су қоймасына қоса салыпты. Қазір ауыл тұрғындары ескі су қоймасынан тартылған тіршілік нәрі үшін айына 550 теңгеден төлейді екен. Ал бес жыл бұрын қыруар қаржыға салынған мұнара ескерткішке айналды. 

Аудан әкімдігіндегілер мұнараны тұр­ғызған мердігерлерге де, өздеріне де шаң жуытпайды. Олардың мәлімдеуінше, мұ­на­радан су тартылатын болса, тұрғындар не­гізгі төлемнен бөлек су сорғышты қос­қа­ны үшін электр қуатына ақы төлеуі ке­рек екен. Бұған ауыл тұрғындарының ба­сым бөлігі келісім бермеген. Егер көпшілік электр қуатына ақша төлеуді құптаса, жауап­тылар мұнараны күні ертең іске қосу­ға дайын. Алайда жұрт бұл уәжге кү­мәнмен қарайды. Тұрғындар мәселеге Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі араласып, істің мән-жайын анық­тап, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департа­мен­тіндегілер тексеру басталғанын, соның қо­рытындысына сай шаралар қолда­ны­латынын хабарлады. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы