Инвестициялық жобалардың ішіндегі ірі өндіріс ошағының бірі – бутадиен каучуктарын өндіретін зауыт. «Бутадиен» ЖШС жүзеге асырып отырған жобаның құны 888 млн АҚШ долларын құрайды.
Жоба аясында 440 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт жылына 83 мың тонна каучук шығарады деп күтілуде.
Бутадиен каучук – бұл өндірістің қолжетімділігімен және химиялық, физикалық, техникалық қасиеттерінің өзгергіштігімен ерекшеленетін заманауи синтетикалық материал.
«Мұндай синтетикалық каучуктар қазіргі заманғы өнеркәсіпте керемет сұранысқа ие: әлемдік жеткізілім көлемі бойынша олар бутадиен-стирол каучуктарынан кейін екінші орында. Атыраудан шығарылатын өнім – бутадиен каучук түрлері жол жабындыларында, желім және пластик шығарғанда шина өндірісінде және басқа да химиялық өнімдерін шығарғанда пайдаланылады», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Құрылысы басталатын екінші инвестициялық жоба – интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі. Полиэтилен өндірісі жобасы 2027 жылы толық іске қосылмақ. Құны 3 265,8 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 740 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның қуаты жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіруге жетеді.
Этанды өңдеу арқылы полиэтилен алынады. Ал полиэтилен басқа өнімдер шығару үшін шикізат болып табылады. Мысалға, полиэтиленнен полиэтилен құбырлары, полиэтилен қаптарын жасауға болады.
Қазір полиэтилен өндірісі жобасы – Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болып отыр.
Тағы бір инвестициялық жоба – Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыты құрылысы. GPC Investment ЖШС жүзеге асырып отырған жобаның іске қосылу мерзімі 2025 жылға жоспарланған.
Құны 380,8 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 550 адам үшін жаңа жұмыс орны ашылады.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, жобаның қуаты 719 млн текше метр тауарлы газ, 114 мың тонна техникалық пропан – бутан, 14 мың тонна газды конденсат, 204 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіруге жетеді.
«Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салудың мақсаты – Қазақстанның тауарлық газ өндірудің ресурстық базасын ұлғайту және нарықты реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу. Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыру және газдың жерастына кері айдау көлемін азайту да басты мақсаттарының бірі. Жобаны іске асыру әлеуметтік-экономикалық ортаға оң әсерін тигізеді – құрылыс кезеңінде қосымша жұмыс орындарының іске қосылады, құрылыс және пайдалану кезеңінде мемлекеттік бюджетке салық төлемдері ұлғаяды», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Еске сала кетелік, былтыр Атырау облысында үш инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында интеграцияланған газ-химия кешені, көлемді вибропрестеудің инновациялық әдісімен бетоннан жасалған қабырға және жол бұйымдарын өндірісі зауыты, саз кірпішін өндіретін зауыт бар.
Жалпы, 2022–2027 жылдары Атырау облысы бойынша 19 жобаны іске асыру жоспарланған.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы