Ел дамуының алдағы мақсат-міндеті айқындалған жиында атқарушы және өкілетті билікті ортақ мүдде жолына жұмылдыру жайы сөз болды.
Әлем сипаты өзгерген қазіргідей алмағайып шақта үлкен өзгерістерге жол ашатын саяси-экономикалық реформа жүргізудің маңызы зор. Көзделген мақсатына жетсе, бұл өзгерістер елдің халықаралық аренадағы беделін биіктетудің алғышартына айналмақ. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртазамен әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Самат Русланұлы, әдетте реформаларды елдің ішкі мәселесі деп қараймыз. Бірақ оның нәтижесі сыртқы саясат пен қауіпсіздігімізге де ықпал етуі мүмкін. Келісесіз бе?
– Әлбетте солай. Дегенмен реформалар бірінші кезекте халықтың тұрмысын түзеп, қымбатшылықты тежеуге бағдарлануы керек. Сол арқылы қордаланған әлеуметтік мәселелер шешілсе құба-құп. Содан кейін ғана халықаралық аренадағы бедел туралы ойлана бастауға болады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте Президент республикадағы көптеген өзекті мәселеге тоқталды. Алматы мен Астананың арасында жол жоқ. Баспанасыз жүргендердің қарасы қалың. Қылмыс деңгейі өршіп тұр. Әсіресе, Президент баса назар аударған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг фактілерінің жиілеуі алаңдатады. Демек, халықаралық аренада беделімізді қалыптастырамыз деп жүріп, осы мәселелердің бәрін кейінге қалдыруға болмайды. Өткен 30 жылдың өзі бізге мемлекеттің «сыртын бүтін, ішін түтін» етудің соңы қалай аяқталарын көрсетіп берді.
Шындап келгенде ішкі саясат сыртқы саясатқа әсер етеді. Ал ішінде тұтас, тату, өзара бейбіт ұйымдастырылған мемлекетке сыртқы жау қауіпті емес. Сырт көз, мысықтілеу мемлекеттер кез келген елдің әлсіз тұсын зерттей бастайды. Яғни, ондағы өзекті әлеуметтік мәселелерді, соны көтеріп жүргендерді анықтауға зерттеуге көшеді. Ішкі саясат реттелсе, соған сай мемлекеттің де сыртқы саясаттағы беделі биіктей түседі.
– Жалпы, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға шетелдік сарапшылардың берер бағасы қандай?
– Байқауымызша, көпшілігі позитивті пікір білдіреді. Біз жүргізіп жатқан реформаларды қолдайды. Дегенмен бұл реформаларды іске асыруда шетелдік сарапшылардың ризашылығынан бұрын оның шарапатын отандастарымыз сезіне алатын жағдай жасау маңызды.
– Сіздіңше, қазіргідей халықаралық жағдай шиеленіскен шақта сыртқы саясат жүргізудің басымдығы қандай болуы керек?
– Мұндай жағдайда сыртқы саясат бейтарап жүргізілуі керек деп ойлаймын. Себебі мемлекет территориясының орналасуын, аумақтық ерекшелігін, халықтың санын, оның құрамын ескерсек, біз үшін халықаралық қатынастағы ең тиімді жол – дипломатия және бейтарап позиция.
– Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға саяси, экономикалық байланыстың жаңа арнасын түзуге шақырды. Дәл қазіргі сәтте Қазақстанның Орталық Азия елдерімен байланыс құрудағы әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Орталық Азия мемлекеттері қандай болсын одақ құрып, бірігіп, бір-біріне көмектесіп жүре береді. Олардың арасындағы стратегиялық, тату көрші және бауырлас мемлекет ретіндегі берік байланыс бұған дейін де болған. Бұдан кейін де бола береді.
Шындап қарасақ, осындағы 5 мемлекет әлі де Ресейдің ықпалында. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстан халқының негізгі бөлігі Ресейде жұмыс істеп жүр. Сол секілді Түрікменстан газын өткеруде солтүстігіміздегі алпауыт мемлекеттің нарығы үлкен мүмкіндік.
Ал біздің жағдайымыз айтпаса да түсінікті. Ресеймен 7,5 мың шақырымдық ортақ шекарамыз бар. 8 облысымыз осы мемлекетпен шектеседі. Солтүстік өңірлердегі халықтың саны да белгілі. Меніңше, қандай жағдай болмасын алпауыт мемлекеттермен байланысымыздың үзілмегені жөн.
– Қазір бауырлас түркі жұртымен байланыс құруға айрықша басымдық беріліп жатыр. Оған жақындағы Әзербайжан президентінің сапары мысал бола алады. Сіздіңше, бұл бағыттағы байланысымыздың мүмкіндігі қандай?
– Әрине, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластыққа негізделген, достық рәуіштегі байланысымызды дамытуымыз керек. Дегенмен халықаралық байланыста өзара келісімнің нәтижелі іске асырылғаны маңызды. Кешегі Косово, Грузия, бертіндегі Украина мәселесінде көптеген ірі мемлекеттің уәдесінен тайқып кететінін көріп отырмыз. Мұндай байланыста ең әуелі елдің мүддесі ескерілуі керек деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ш.АТЫХАНҰЛЫ