Сонымен бірге депутаттардың өзі қор қаражатын жұмсаудың айқын емес, бұлыңғыр екеніне назар аудартады. Келесі жылы қор табысының жартысын балаларға тарату басталмақ. Оған қаржы жоқ. Қорды дамытудың жаңа тұжырымдамасы оны құртып тынбай ма?
Ұлттық банк «Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын жариялады. Оны жүзеге асыру арқылы 2030 жылы Ұлттық қордың валюталық активтері 100 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаюы тиіс. Бұған активтерді басқарудың тиімділігін арттыру арқылы қол жеткізілмек.
Жоспар жұмыр. Әйтсе де, оның орындалатынына сену қиын. Себебі Ұлттық қор 2022 жылды бұрын-соңды болмаған шығынмен қорытындылады. Салдарынан 2023 жылғы наурызда ҰҚ активтері небәрі 58,4 млрд долларды құрады. Демек, ел Үкіметі қалған 7 жылдан аз уақыт ішінде қордың активтерін бірден 71 пайызға немесе 41,6 миллиард долларға көбейтуі қажет. Мұның сыртында 2014 жылдан бері ҰҚ активтері негізінен үнемі төмендеу трендінің тұйығынан шыға алар емес. Яғни, он жылда жете алмаған жетістігін жеті жылда орындауы неғайбыл.
Себебі оны толықтыратын басты қайнар – мұнайдың жаһандық нарқы 80 доллардан көп ұзай алмай тұр. Brent маркалы мұнайдың рекордтық максимумы 2008 жылғы 4 шілдеде тіркеліп, әр бөшкесі 143,9 доллардан бағаланыпты. Сол қымбат ресурс дәуірі артта қалды. Мұнай құнын енді Украинадағы сұрапыл соғыс та көтере алмады.
Салдарынан әлемдік ең ірі әл-ауқат қоры – Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры 2022 жылы 164,4 млрд доллар немесе 1,64 трлн крон рекордтық шығын шекті. Бұл оның бүкіл тарихындағы ең ірі залал екен. Қорды басқаратын Norges Bank Investment Management бас директоры Николай Тангеннің түсіндіруінше, бұған әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, инфляцияның шарықтауы және базалық ставкалардың өсуі кесірін тигізді.
«Мұның бәрі бір мезгілде акциялар нарығына да, облигациялар нарығына да теріс ықпал етті. Мұндай құбылыс сирек кездеседі. Қор нарығында энергетикадан басқа барлық сектордың табысы құлдырады», – деді Н.Танген. Бұдан Норвегия қоры кері кеткен жоқ, өйткені қор бұған дейінгі 3 жыл бойы жыл сайын кем дегенде 1 трлн кроннан астам рекордтық табыс тауып отырды. Осының арқасында норвегиялық әл-ауқат қоры соңғы он жылда, 2013 жылғы 2 трлн кроннан 2022 жылы 12,43 трлн кронға (1,26 триллион долларға дейін) 6 есе өсті.
Соған қарамастан Ұлттық қор 2030 жылға қарай 100 миллиард доллар межесіне жетуді мақсат етіп отыр. Ал Норвегияның ұқсас қоры тек бір жылда, 2021 жылы 177 миллиард доллар табыс тапты. Ендеше барлық проблема активтерді басқаруда болса керек.
Нысаналы ма, әлде көлеңкелі ме?
Ұлттық қор активтері шырқау шегіне 2014 жылғы тамызда жетті. Сонда ол 77,2 млрд доллар белесіне көтерілген еді. Содан бері құлдилап келеді. Қазір 2014 жылғы шамасынан 24,4 пайызға, яғни 18,8 млрд долларға кеміді.
Экономист, сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, республикалық бюджет Ұлттық қордан екі жолмен ақша алады. Біріншісі кепілдендірілген трансферт қаражаттарын жұмсау контрциклды бюджеттік қағидалармен қатаң реттелген. Оның ережелері Үкіметке белгіленген шектен шығуына мүмкіндік бермейді. Үкімет Ұлттық қордан екінші жолмен – нысаналы трансферттер арқылы да қаражат алады. Ал оны пайдалану критерийлері Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында жалпылама, екіұшты сөздермен анықталған.
– Мысалы, нысаналы трансферттер дағдарысқа қаржы бағдарламаларды қаржыландыруға, ұлттық ауқымдағы, әлеуметтік маңызды, стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны көрсетілген. Үкімет бұған кез келген жобасын жатқыза сала алады. Солай жасап та отыр: осының алдында 2023 жылғы бюджетке ҰҚ-дан 1 триллион теңге тартты. Енді биылғы бюджетті нақтылау аясында тағы 800 миллиард теңге қосымша алды. 2024 жылдан бастап Президент тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, қордың инвестициялық табыстарының 50 пайызы балаларға үлестірілуі тиіс. Алайда қордың инвестициялық табысы жоқ, қайта шығынға отырды, онда несін таратады? Ұлттық қор қаражаттарының орынсыз пайдаланылып жатқаны да салмақты қауіп, – деді Бекбол Тілеумұратұлы.
Сондықтан ҰҚ нысаналы трансфертін жұмсаудың өлшемшарттарын бекітіп, пайдалану шарттарын қатаң регламенттеу қажет.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің түсіндіруінше, ҰҚ-дан алынатын нысаналы трансферттерді пайдалану критерийлері Президенттің былтырғы қарашадағы Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітілді.
– Оған сәйкес, қордың нысаналы трансферттері тек қана Президенттің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларды және мемлекеттік ауқымдағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Нысаналы трансферттерді ағымдағы бюджеттік шығыстарды өтеуге жұмсауға тыйым салынды. Бүгінде Президент тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексін әзірлеп жатырмыз. Онда осы критерийлер көрініс табады. Бұған қоса, біз нысаналы трансферттерді қолданудың жаңа шарттарын да пысықтаудамыз. Осының бәрі Ұлттық қордың жинақтаушы функциясын күшейтуге септеседі, – дейді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.
Ол қордың фискалдық тұрақтылығын сақтау үшін Үкімет шара қабылдап жатқанын жеткізді. Біріншіден, республикалық бюджет қорға масыл бола бермеуі үшін бюджеттік шығыстардың тиімділігіне бағалау жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде әрбір бюджеттік инвестицияның экономикалық қайтарымы мен тиімділігін арттыруға күш салынады, соған жол ашатын тетіктер әзірленеді. Екіншіден, шығыстардың экономикалық өсімге ықпалы бағамдалады. Экономиканың өркендеуіне үлес қоспайтын ірі шығыстардан бас тарту көзделеді.
Балаларға көк тиын тимей ме?
Дегенмен бұл жерде әңгіме аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларға, мемлекеттік ауқымдағы, стратегиялық жобаларға не жататынын анықтайтын нақты критерийлердің жоқтығы туралы болып отыр. Салдарынан нысаналы трансферттер бюджеттің кіріс бөлігін толтырудың жеңіл әрі қолжетімді қайнарына айналып кетті.
Мысалы, 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт есебінен Сораң (Сарань) қаласында 5 миллиард теңге тұратын тұрмыстық техника өндіруші кәсіпорын жобасын қаржыландыру қарастырылған. Қазақстанның төл тұрмыстық техника өнімдерінің жоқ екені жасырын емес, аталған кәсіпорын шетелдік өнімдерді жай құрастыра салумен айналысуы мүмкін. Сонда оның мемлекеттік немесе стратегиялық маңызы неде? Бұл жобаның әкімшісі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Немесе Денсаулық сақтау министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі биыл қор қаражатына әкімшілік ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұған 21,3 миллиард теңге шығындалады. Яғни, бәрібір ағымдағы шығыс қаржыландырылады.
Мұның сыртында Ұлттық қор қаражатының ұдайы төмендеу үрдісі де алаңдатпай қоймайды. Өйткені бұл Тоқаевтың бастамасын жарға жығуы мүмкін. Яғни, қор былтырғыдай, алдағы уақытта да жылды табыссыз, тек шығынмен тәмамдап отырса, онда «Ұлттық қор – балаларға» президенттік жобасы аясында балалардың есепшотына көк тиын да түспейді. Мемлекет басшысы ол шоттарға қордың өзінен емес, оның тек инвестициялық табысынан ақша аударылатынын нықтады. Ендеше табыс болмаса, баланың шотына да түсім болмайды. Сонда жұрт мұны популизмге теліп, «ондай жобаның барынан жоғы жақсы» деп қатты түңілуі мүмкін. Олай болса, дәл қазір Смайылов Үкіметінің, бірінші кезекте Ұлттық банктің міндеті – балаларға берілетін төлем өсуі үшін Ұлттық қордың инвестициялық табысын да барынша ұлғайту болмақ. Әйтпесе, ел басшылығын да абыройсыз етуі бек мүмкін.
ҰҚ-ны басқаратын орган – Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов қордың табыстылығын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
– Бұрын біз Ұлттық қордың қаражатын сақтықпен, консервативті түрде инвестициялап келдік. Ол бойынша қаражаттың 80 пайызын дамыған елдердің облигацияларына, тек 20 пайызы акцияларға салынды. 2022 жылдың соңында біз ҰҚ қаржысын теңгерімді бөлуге көштік. 2022 жылдың қорытындысында ҰҚ жинақтаушы портфелінің 21 пайызы – дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына, 10 пайызы – корпоративті облигацияларға, 34 пайызы – дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, 30 пайызы – дамыған елдердің акцияларына, қалған 5 пайызы алтынға салынды. Мұны теңгерімді тәсіл деп санаймыз және ол бұған дейінгіге қарағанда көбірек табыс әкелуге мүмкіндік беруі тиіс. Шынында, балаларға төленетін қаражат қомақты болуы үшін қорды толықтыру және оның қаражатын тәртіпті пайдалану төтенше маңызды, – деді Ғ.Пірматов.
Дәл осы кезде Норвегияның әл-ауқат қоры сақтықпен бірге, агрессивті инвестициялау арқасында қоң жинады. Ол салымдарынан түскен табысының жартысынан астамын немесе 69,8 пайызын келешегінен үміт күттіретін түрлі компанияның акцияларынан алып отыр. Активінің 27,5 пайызы – облигацияларға, 2,7 пайызы – сан алуан жылжымайтын мүлікке, 0,1 пайызы жаңғыратын қуат көздеріне салынған.
Ұтылған Үкімет үмітке тоймайды
Ұлттық банктің және Үкіметтің ҰҚ активтерін тиімді басқара алмай, ұтылып қалғаны Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамада мойындалған.
«2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы мен қор нарықтарының құлдырауынан кейін Ұлттық қордың жинақ портфелін басқару тәсілдері консервативті қағидаттарға негізделді. Активтерді сақтау мақсатында портфелде дамыған елдердің облигациялары басым болып, үлесі 80%-ға жетті, ал акциялардың үлесі төмен, 20% ғана болды. Салдарынан соңғы 10-15 жылда Қазақстанның Ұлттық қорының активтерін басқарудан алынған кірістілік әлемдегі ұқсас бірқатар тәуелсіз әл-ауқат қорының табысынан әлдеқайда төмен болды. Мысалы, Норвегияның зейнетақы қорынан көп артта қалды» делінген тұжырымдамада.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанның Ұлттық қоры құрылғалы, яғни 2000-2022 жылдары оның орташа жылдық табысы туралы айтуға ұят. Оның мөлшері 3,02 пайыз ғана болды. Ал осы 20 жылдан астам уақыт ішінде шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кірісі небәрі 15,1 млрд долларды құрады. Еске сала кетсек, 1990 жылы ең төменнен бастаған норвегиялық әл-ауқат қоры бұдан он есе көп табысты (177 миллиард доллар) бір жылда ғана табады.
Жаңа тұжырымдамаға сай, Ұлттық банк сарапшылар пікіріне құлақ түріп, біршама агрессивті, тәуекелді инвестициялауға бел буыпты.
«Ұлттық қорға активтерін жинақтау Президенттің бастамасымен 2024 жылы іске қосылатын «Ұлттық қор – балаларға» жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін де қажет. Осы ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру ҰҚ активтерін басқару сапасын арттыру және лайықты инвестициялық кіріс есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте кірістілікті көтеру мақсаты неғұрлым жоғары болса, қабылданатын тәуекелдер, яғни ықтимал шығындар соғұрлым жоғары болады. Әлдеқайда тәуекелді және тиісінше табысы молырақ инвестициялық стратегияны сақтықпен әрі тәртіпті орындаған жағдайда ғана Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін кірістілікті арттыру нәтижесіне қол жеткізу мүмкін болады», – деп түсініктеме берді тұжырымдамаға Ұлттық банк.
Әйткенмен, Пірматовтың командасы Ұлттық қордың жаңа, тәуекелді стратегиясының егжей-тегжейін жариялаған жоқ, пысықтау үстінде. Сонда қор «не бүк, не шік» болады: не табысы күрт артып, жеті жылда Президент қойған 100 миллиардтық межеге жедел қарқынмен жетеді. Болмаса Ұлттық банктің үмітін ақтамай, банкрот болған отандық, шетелдік компаниялардың акцияларымен бірге қор да жарға жығылады. Ол жағдайда Пірматовтардың тәуекелі қорды құртып тынады.
Ұлттық қордың активтерін басқарудың жаңа саясаты аясында бюджетке одан қаржы бөлуді азайту жоспарланған. Бұдан бөлек, 2023 жылы ҰҚ баламалы құралдары портфелін басқарудың инвестициялық стратегиясы бекітіледі. Себебі тұжырымдамада қор активтерін «дәстүрлі емес баламалы құралдарға» инвестициялау көзделген.
Ал жаңа стратегияның нендей нәтиже әкелгенін қоғам әзір толыққанды біле алмайды: тек 2028 жылы 5 жыл қорытындысы бойынша кірістілікті аралық бағалау жүргізіліп, нәтижесі жарияланады.
Парламент депутаттары біраз жылдан бері Ұлттық қор қаражаты өз экономикамызға қызмет етуі керегіне назар аудартып келеді. Өйткені қор активтері өзге елдердің экономикасын көтеруге, тіпті көрші Ресейдің олигархтарын байытуға септесуде. Бірақ қаржы елге қайтпайтын көрінеді. Ұлттық банк «ұлттық экономика қызып кетпеуі және ҰҚ активтерін мұнай бағасының құбылуынан қорғау үшін» Ұлттық қор активтері 2030 жылға дейін жатжұрттарда, шетелдік нарықтарда айналатын қаржы құралдарында орналастырылатынын нықтады.
Қорыта айтқанда, жаңа стратегия да ескі проблемалардың шешімін таба алмады. Тек үміт басым. Ол үміттердің ақталғанын, әлде аяққа тапталғанын 2030 жылғы Үкіметтегі тұлғалар жария ететін болса керек.
Айхан ШӘРІП