Қызғылт түсті қабырғаға қатысты эксперимент Еуропа түрмелерінде де жүргізілгені белгілі. Ресми түрде P-618 немесе «Бейкер-Миллер қызғылты» деп аталатын бұл түстің не сиқыры бар? Ғалымдар белгілі бір реңктердің көңіл күйімізге, ден қою қабілетімізге және тіпті, дәм сезуімізге ықпал ете алатыны жайлы не айтады? Біз осыны анықтап көрдік.
Аптықты басқан алқызыл
Он шақты жыл бұрын Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде түрмелердің төбесін алқызыл түске бояу кеңінен етек ала бастады. Бұл тәжірибенің кең таралғаны сонша, 2014 жылы Швейцариядағы түрмелер мен полиция бекеттерінің әрбір бесіншісінде қызғылт түсті камералар болған.
Бұл жай ғана әлдебір дизайнерлердің эстетикалық таңдауы емес-ті, дұрысы, 1970 жылдарда жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижесін практикада қолданып көру болатын. Сол кездері америкалық ғалым Александр Шаусс өз эксперименттерін негізге ала отырып, әскери-теңіз түзету мекемесіндегі бірнеше камераны алқызыл түске бояуға, бұл реңк тұтқындардың тәртібіне оң әсер етуі мүмкін екеніне иландырады. Расында, бұл тәжірибенің көрсеткіштері оның болжамының дұрыс болғанын дәлелдеді: АҚШ-тың әскери-теңіз күштері бюросы ұсынған мәліметте тұтқындардың агрессивті қылығын басу үшін алқызыл камерада 15 минут отыру жеткілікті болғаны, сондай-ақ зорлық-зомбылық көрсету ықтималдығы азайғаны айтылады. Өзге де түзету мекемелерінде жүргізілген эксперименттер Шаусстың тұжырымы дұрыс болғанын дәлелдеген соң әлемнің әр түкпіріндегі түрмелер ғалым айтқан реңкті жаппай қолдануға көшті.
Ресми түрде P-618 деп белгіленген, бірақ Шаусстың тұжырымынша, Baker-Miller Pink (қазақшалағанда – «Бейкер-Миллер қызғылты»; алғашқы эксперимент жасалған әскери-теңіз түзету мекемесі басшылары Джин Бейкер мен Рон Миллердің құрметіне берген) деп аталатын бұл реңк жаһанға сан түрлі атаумен тарады: бірі оны Drunk Tank pink, яғни «айықтыратын қызғылт» десе, енді бірі оған cool down pink, яғни тыныштандыратын қызғылт деген атау тақты.
АҚШ-тың әскери-теңіз күштері бюросы төрт жыл бойы Бейкер-Миллер қызғылтының күйзеліс деңгейіне ықпалын зерттеген. Балтимордағы Джон Хопкингс университеті ауруханасының 1,7 мың пациенті қатысқан эксперимент барысында бұл түс күйзелісті азайтып қана қоймай, кейбір респонденттердің тәбеті қашатынын анықтаған.
Кісінің көзі қызылда
Түстердің адамға ықпалын тұжырымдайтын зерттеулер жетерлік. Мәселен, кейбір түстер бізді белгілі бір әрекет жасауға итермелей алады. Франциядағы Оңтүстік Бретани университеті ғалымдары жүргізген зерттеуде көлігі бұзылып қалған адамдарды өзге көліктегілердің жолай ала кету деректері келтіріледі. Сонда көлігі бұзылған адамды сомдаған зерттеу тобы мүшелерін қызғылт түсті футболка киген кезінде көбірек ала кеткен. Ғалымдар басқа түстерге қарағанда қызғылт түс көбірек эмоциялық реакция туғызады деген пікірге келген. Алайда бұл экспериментті Берлин-Кей теориясымен де түсіндіруге болады. Екі ғалым өздері зерттеген 100-ге жуық тілдің бәрінде түсті сипаттайтын ұғымдардың ішінде «ақ» пен «қарадан» кейін пайда болған үшінші термин екенін айтады. Олардың пікірінше, түсті анықтайтын сөз неғұрлым ұзағырақ қолданылған сайын ол соғұрлым көбірек ассоциация мен мәнге ие болады, осылайша түстің өзі де ықпалдырақ бола түседі.
Сондай-ақ түсті көңіл күйге кері әсер ету мақсатында да қолдануға болады екен: Шаустың экспериментіне сүйеніп, 1998 жылы Айова университетінің футбол клубы бапкері қарсыластарының рухын сындыру үшін стадиондағы қонақ команданың киім ауыстыратын бөлмесін алқызыл түске боятады. Бұл шешімнің қаншалықты тиімді болғаны әлі белгісіз: статистикаға қарасақ, Iowa Hawkeyes командасы қызғылт бөлмені қолданған кездерінде өз алаңында көбірек жеңіске жеткен екен, алайда оған өзге де факторлар ықпал етуі мүмкін екенін ескерген жөн. Айтпақшы, 2018 жылы англиялық Norwich City футбол клубы да өз алаңындағы стадионда қонақ команданың киім ауыстыратын бөлмесін қызғылт түске бояған болатын. Бұл шешім бәсекелес клуб ойыншыларының тестостерон деңгейін төмендетіп, солайша олардың жеңіске жетуге деген ынтасын бәсеңдету үшін қабылданған екен.
Миды қалай алдауға болады?
Алайда түстің психологияға әсері жайлы айтатын зерттеулердің көпшілігі екіұшты нәтижелер шығарған. Кейбір зерттеулер түстердің көңіл күй мен эмоциядан бастап жүрек соғысына, тіпті физикалық күшке ықпал ете алатынын айтады. Мысалы, Лиза Уилмс пен Дэниел Оберфелд (2018) қызыл түстің ашық реңктері адамның қызбалығын арттыратынын, тіпті ұйқышылдыққа тосқауыл болатынын мәлімдейді. Енді бір эксперименттер корректура секілді монотонды істердің қызыл түсті бөлмелерде жақсы орындалатынын, ал эссе жазу сияқты шығармашылық жұмыстар көк түсті бөлмелерде өнімдірек болатынын көрсетеді. Кейбір зерттеулерде белгілі бір тұлға типіне жататын адамдар ғана (мысалы, интроверттер) қоршаған ортаның түсі секілді сыртқы әсерлерге сезімтал болатыны тұжырымдалған.
Бірақ бір салаларда түстің миға анық әсері анықталған. Мәселен, біздің дәм мен иіс сезу секілді сезімдерімізге түстердің ықпалы жүреді. Қызыл түске қатысты сондай ассоциациялардың бірі – тәттілік. 2016 жылы International Journal of Food Design журналында жарияланған, әлемнің әр бұрышынан 5 300 адам қатысқан зерттеуде қызыл түсті сусындар ең тәтті деп саналған. Азық-түлік пен сусын өндірісімен айналысатын ADM Nutrition компаниясы өзі жасап шығарған құлпынай дәмі бар өнімді сынақтан өткізеді. Сонда зерттеуді ұйымдастырушылар сусынның құрамындағы қантты көбейтудің орнына оның түсін неғұрлым қызғылт қылған сайын респонденттер үшін соғұрлым тәттірек көрінгенін анықтаған.
«Бұл құдды бір қып-қызыл алма сияқты: оның дәмін көрмей жатып, өзге алмаларға қарағанда тәттірек болатынына үміттенесің. Демек, түсті ашық әрі қанық ету арқылы миды алдауға болады: бұл жаңалық кейбір рецептілердегі қанттың деңгейін 10-20 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді аталмыш компанияның иіс жөніндегі маманы Мари Райт.
Бір қызығы, түстер бізге сезім арқылы жететін ақпараттың өзге де түрлерін бере алады. Дәл қазір жұп-жұмсақ сүлгінің жарнамасын көз алдыңызға елестетіңізші. Оның жұмсақ екенін әлгі сүлгідегі жіптерге қарап емес, оның түсіне (ашық көк секілді тыныштандыратын, қанық емес түстер) қарап сезінесіз. Кларк университетінің адъюнкт-профессоры Атефех Язданпарастың ойынша, түс неғұрлым қою болған сайын оған қатысты тактильді сезім де соғұрлым қарқынды болады. Мұны ғалым эволюциялық көзқарас тұрғысынан былайша түсіндіреді: біздің ерте кездегі ата-бабаларымыз үшін қою түстер қауіп түрінде қабылданып, оларды қауіпсіз жерде болуға итермелеген.
Бір зерттеулерде түс балалардың оқу үлгеріміне қалай әсер ететіні анықталады. 2016 жылы British Journal of Educational Psychology журналында жарияланған еңбекте әртүрлі түске боялған бөлмелерде отырып тапсырма орындаған 8-9 жастағы балалар зерттеу нысанына алынады. Сонда олардың жалпы үлгерімі қызыл түсті бөлмелерде нашарлағаны белгілі болады. Тағы бір зерттеуде жасыл түсті кеңістікте баланың шығармашылық қабілеті жоғарылайтыны айтылады.
Қысқасы, түсте тылсым көп...
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ