Осы уақыт ішінде өнер иесі бірде-бір медаль мен бір жапырақ грамота алмаған. Тек былтыр Абай мұрасын ұлықтағаны үшін әншінің ұзақ жылғы еңбегі ақталып, Президенттің қолынан Мемлекеттік сыйлық алды. Ал биыл Кенжеғали Мыржықбаев жетпістің желкенін керді. Өнер майталманын арнайы іздеп барып, қазіргі эстрада мен опера өнері жайында әңгімелестік.
Жетпіске дейін ән салған арманым жоқ
– Биыл жетпіске толдыңыз. Өткенге көз салсаңыз, өкінішіңіз бар ма?
– Армансыз адам болмайды. Әттеген-ай да болды. Дегенмен, аман-есен жетпіске жеткеніме тәубә деймін. Жетпіс жасымда немерелі болдым. Ол да үлкен қуаныш. Қалған өмірімді сол немереме арнаймын. Шешем үшінші класс, әкем үшінші курс оқып жүрген кезімде қайтыс болды. Халыққа танылған сәтімді сол кісілердің көре алмай кеткеніне күйінемін. Қазір балаларыма: «Сендер бақыттысыңдар. Әке-шешелерің тірі» деп айтып отырамын. Мен мектеп интернатта өстім. Былай қарасаң, интернат деген жетімдер үйі ғой. Ауылда жүріп, тырысып осы деңгейге жеттім. Өнерге, спортқа жақын болдым. Бәйге атқа көп шаптым. Жылқы да, қой да бақтық. Қи шығарып, шөп шаптық. Қазір қарап отырсам, біз шынығып өсіппіз. Құнарлы тамақ, таза ауа. Алайда біздің ауылдан жиырма шақырым жерде полигон орналасқан. Соның салдарынан сыныптастарым мен туған- туысқандарымның көбі жаман аурудан кетті. Жетпіске дейін ән салған арманым жоқ. Бұрын төрт сағат концерт өткізіп, ән айта беруші едім. Бірақ өткенде өлім аузынан қалдым. Вокалдық қалпыма келе алмай ұзақ жүрдім. Қазір екі сағат дайындалсам, шаршап қаламын. Өкінішім осы ғана. Ауылдан шығып, Ленинградта оқып, Алматыдағы Абай атындағы опера театрында Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Мұрат Мұсабаев, Роза Жаманова, Сәуле Құрманғалиева, Құрманбек Мырзабеков сияқты біртуар аға-буын опера әншілерімен сахналас болдым. Германияда алғаш рет «Біржанды» орындадым. Мәскеуде Колонна залында ән салдым. Бүкіл Қазақстанды аралап өттім.
– Өміріңіз Абай әлемімен, әндерімен тығыз байланысты. Былтыр ел болып Ұлы Абайдың 175 жылдығын тойладық. Қазақ қоғамы Абайды қаншалықты тани алды?
– Абай – мұхит. Абай Пушкин, Лермонтов, Гетені өз өлеңіндей етіп аударды. Ал Абайды біз жеткілікті аудара алмай келеміз. Түпнұсқада Абайды қазақтар ғана оқиды. Ал әлем Абай шығармаларымен әлі де қауыша алмай жатыр. Мен Абай елінде туып-өскеннен кейін, Абай атындағы операда жұмыс істегендіктен 1993 жылдан бастап, оның әндерін насихаттай бастадым. Абайдың 150 жылдығында бірнеше мемлекетке бардым. Абай әндерімен бүкіл облыстарды аралап өттім. 160 жылдығында «Өзгеге көңілім тоярсың» деген компакт диск жаздым. Онда Абай әндері мен оның сөзіне ән жазған қазақ композиторларының ән романстары жинақталған. Соның ішінде «Қараңғы түнде тау қалғып» атты Гетенің өлеңін Лермонтов аударған, Лермонтовтан Абай аударған. Сол өлеңді Бауыржан Момышұлы оқып, Гетеге – «3», Лермонтовқа – «4», Абайға – «5» қойыпты. Германияда осы әнді немісше, орысша, қазақша орындадым. Сосын Т.Шапай музыкасын жазған «Есіңде бар ма жас күнің» және М.Ыбыраев жазған «Қансонарда» әндерінің алғаш орындаушысымын. Абай елінде туып, Пушкин елінде білім алғаннан кейін Абай сөзіне ән жазған қазақ, Пушкин сөзіне ән жазған орыс композиторларының ән романс, арияларын топтастырып «Абай-Пушкин» атты концерт өткіздім. Абай әндері – таза классика. Ауылда жүргенде «Жарқ етпес қара көңілім» әнін Абайдікі деп ойлайтынмын. Семейге оқуға түскеннен кейін бұл Абай сөзіне жазылған С.Мұхамеджановтың романсы екенін білдім. Осы әнді Мұхтар Әуезов естігенде қатты риза болып: «Пәлі, мынау Абайдың лирикасына Сыдықтың музыкасы қандай дөп түскен. Қалай бір-біріне дәл қабысқан» деп композиторға рақметін айтыпты. Абайды отыз жыл бойы насихаттап келемін. Былтыр 30 жыл бойы Абай әндері мен Абай сөзіне жазылған қазақ композиторларының вокалдық шығармаларын орындағаным үшін Президентіміз Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берді. Отыз жылдың ішінде орден, медаль түгіл бір грамота алмаппын. Атақ қуу, біреуге жалыну қанымда жоқ. Тек еңбек ете бердім. Бәйге аттары өз иесін ғана мінгізеді. Басқа адамдарды қасына жолатпай, тістейді. Сол мінез менде де бар. Өнер адамдары эмоцияға тез беріледі. Айтарын айтып тастайды. Мүмкін, сол мінезімнен де шығар еңбегім былтыр ғана бағаланды.
– Өнеріңізді жалғайтын шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?
– Тоғыз жыл Музыкалық академияда сабақ бердім. 1996 жылы Ақмолаға алғаш келген өнер адамымын. 1997 жылы Жәнібек Кәрібжанов Ақмолаға әкім болып келді. Оған дейін Целиноградта бірде-бір қазақ әкімі болмаған. Жәнібек Кәрібжанов «Ақмоланың өнері өксіп тұр» деген мақаламды оқып, мені филармонияның директоры қызметіне тағайындады. 1998 жылы Айман Мұсаходжаеваның шақыруымен Музакадемияда ән салу кафедрасының меңгерушісі болып, тоғыз жыл қызмет істедім. Сол кезде шәкірт тәрбиеледім. Гастрольдік сапарларым көп болғандықтан санаулы ғана шәкірт алдым. Қазір олар Астана операда, филармонияда, Өнер университетінде еңбек етіп жүр. Негізі шәкірт тәрбиелеу қиын. Себебі нағыз өнер үшін жаратылған дарындар аз.
– Ал өзіңіз өнер жолына қалай келдіңіз?
– Біз ауылда өстік. Ол кезде елімізде миллион қойшы болған шығар. Әр қойшының етігінде «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдары жүретін. Қазір газет оқитын бала жоқ. Біз радио тыңдап, газет-журнал оқып өстік. Тек жағынан Тәттімбеттің ұрпақтарымыз. Әкем солақай домбырашы болатын. Көп дүниені көзі тірі кезінде сұрай алмай қалдым. Сол өнердің сынығынан ба, есту қабілетім жақсы болды. Кішкентайымнан домбырада ойнап, баян тарттым. Ән де айттым. Спортқа да құмар болдым. Семей музыкалық училищесіне түстім. Кейін арман қуып, Алматыдағы консерваторияда білім алдым. Опера, симфония тыңдап, атақты дирижерлерді көріп, осы салаға қызықтым. Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясына Кеңес үкіметі бойынша 350 адам тапсырып, 18-іміз ғана оқуға түстік.
–Белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтен, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтен бата алыпсыз. Сол жайлы айтып беріңізші?
–1981 жылы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі ретінде жұмысқа тұрдым. Композитор Сыдық Мұхамеджанов Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсына дайындалып жатыр екен. Мені сынап көргісі келді ме, халық әртісі Нариман Қаражігітов пен еліміздің еңбек сіңірген әртісі Сұлтан Байсұлтановтың қасына үшінші етіп мені Ақан сері рөліне бекітті. Мен де барымды салып жанталастым. Кім тұсаукесерде орындаса, сол үздік болып саналатын. Ол кезде халық әртістері ғана премьераға шығатын. Осы стереотипті бұзып, жас болсам да менің бағым жанып, Ақан серіні премьерада орындадым. Барлық зиялылар опера театрына жиналды. Жазушылар одағын Ғабит Мүсірепов өзі бастап келді. Композиторлар одағын Еркеғали Рахмадиев бастап келді. Содан кейін атым шықты. Ғ.Мүсірепов «Кенжеғали, Төлегенді айтшы» деді. Сөйтіп, Төлегеннің, Біржанның партиясын айттым. Кейін Ғабит Мүсіреповтың сексен жылдығына барып та ән айттым. Ол кісі әдебиетте де, өнерде де жастарды қолдап отыратын. Театрда бәсекелестік пен бақталастық жоғары. Бәрі Біржан болғысы келеді. Ал Біржанның партиясын орындаған әншіні күндейді, жүйкесін жүндейді. «Ат қадірін білмеген, ақсақ етіп тынады, бақ қадірін білмеген, бақастықтан сынады» дейді, сол көреалмаушылықтан күйіп кеткендер болды. Елу жасқа жетпей дауысынан айырылғандарды да көрдік. Жексенбек Еркінбеков пен Өзбекәлі Жәнібеков екеуі де қазақи, жақсы министр еді. Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық фольклорға үлкен мән берді. Ансамбльдер құрды. Ұлттық өнерімізді өз биігіне шығарып кетті. Аз уақыт министр болса да, халық есінде қалды.
Таланттар шала сауаттылардың көлеңкесінде қалды
– Ән қоржыныңыз лирикалық сазға толы. Музыкаға деген талғамыңыз да биік. Бүгінгі қазақ эстрадасын тыңдайсыз ба? Қандай баға бересіз?
– Әншінің шыңы – опера. Операда айтқан адам ария да, романс та, халық әнін де, эстраданы да айта алады. Қазір эстрадада шала сауатты, нота танымайтын адамдар қаптап кетті. Әу демейтін қазақ жоқ. Караокеге барып кез келген адам ән айтып, өзіне ұнаса, сол әнді фонограммаға жазып алады. 15-20 ән жазып алып, 30 жыл бойы айналдырып айтып жүргендер бар. Киелі сахнаны кроссовкамен таптап тастады. Мысалы, мен күнде дайындалғаннан ләззат аламын. Шын таланттар шала сауаттылардың көлеңкесінде қалды. Кезінде мынандай жағдай болған. Бибігүл Төлегенованың 60 жылдығын жүргізіп, Алматы облысын аралап өттік. Сонда халық әртістерінің атын айтсам, халық танымайды. Ал Бибігүлді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін таниды. Себебі Бибігүл операны да, халық әнін де, композиторлардың әндерін де айтады. Сонда: «Әнші болып қалу үшін халықпен тығыз байланыста болу керек екен ғой. Халық әнін, композиторлық әндерді айту керек» деген ойда қалдым. 1991 жылы тұңғыш рет филармонияда жеке концертімді бердім. Сол кеште романс та, композиторлардың әндерін де айттым. Сол концертті телеарна бір-екі рет ғана көрсетіп еді, бүкіл Қазақстанға атым шықты. Облыс орталықтары шақыра бастады. Бағдарламамды да кеңейте бердім. Ал осы жасап жүргенімді әріптестерім қызғанатын. Олар «Опера әншісі тек операда ән айту керек» деп санайтын. Ал өзім эстраданы айтқан соң, эстрадалық әндерді тыңдаймын. Қазір тойда да, ойда да нота танымайтын әншілер жүр. Дәстүрлі музыканы бітіргендер де эстрадаға барды. Олардың бірінші мақсаты – ақша табу. Екіншіден – жастардың талғамын бұзып, халықтың санасын улауда. Мысалы, Абай операсында А.Жұбановтың «Қарлығашын» хормен айтатынбыз. Сол әнді «Дауыс International» деген топтағы төрт қыз орындады. Жоғарғы ноталарын қиып тастаған.
А.Жұбанов тіріліп келсе, «Кенжеғали, сен орындадың ғой. Қалай бірауыз сөз айтпайсың оларға» деп маған ұрысар ма еді. Соны қанша жерге айтып жүріп, қазір қойдырғандай болдым. Қазіргі эстрада әншілері халық композиторларының әндерін бұзып бітті. Бүкіл Қазақстанға 20-30 әнші жетеді. Ал қазір аузы бардың бәрі әнші. Қиын әндерді айтпайды. Ал шамасы келетін әнді бұзып айтады. Өздері бір ән жазса соны басқа ешкім орындамасын деп шықты. Егер ән керемет болса, оны неге бүкіл қазақ айтпасқа? Ш.Қалдаяқовтың әнін де бүкіл халық айтады. Одан кейін, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» негізі гимн емес, ән. Сол әнді бұзып, гимнге айналдырып жіберді. Соны қайта халыққа қайтаруымыз керек. Гимн болатын «Елім-ай», «Қаракесек», «Назқоңыр», «Атамекен» сияқты әндер бар. Бұл – менің жеке пікірім.
Бүгінгі композиторлардың халық айтатын бір әні жоқ
– Қазақтан шыққан кәсіби опера әншілерінің аға буынысыз. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары қазақ операсы жаңа сатыға көтерілді. Ал көрерменнің операға деген қызығушылығы қандай?
– Біздің кезімізде операның беделі керемет еді. Қазір қай сала болса да, сұйылып бара жатыр. Сонымен қатар жыл сайын қаншама классикалық әншілерді даярлап жатырмыз. Бірақ солардың бәрі бірдей операға бармайды. Не әлемдік деңгейге шығып өнер көрсетпейді, не халықтың әнін айтпайды. Қанша әнші шықса да, халық оларды танымайды. Е.Хасанғалиевтың «Атамекенін» айтатын әнші жоқ. Бәрі еуропалық әндерді айтуды мода санайды. Бұрын көрермен Сараны Роза Жаманованың айтып жатқанын, Федераны Ермек Серкебаевтың айтып жатқанын дауысынан біліп отыратын. Қазір операға барсаң бәрі бір, еуропалық дауыста айтады. Қазақ шығармаларын орындай алмайды. Өйткені көп әншінің жаны – орыс. Халық әндерін түсінбейді. Біздің кезімізде қазақ композиторларының опералары қойылатын. Брусиловскийдің «Ер Тарғыны», «Қыз Жібегі», Рахмадиевтың «Қамар сұлуы», С.Мұхамеджановтың «Ақан серісі», «Ай сұлуы», «Жұмбақ қызы», Жұбанованың «Еңлік-Кебегі», А.Жұбановтың «Абайы» қойылатын. Қазір қазақ опералары қойылмай кетті. Сонда елімізде опера театрлары шетелдік спектакльдерді қою үшін салына ма? Қазір операда жазылмай қалды. Бүгінгі композиторлардың халық айтатын бір әні жоқ. Келесі жылы – Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы. Бір операсы әлі қойылған жоқ. Ол 3 опера жазған адам. Операның обалына шетелге еліктеген әншілер қалып жүр. Халық әнін, классикалық шығармаларды айтатын әнші қалмай бара жатыр. Қазақ композитрлері ұмытылып бара жатыр. Ал Шәмші Қалдаяқовты бизнеске айналдырып жіберді. Бір шәкіртімнің концертіне бардым. 22 ән орындалды. Оны 20 әнші айтты. Жалғыз өзім 22 шығарманы орындай беремін. Қазір жеке концерт беретін әнші де қалмады. Шетелдіктерді өздерінің операсын айтып таңқалдыра алмаймыз. 1986 жылы біз Германияға Біржан сал операсын апардық. Сол кезде ұлттық фольклорымызға немістер таңғалды. Қазір көрермен қай партияны қандай әншінің орындап жатқанын танымайды. Рахмадиев пен Кекілбаевтың «Абылайхан» операсынан кейін қазақ операсы жазылған жоқ. Жазылмайды деп ойлаймын. Жазған күннің өзінде қазақи композитор қалған жоқ.
– Алатау баурайынан Арқа төсіндегі Астанамызға қоныс аударған алғашқы зиялылардың қатарындасыз. Дегенмен халық әлі де Алматыны мәдениет ошағы санайды. Неге?
– Ақмолаға алғаш келгенде қазақтардың үлесі 17 пайыз ғана болатын. Ал зиялы қауымның бәрі Алматыда еді. Мен сол кезде «Опера зал, өнер университеті, концерт залы керек» деп Президентке дейін айттым. Қазір бәрі салынды. Мәдени ошақтардың саны жағынан Астана Алматымен теңесті. Бірақ Алматы рухани орта болып қала береді. Ал Астана өркендеуі, асқақтауы, танылуы керек. Өнер университеті мәдени ошақтарды толығымен қызметкерлермен қамтып отыр. Жалпы, Ақмолаға өнер адамдарынан мен бірінші келсем, ғалымдардың арасынан Дихан Қамзабекұлы бірінші келді.
Сахнадағы жан көзге де сүйкімді көрінуі тиіс
– Замандастарыңыз сіздің өмір сүру салтыңызға қызыға қарайды екен. Кешкі 5-тен кейін тамақ ішпейтініңіз рас па? Салауатты өмір сүрудің құпиясы қандай?
– Ленинградта оқығанда бізге «дауыс гигиенасы, тамақтану гигиенасы» дегенді үйретті. Өнер адамы сахнада сыптай болып, сымдай тартылып тұруы керек. Біздің қазақ аты шығып атақ алса болды, қарны қабақтай, беті табақтай болып, жер баса алмай қалады. Е.Рахмадиевтың 80 жылдығын Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте өткіздік. Сол кезде Е.Рахмадиев: «Кенжеғалиға қараңдаршы, режимді қатты сақтайды. Не тамақ, не арақ ішпейді. 60-қа келсе де сыптай тартылып, дауысы сыңғырлап тұр. Өйткені ол өзін-өзі күтеді. Өнер адамы осындай болуы керек» деді. Ковидпен бір ай ауырып, әлсіреп қалғаным соншалық, кейін қолымды екі жерден сындырдым. Осылай бір жарым жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім. Ал ковидке дейін апта сайын жаттығу залына, бассейнге баратынмын. Одан кейін әлсіреп қалдым. Таңертең жеңіл тамақ ішемін. Сосын сағат 4-5-те тамақтанамын. Ол менің түскі және кешкі асым болады. Шөлдесем, кішкене су ішемін. Соның арқасында сергек жүремін. Қазір құнарлы тамақ та қалмады. Барлық азық-түлік өнімдері химия болып кетті. Өнер иесі сахнада өз мінін жасыра алуы керек. Сахнадағы жан көзге де сүйкімді көрінуі тиіс. Бұл – сахна мәдениеті. Келген көрерменнің де түр-түрі болады. Концерттен кейін энергияң қалмай қалуы да мүмкін. Көз бен сөздің адамға әсер ететінін өмірде көп байқадым.
– Халқымыз «жігітке жеті өнер де аз» дейді. Сіздің бәйгеге шапқан шабандоз екеніңізді, аңшылықтың небір құпиясын білетін мерген екеніңізді көп адам білмейді. Өз аузыңыздан естісек?
– І.Жансүгіров «Жасымнан жылқы десе менің жаным, Атырдым ат үстінде өмір таңын» дейді. Сол сияқты, жылқы менің жаныма жақын. Асау да үйреттім. Бәйгеге шауып, талай рет бірінші келдім. Жүлдеге 20 рубль мен бір кілем береді. Аттың иесі кілем мен 1 рубльді өзі алады да, 19 рубльді маған береді. Бүкіл интернат сол күні менің жеңісімді тойлап, сол ақшаға дастарқан жаятынбыз. Сосын аңшылыққа құмар болдым. Мылтық атып, тазы ұстадым. Түлкінің өз қулығы, қасқырдың өз қулығы бар. Түлкіден қу аңды көрген жоқпын. Тазыны да алдап кетеді. Құйрығын бұлғаңдатып, әр тасты соғып тазыдан қашады. Өзі алдын-ала қай таста бұрылатынын межелеп қояды да, құйрығын тасқа ұрып, өзі басқа жаққа жалт бұрылғанда тазы келіп, тасқа соғылады. Сондайларды да көрдік. Ал қасқыр өте ақылды аң. Аңшының мылтығының иісін 1 шақырым жерден сезеді. Осы ауылдың маңайына күшіктесе, бөлтіріктері өскенше, сол ауылдың бір малына тиіспейді. 20-30 шақырым жердегі басқа ауылға түнделетіп барып бір қой алып келуі мүмкін. Ал күшігін өлтіріп, яки інінен алсаң, тыныштығың қалмайды. Түнделетіп келіп малыңды қырып, кегін алады. Одан кейін, барған жерімде тауға шықпай кетпеймін. Бір жағынан таудың шыңына шыққаннан шабыт аламын. Көкшетауға барған сайын тауға шығып, Ақанның әндерін айтамын. Сонда шипажайда отырған адамдар: «Тауда радио қосулы тұр ма?» деп айтады екен. Көбіне жаяу жүріп, спортпен айналысамын. Менің жаяу кетіп бара жатқанымды көрген «Джиптағы жұлдыздар» сыртымнан қыжыртып, «Жаяу Мұса» деп күледі екен. Астананың бас ақыны атанып кеткен Серік Тұрғынбекұлы соған намыстанып, маған арнап, «Жаяу Мұсаның мұңы» деген өлең де жазды. Мен осы өлеңді жаттап алып, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін айтатын кезде оқып беріп жүрмін. Халық жақсы қабылдайды.
– Еуразия ұлттық университетінде білім алған кез келген студент сіз жетекшілік ететін «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің кештерінің тұрақты көрермені десек, артық айтпаймыз. Сананы серпілтіп, көңілге рухани азық сыйлайтын жоба өз мақсатына жете алды ма?
– 2011 жылы мен Өскеменде қызмет етіп жүрдім. Сол кезде ұлттық университетке Ерлан Сыдықов ректор болып келді. Ол кісі: «Мемлекеттік жұмыста қадіріңізді кетіріп қайтесіз. Болашақ ұрпаққа эстетикалық тәрбие беретін жоба ашайық» деп мені шақырды. Осылайша, Астанаға қайта оралып, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігін аштық. Ақын-жазушы, композитор, ғалымдармен түрлі кештер өткіздік. Симфониялық оркестрді де, балетті де, спектакль де көрсеттік. Атап өтерлігі, Е.Рахмадиев пен Кәкімбек Салықов, Кеңес Дүйсекеев сияқты тұлғаларымыздың өміріндегі соңғы кездесуі біздің университетте өтіп, ерекше тарихта қалды. И.Жақанов, И.Сапарбай, С.Ақсұңқарұлы, А.Бақтыгереева, Н.Оразалин,М.Шаханов, Н.Жүсіп, Ғ.Жайлыбай, Е.Қыдыр, Д.Мыңбай, Б.Сапаралы, К.Әмірбек, Ж.Ерман, Ө.Ахметов, Ш.Бейсенова, С.Қасқабасов, С.Дөрбетхан, С.Оразалин, А.Алматов, Т.Теменов, Ж.Жүзбай, М.Өтекешова, Ұ.Есдәулет тағы да көптеген тұлғалармен кездесу өткіздік. Жақында Светқали Нұржановты шақырдық. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғаларды шақырамыз. С.Ақсұңғарұлы, А.Бақтыгереева, И.Жақанов та кездесуге келді. Эстетикалық тәрбие беретін осындай жоба басқа бір жоғары оқу орнында жоқ. Қайда барсам да, алдымнан «Кәусардың» кештерінен әсер алған бұрынғы студенттеріміз шығып, алғысын айтып жатады. Интернеттен оқыған жаңалық пен көрген кеш есте қалмайды. Ал тұлғалармен өмірде кездесіп, әңгімесін бір сағат тыңдаса, сол студенттің өмір жолына үлкен азық болады. Ректорымыз 70 жылдығыма «Кәусардың» кездесуінен фотосуреттерді топтастырып, үлкен кітап шығарып беремін деп отыр.
– Әлеуметтік желіні белсенді қолдануыңыздың себебі қандай? Ұмыт болған жылдардағы концерттердің үзінді бейнелерін жиі жариялап отырасыз. Архивтерді қайдан аласыз?
– Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ. Бір ғана Қазақстан арнасы концерттерді түсіретін. Алтын қордан жас кезімдегі видеоларды іздеп, тауып алдым. 6 опера, 5-6 концертім бар еді. Біреуі жоқ. Бәрі өшіп қалыпты. Тек үзінділерін ғана таптым. Әлеуметтік желіге бұрынғы концерттің үзінділерін жариялауымның бірінші себебі, жастарға қазақ әндерінің қандай екенін көрсету. Екінші себебі, заман талабынан қалмау. Бұл мақтан үшін емес. Өнердегі із басарларыма дұрыс жол көрсету үшін жасаған қадамым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН