Қазақстанда бірінші наурыздан бастап не өзгереді?
Қазақстанда бірінші наурыздан бастап не өзгереді?
© Сурет ғаламтордан
345
оқылды
Наурыз айынан бастап елімізде бірқатар өзгеріс болады. Мәселен, Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы әзірленді. Ал астаналықтар үшін қоғамдық көлікте қосымша тарифтер енгізіледі.

Наурызды басқаша тойлаймыз

Қазақстанда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу мәселесі талай рет көтерілген. Себебі қазіргі Наурызымыздың сахналық сипаты басым. Осыған орай, күні кеше ғана осы мейрамды атап өтудің жаңа форматы таныстырылды. Мамандар арнайы тұжырымдаманы да әзірлеп қойды. Тұжырымдама бойынша алты күн дайындық шараларына арналса, қалғаны мерекелік күндер болады. Олар:
  • 14 наурыз – Көрісу күні;
  • 15 наурыз – Шежіре күні;
  • 16 наурыз – Жайлау күні;
  • 17 наурыз – Игі істер күні;
  • 18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні;
  • 19 наурыз – Зияткерлік күні;
  • 20 наурыз – Жоралғы күні;
  • 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні;
  • 22 наурыз – Бұқара күні.

Ұлыстың әрбір күні қалай тойланады

"Рухани жаңғыру" орталығының директоры Жанар Бұқанованың айтуынша, Жайлау күнінде адамдар табиғат аясына шығып, серуен құра алады. Тал отырғызуға болады. Осының арқасында өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениеті көтеріледі.
"17 наурыз - игі істер күні, дархандық күні деп отырмыз. Бұл күні әр адам мүмкіндігіне қарай бір жақсы іс жасайды. Соның ішінде еріктілердің қатысуымен көптеген шара өтеді. Осы күні жергілікті әкімдіктер сан алуан қайырымдылық акция ұйымдастырады", - дейді Бұқанова.
Шымырлық пен шеберлік күні ұлттық спорт шараларына арналса, 19 наурызда балалардың арасында зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. Жоралғы күні салт-дәстүрлерді жаңғыртуға арналады. 21 наурызда ұлттық тағамның түр-түрі жасалса, 22-сінде мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, тұжырымдама бойынша ұжымдық корпоративтер мен қызметкерлерге сыйақы беру шараларын Наурызға қарай ұйымдастыру ұсынылып отыр. Айта кеткен жөн, тұжырымдама міндетті құжат болып саналмайды. Оны барлық облысқа ұсыным ретінде таратады.

Теміржол билеті қымбаттады

"Түріксіб Астана" ЖШС-ның барлық бағыты бойынша билет құны 3-7%-ке қымбаттады:
  • 3% - 015/016 Алматы-Петропавл
  • 7% - 043/044 Қостанай-Алматы
  • 7% - 621/623 Қостанай-Арқалык
  • 7% - 327/328 Қостанай-Қарағанды
Теміржол билетінің бағасы 2017 жылдан бері бірінші рет өзгеріп отыр.

Балалар тегін жүреді

28 наурыздан бастап астанада кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаға автобуспен тегін жүруге мүмкіндік беріледі. Ол үшін арнайы картаны сатып алу қажет. Оның бағасы – 500 теңге. Сосын қоғамдық көлікте валидация жасап отыру керек. Себебі компания жолаушылар тасымалын бақылайды. Бұдан бөлек, зейнеткерлер, ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалпы жеңілдік алатын азаматтар қала маңындағы автобустармен де тегін жүре алады.

Жаңа тарифтер енгізіледі

Наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері енгізіледі. Бұдан бөлек, айлық жол жүру қызметтеріне "Қала+экспресс" және "Қала+экспресс+қала маңы" сияқты жаңа тарифтер қосылады. Жаңа тарифтер:
  • Айлық жол жүру. "Қала+экспресс", құны - 10 мың теңге. Соның арқасында қалалық және экспресс бағдарлармен бір ай бойы шектеусіз жүруге болады;
  • Айлық жол жүру. "Қала+экспресс+қала маңы" - 13 мың теңге;
  • "3 айлық жол жүру" - 20 мың теңге;
  • 1 күндік жол жүру ақысы - 500 теңге;
  • 3 күндік жол жүру ақысы - 1 500 теңге;
  • 5 күндік жол жүру ақысы - 2 мың теңге;
  • 15 күндік жол жүру ақысы - 4 мың теңге.
"Айлық жол жүру тарифтері түсінікті ғой. Ал 1-15 күндік тарифтерге тоқталатын болсақ, 500 теңгеге күні бойы шектеусіз жүруге болады. Сол сияқты 1 500 теңгені салып, үш күн бойы автобустармен жүре беруге мүмкіндік бар. Ондай тарифтер автобуспен жиі жүретін адамдарға тиімді", - дейді компания мамандары. Айта кеткен жөн, 7 500 теңгеге бір айға алынатын жол жүру тарифі өзгеріссіз қалды. 9 500 теңгенің айлық тарифі де сол күйінде қалады. Жолақыны ақшалай және көлік картасы, SMS/QR арқылы төлеу сақталады – 180 және 90 теңге.

Тегін ауысып отыруға шектеу қойылады

"City Transportation Systems" компаниясы (бұрынғы "Astana LRT" ЖШС) жаңа тарифтерді енгізу аясында бір сағаттың ішінде екінші автобусқа тегін ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды. Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 28 наурыздан бастап жаңа тарифтер енгізіледі. Соған сәйкес, барлығына бірдей 60 минуттың ішінде басқа автобусқа ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды. Ондай мүмкіндік тек екі тариф кезінде ғана сақталады. Олар:
  • 15 сапар – 2000 теңге;
  • 30 сапар – 4 000 теңге.
Алайда астаналықтар жаңадан енгізілетін екі тарифтің жеңілдігі көп емес деп санайды. Ал кейбір азаматтар үшін ондай жеңілдік мүлдем сезілмейді. "Мысалы, мен 15 сапарды 2 000 теңгеге сатып алсам, 90 теңгеден 15 сапардың өз бағасы 1 350 теңге болады. Сонда арғы жағында 650 теңгені "тегін ауысып отыруға" өзім төлеп тұрмын. Бұл – 7 рет ауысып отыру. Енді, мен күнде ауысып отырмасам, өз ақшама жүретін болып тұрмын ғой. Бұл жерде ешқандай жеңілдік жоқ", - дейді қала тұрғыны Қайырбек Жұматаев.

IELTS-тің бағасы көтеріледі

1 наурыздан бастап IELTS тестінің бағасы өзгереді.  Олар:
  • Paper Based IELTS (Алматы мен Нұр-Сұлтан) - 61 000 теңге;
  • Computer delivered IELTS (Алматы мен Нұр-Сұлтан) - 61 000 теңге.
Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда IELTS-тің бағасы 55 000 теңге болған.