Жүректің тамырларына кардиохирургтер, ал мидағы қан айналымына нейрохирургтер жауапты. Ал адам денесіндегі қалған тамырлардың жұмысымен айналысатын маман – тамыр хирургы.
Тамырдың тынысын жазбай таниды
902
оқылды

Қысқаша айт­қанда, қан-тамыр хирургиясы – қазіргі заман мен бо­лашақтың медицинасы, ол артерия, ве­на, лимфа ауруларын толықтай қамтиды. Қан та­мыр хирург­та­рының міндетіне адам денесіндегі түрлі қан-тамырының туа біткен патологиялары секілді қан тамырларына қа­тысты барлық ауру­ларға ота жасау  мен эндо­вас­ку­лярлық манипу­ля­циялардың барлық спектрі кіреді. 

Бүгінде медицинадағы бұл бейінді мамандардың алдына келетін науқастардың саны ана­ғұрлым артып отыр. Ұлттық ғы­лыми онкология орталығының тамыр хирургі Ербол Жүсіба­лиевтің айтуынша, саламатты өмір салтын ұстанбағандармен ауыр жұмыс істей­тіндердің ара­сында тамыр хи­рургының кеңе­сіне жүгінетіндер көбейген. Ай­талық, әлемде жыл сайын инсульт пен инфарктен 17 миллион адам қайтыс болса, соңғы 20 жылда елдегі жүрек-қан тамыры ауру­лары 10 есеге, ал соның салда­рынан болатын өлім 2 есеге өс­кен. Бұрын атеросклероз диаг­нозы 45 жастан асқан адам­дарға қойылса, қазір 30 жастан асқан адамдарда да бұл ауру жиі шал­дығады. Осы күні варикоз да 20 жастан асқаннан кейін кездесе береді. 

Науқастың 91 пайызына ота жасалады

Орталықтың тамыр хирур­гиясы бөлімшесіндегі мамандар операцияның барлық түрін жа­сайды. Мұнда науқастардың аорта мен ма­гис­тральды арте­риялардың па­толо­гия­­сына күр­делі хирур­гиялық ота жасатуына мүмкіндік бар.  

– Ашық және рентгеннің кө­мегімен жасалатын екі түрлі отаның түрі бар. Біздің бөлімде жылына 600-ден аса науқас жатса, олардың 91 пайызына отасыз ем қонбайды. Сонда жыл сайын та­мыр хирургиясында 800-ден аса ота жасалады. Оның 60 пайызы – ашық, қалған 40 пайызы ин­тервенциялық ота. Бір ғана ка­ротид артерияларының пато­логиясы туралы айтатын болсақ, онда біз жыл сайын 100-ден астам науқасқа, аптасына 2-3 адамға ота жасаймыз. 

Мұндай оталар қазір көптеген ауруханада жасала береді.  Алайда бізде оталар жергілікті анесте­зиямен жасалады. Науқастың санасы ояу болады және операция кезінде дәрігерлермен байла­ныс­та жа­тады. Әрі қарай хирург «ұй­қы артериясын сынау» деп ата­латын тәжірибені қолданады, – дейді хирург.

Тағы бір айта кетерлігі, қан тамырлары ауру­лары білінбей келеді. Айталық, каротид арте­риялары зақым­дан­ған кезде көп жағдайда адамдар клиникалық белгілерге жеткілікті  мән бер­мейді екен. Әдетте, бұл невропа­тологтың, кардиолог­тың, тамыр хирургының немесе ин­сульт­тан кейінгі тексерулерде кездейсоқ анықталып жатады.  

Тамыр хирургі Ербол Жү­сібалиев «Тамыр хирургиясы мен онкология бір-бі­рімен өте тығыз байланысты» дейді. Тәжірибеде қатерлі ісік та­мырлармен, төменгі қуыс та­мы­рымен, іш қолқасымен бірге өсетін жағдайлар жиі кез­деседі. Мұндай жағдайларда ісікті та­мырлармен бірге алып тастау керек. Бұл жерде онкологтар мен қан тамырлары хирургтарының бірлескен жұмысы қажет болады. Онкологтар ісікті алып тастайды, ал біз тамырларды қалпына кел­тіреміз. Қазір бұл көпсалалы тәсіл деп аталады. 

Ұйқы артериясына ұқыпты қарау керек

Адамның ұйқы артерияла­ры – миға қан жеткізетін негізгі қан тамырлары. Каротид артерия­сы­ның ауруы осы артериялардың біреуінің немесе екеуінің бітелуі миға қан ағынының мөлшерін азайтқанда пайда болады. Бұл инсультке әкелу қаупін жоға­ры­латады. Сөйтіп, каротид артерия­ларының патологиясы ише­мия­лық инсультке әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде мүгедектікке, тіпті өлімге әкеліп соқтырады. Адам ин­сульттан аман қалған күннің өзін­де оның өмір сүру сапасы ай­тарлықтай нашарлауы мүмкін. Сондықтан қан-та­мырлары ау­руларына жүрдім-бардым қарауға болмайды екен. Дәрігердің сө­зінше, хирургиялық емдеу ашық әдіспен сондай-ақ ангио­гра­фия­лық құрылғының көмегімен ка­ро­тид артериясына стент қою ар­қы­­лы жүргізіледі. Операциядан ке­­йінгі кезеңде пациенттер бел­гілі бір препа­рат­тарды қабыл­дауы керек. 

Тамыр ауруларының себебі сан алуан. Мәселен атероскле­розға себепші болады. Варикоз адамның күнделікті өмір сүру ерекшелігіне байланысты пайда болады. Мә­селен, тікеден тік тұ­рып жұмыс істейтін адамдардың дені қазір варикозбен ауырады. Әсіресе, варикоз әйелдердің арасында жиі кездеседі. Себебі жүктілік кезінде аяғы ауыр әйел­дерде варикоз пайда болу қаупі жоғары. Оған тек ота жасалады.   Операциядан кейін де вари­коз қайтадан пайда болуы мүмкін. Алайда келесі жолы басқа та­мырлары кеңейіп кетіп жатады екен. Оның өзіндік себебі бар. «Өкінішке қарай, науқас­тардың көбісі қан тамырлары зақым­дануының алғашқы бел­гілерінде ауруханаға бармайды» дейді дә­рігер. Оның айтуынша, құлақ ішіндегі шуыл, бас айналу, тең­селіп жүру секілді жайсыз­дықтар мазаласа, кезек күттірмей учас­келік дәрігерге барып, та­мыр хирургінің кеңесіне жү­гіну керек. Қосымша тексеру қа­жет болса, науқас ультра­ды­быстық немесе компьютерлік то­мографияға жіберіледі. 

Рентген хирургия жақсы дамып жатыр

– Республикалық орталық болған соң бізге бүкіл облыстан науқастар келіп түседі. Науқас­тарға жасалатын күрделі опера­циялардың қатарына ұйқы ар­терияларының тарылу пато­ло­гиясы кіреді. Сосын құрсақ ау­рулары аневризмалары үлкейген кезде күрделі отаның көмегі керек. Сол арқылы анев­ризманы алып тастап, жасанды протез са­лып береміз. Аяқтың қан та­мыр­лары бітелген кезде де шунттық операцияларға жүгіне­міз. Жалпы, сүт безі, жатыр мойны немесе асқазан қатерлі ісігі сияқты өте кең таралған қатерлі ісіктерден басқа, адамның тамыр жүйесіне әсер ететін ауыр және қауіпті патологиялар бар. 

Өкінішке қарай, бастапқы кезеңде тамыр ауруы көрінбеуі мүмкін. Мысалы, аневризма адамның өліміне әкелуі мүмкін өте қауіпті патология. Дегенмен қазір бізде рентген хирургия жақсы дамып жатыр. Осыған дейін ашық жа­са­латын опера­циялардың өзі қа­зір рентгеннің көмегімен ота жаса­лады. Ол біз­дің елде соңғы 10-15 жылда қар­қынды дамып келе жатыр. Оның ашық отадан айыр­машылығы, жарақат аз бо­ла­ды, науқас көп жағдайда ояу жа­тады, – дейді Ербол Жүсібалиев. 

Аяқтың атеросклерозына келетін болсақ, аяқ қан тамы­рының бітелуі немесе тарылуы жүрген кезде аяқ бұлшық етте­рінің ауруымен білінеді. Бастапқы кезде науқастың жүрген кезде 1 километрден кейін аяғы ауы­рады, бірте-бірте 10-50 метр жүр­геннен кейін аяқтарындағы ауыр­сыну жиілей бастайды. Қант диабетімен ауыратын адамдар болса аяқтарында қосымша жара пайда болып, ұзақ уақытқа дейін жазылмайды. Оның барлығы кейін гангренаға, ұйқы ауруының тарылуына, негізгі қаупі – ин­сульт­қа алып келеді. Негізінде қанның қоюлануы көбінесе тромб­қа әкеледі екен. 

Жараны асқындыратын жарнама көп 

Қазір ауруына ем іздегендер дәрігерлерге қарағанда әр­түрлі биологиялық қоспалар мен жарнамасы жер жаратын пре­па­раттарға көбірек сенеді. Ал соңғы уақытта варикозды сүлік пен ине салдырып, хиджама жасату арқы­лы емдеуге болатыны туралы әлеу­меттік желіде де түрлі жар­нама бар. Бірақ бұл артында адам денсаулығы емес, өз тауары мен қыз­метін ұсынып, қажетті қара­жатты қалтаға басуды ғана ой­лай­тындардың әрекеті. Әйтпегенде, варикоз ауруына жарнамада жүріп жатқан ешқандай дәрі немесе қызмет түрлері көмектесе алмайды. Өйткені мұндай ауру­лардың түрлерін тек операциялық жолмен ғана емдеуге болады. Ал әлгінде айтқан дәрілік препарат­тар қосымша ем ретінде ғана қолданылуы мүмкін. 

«Осындай таблетка алып іш­сек, кетіп жатыр екен деп естідік» деп ауруы асқынған кезде келетін науқастар бар. Біздің айтарымыз сол, таблетка ішіп, ине салып, сүлік қойдырсаң да варикоздан арылу мүмкін емес. Керісінше, асқындыру қаупі басым. Өкі­нішке қарай, кейбір кезде қате диагноз жасалып, қате ем қол­да­нылғаннан да ауру асқынып кетеді.

Алайда науқастардың көбісі бізде жатқанда емін алады, ау­руханадан шыға сала ауырғанын ұмытып кетеді. Ал олар қан сұ­йылтатын препараттарды ішпесе, салған протездер мен стенттердің жұмыс істеуі қиындайды, қайта қан ұйып қалуы мүмкін», – дейді тамыр хирургі. 

Маман тапшылығы бар

Орталықтағы қан тамырлы хирургия бөлімінде істеу үшін дәрігерлер кемі 11 жыл оқу керек. Аймақтарда тамырлы хирург­тер­дің тапшылығы бар. Мысалы, кейбір облыстарда тамырлы хирургия бөлімшесі жоқ. Бар облыстардың өзінде бір облысқа тек қана бір қан тамырлы хи­рургия бөлімшесі жұмыс істейді. Сондықтан көп жағдайда дәрі­герлер науқастарға қарауға физи­калық тұрғыда үлгермейді. Оның үстіне, науқастарда кездесетін кейбір ауыр оталар облыс орта­лықтарындағы бөлімшелерде жасалмайды.

Сондай-ақ орталықтағы хи­рург­тер облыстардағы науқас­тар­ға шұғыл көмек керек болған кезде санавиациямен барып, ауыр оталарды жасап келеді. Жа­қында ғана орталықтың профес­соры Тоқан Сұлтаналиев пен ме­дицина ғылымдарының кан­ди­даты Серік Сүлейменов баста­ған бригада Атырау қаласындағы науқасқа аневризманың жарылу қаупін, мүшелердің ишемиясын және іш қуысы мүшелерінің нек­розына операциясын сәтті өт­кізіпті. Ауырған жанның дер­тіне шипа дарып, аяқтан тұ­рып кеткені ақ халатты абзал жан­дар үшін абырой. «Халық ден­саулығының сақшысы атан­ған дәрігердің емі – шипа, сөзі – дауа» дейтініміз де сондықтан. Десе де, дәрігерлердің өздері айтпақшы, ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеген ата-бабалардың сөзіне құлақ түрген­нен дұрысы жоқ. 

Жадыра МҮСІЛІМ