Қысқаша айтқанда, қан-тамыр хирургиясы – қазіргі заман мен болашақтың медицинасы, ол артерия, вена, лимфа ауруларын толықтай қамтиды. Қан тамыр хирургтарының міндетіне адам денесіндегі түрлі қан-тамырының туа біткен патологиялары секілді қан тамырларына қатысты барлық ауруларға ота жасау мен эндоваскулярлық манипуляциялардың барлық спектрі кіреді.
Бүгінде медицинадағы бұл бейінді мамандардың алдына келетін науқастардың саны анағұрлым артып отыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығының тамыр хирургі Ербол Жүсібалиевтің айтуынша, саламатты өмір салтын ұстанбағандармен ауыр жұмыс істейтіндердің арасында тамыр хирургының кеңесіне жүгінетіндер көбейген. Айталық, әлемде жыл сайын инсульт пен инфарктен 17 миллион адам қайтыс болса, соңғы 20 жылда елдегі жүрек-қан тамыры аурулары 10 есеге, ал соның салдарынан болатын өлім 2 есеге өскен. Бұрын атеросклероз диагнозы 45 жастан асқан адамдарға қойылса, қазір 30 жастан асқан адамдарда да бұл ауру жиі шалдығады. Осы күні варикоз да 20 жастан асқаннан кейін кездесе береді.
Науқастың 91 пайызына ота жасалады
Орталықтың тамыр хирургиясы бөлімшесіндегі мамандар операцияның барлық түрін жасайды. Мұнда науқастардың аорта мен магистральды артериялардың патологиясына күрделі хирургиялық ота жасатуына мүмкіндік бар.
– Ашық және рентгеннің көмегімен жасалатын екі түрлі отаның түрі бар. Біздің бөлімде жылына 600-ден аса науқас жатса, олардың 91 пайызына отасыз ем қонбайды. Сонда жыл сайын тамыр хирургиясында 800-ден аса ота жасалады. Оның 60 пайызы – ашық, қалған 40 пайызы интервенциялық ота. Бір ғана каротид артерияларының патологиясы туралы айтатын болсақ, онда біз жыл сайын 100-ден астам науқасқа, аптасына 2-3 адамға ота жасаймыз.
Мұндай оталар қазір көптеген ауруханада жасала береді. Алайда бізде оталар жергілікті анестезиямен жасалады. Науқастың санасы ояу болады және операция кезінде дәрігерлермен байланыста жатады. Әрі қарай хирург «ұйқы артериясын сынау» деп аталатын тәжірибені қолданады, – дейді хирург.
Тағы бір айта кетерлігі, қан тамырлары аурулары білінбей келеді. Айталық, каротид артериялары зақымданған кезде көп жағдайда адамдар клиникалық белгілерге жеткілікті мән бермейді екен. Әдетте, бұл невропатологтың, кардиологтың, тамыр хирургының немесе инсульттан кейінгі тексерулерде кездейсоқ анықталып жатады.
Тамыр хирургі Ербол Жүсібалиев «Тамыр хирургиясы мен онкология бір-бірімен өте тығыз байланысты» дейді. Тәжірибеде қатерлі ісік тамырлармен, төменгі қуыс тамырымен, іш қолқасымен бірге өсетін жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда ісікті тамырлармен бірге алып тастау керек. Бұл жерде онкологтар мен қан тамырлары хирургтарының бірлескен жұмысы қажет болады. Онкологтар ісікті алып тастайды, ал біз тамырларды қалпына келтіреміз. Қазір бұл көпсалалы тәсіл деп аталады.
Ұйқы артериясына ұқыпты қарау керек
Адамның ұйқы артериялары – миға қан жеткізетін негізгі қан тамырлары. Каротид артериясының ауруы осы артериялардың біреуінің немесе екеуінің бітелуі миға қан ағынының мөлшерін азайтқанда пайда болады. Бұл инсультке әкелу қаупін жоғарылатады. Сөйтіп, каротид артерияларының патологиясы ишемиялық инсультке әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде мүгедектікке, тіпті өлімге әкеліп соқтырады. Адам инсульттан аман қалған күннің өзінде оның өмір сүру сапасы айтарлықтай нашарлауы мүмкін. Сондықтан қан-тамырлары ауруларына жүрдім-бардым қарауға болмайды екен. Дәрігердің сөзінше, хирургиялық емдеу ашық әдіспен сондай-ақ ангиографиялық құрылғының көмегімен каротид артериясына стент қою арқылы жүргізіледі. Операциядан кейінгі кезеңде пациенттер белгілі бір препараттарды қабылдауы керек.
Тамыр ауруларының себебі сан алуан. Мәселен атеросклерозға себепші болады. Варикоз адамның күнделікті өмір сүру ерекшелігіне байланысты пайда болады. Мәселен, тікеден тік тұрып жұмыс істейтін адамдардың дені қазір варикозбен ауырады. Әсіресе, варикоз әйелдердің арасында жиі кездеседі. Себебі жүктілік кезінде аяғы ауыр әйелдерде варикоз пайда болу қаупі жоғары. Оған тек ота жасалады. Операциядан кейін де варикоз қайтадан пайда болуы мүмкін. Алайда келесі жолы басқа тамырлары кеңейіп кетіп жатады екен. Оның өзіндік себебі бар. «Өкінішке қарай, науқастардың көбісі қан тамырлары зақымдануының алғашқы белгілерінде ауруханаға бармайды» дейді дәрігер. Оның айтуынша, құлақ ішіндегі шуыл, бас айналу, теңселіп жүру секілді жайсыздықтар мазаласа, кезек күттірмей учаскелік дәрігерге барып, тамыр хирургінің кеңесіне жүгіну керек. Қосымша тексеру қажет болса, науқас ультрадыбыстық немесе компьютерлік томографияға жіберіледі.
Рентген хирургия жақсы дамып жатыр
– Республикалық орталық болған соң бізге бүкіл облыстан науқастар келіп түседі. Науқастарға жасалатын күрделі операциялардың қатарына ұйқы артерияларының тарылу патологиясы кіреді. Сосын құрсақ аурулары аневризмалары үлкейген кезде күрделі отаның көмегі керек. Сол арқылы аневризманы алып тастап, жасанды протез салып береміз. Аяқтың қан тамырлары бітелген кезде де шунттық операцияларға жүгінеміз. Жалпы, сүт безі, жатыр мойны немесе асқазан қатерлі ісігі сияқты өте кең таралған қатерлі ісіктерден басқа, адамның тамыр жүйесіне әсер ететін ауыр және қауіпті патологиялар бар.
Өкінішке қарай, бастапқы кезеңде тамыр ауруы көрінбеуі мүмкін. Мысалы, аневризма адамның өліміне әкелуі мүмкін өте қауіпті патология. Дегенмен қазір бізде рентген хирургия жақсы дамып жатыр. Осыған дейін ашық жасалатын операциялардың өзі қазір рентгеннің көмегімен ота жасалады. Ол біздің елде соңғы 10-15 жылда қарқынды дамып келе жатыр. Оның ашық отадан айырмашылығы, жарақат аз болады, науқас көп жағдайда ояу жатады, – дейді Ербол Жүсібалиев.
Аяқтың атеросклерозына келетін болсақ, аяқ қан тамырының бітелуі немесе тарылуы жүрген кезде аяқ бұлшық еттерінің ауруымен білінеді. Бастапқы кезде науқастың жүрген кезде 1 километрден кейін аяғы ауырады, бірте-бірте 10-50 метр жүргеннен кейін аяқтарындағы ауырсыну жиілей бастайды. Қант диабетімен ауыратын адамдар болса аяқтарында қосымша жара пайда болып, ұзақ уақытқа дейін жазылмайды. Оның барлығы кейін гангренаға, ұйқы ауруының тарылуына, негізгі қаупі – инсультқа алып келеді. Негізінде қанның қоюлануы көбінесе тромбқа әкеледі екен.
Жараны асқындыратын жарнама көп
Қазір ауруына ем іздегендер дәрігерлерге қарағанда әртүрлі биологиялық қоспалар мен жарнамасы жер жаратын препараттарға көбірек сенеді. Ал соңғы уақытта варикозды сүлік пен ине салдырып, хиджама жасату арқылы емдеуге болатыны туралы әлеуметтік желіде де түрлі жарнама бар. Бірақ бұл артында адам денсаулығы емес, өз тауары мен қызметін ұсынып, қажетті қаражатты қалтаға басуды ғана ойлайтындардың әрекеті. Әйтпегенде, варикоз ауруына жарнамада жүріп жатқан ешқандай дәрі немесе қызмет түрлері көмектесе алмайды. Өйткені мұндай аурулардың түрлерін тек операциялық жолмен ғана емдеуге болады. Ал әлгінде айтқан дәрілік препараттар қосымша ем ретінде ғана қолданылуы мүмкін.
«Осындай таблетка алып ішсек, кетіп жатыр екен деп естідік» деп ауруы асқынған кезде келетін науқастар бар. Біздің айтарымыз сол, таблетка ішіп, ине салып, сүлік қойдырсаң да варикоздан арылу мүмкін емес. Керісінше, асқындыру қаупі басым. Өкінішке қарай, кейбір кезде қате диагноз жасалып, қате ем қолданылғаннан да ауру асқынып кетеді.
Алайда науқастардың көбісі бізде жатқанда емін алады, ауруханадан шыға сала ауырғанын ұмытып кетеді. Ал олар қан сұйылтатын препараттарды ішпесе, салған протездер мен стенттердің жұмыс істеуі қиындайды, қайта қан ұйып қалуы мүмкін», – дейді тамыр хирургі.
Маман тапшылығы бар
Орталықтағы қан тамырлы хирургия бөлімінде істеу үшін дәрігерлер кемі 11 жыл оқу керек. Аймақтарда тамырлы хирургтердің тапшылығы бар. Мысалы, кейбір облыстарда тамырлы хирургия бөлімшесі жоқ. Бар облыстардың өзінде бір облысқа тек қана бір қан тамырлы хирургия бөлімшесі жұмыс істейді. Сондықтан көп жағдайда дәрігерлер науқастарға қарауға физикалық тұрғыда үлгермейді. Оның үстіне, науқастарда кездесетін кейбір ауыр оталар облыс орталықтарындағы бөлімшелерде жасалмайды.
Сондай-ақ орталықтағы хирургтер облыстардағы науқастарға шұғыл көмек керек болған кезде санавиациямен барып, ауыр оталарды жасап келеді. Жақында ғана орталықтың профессоры Тоқан Сұлтаналиев пен медицина ғылымдарының кандидаты Серік Сүлейменов бастаған бригада Атырау қаласындағы науқасқа аневризманың жарылу қаупін, мүшелердің ишемиясын және іш қуысы мүшелерінің некрозына операциясын сәтті өткізіпті. Ауырған жанның дертіне шипа дарып, аяқтан тұрып кеткені ақ халатты абзал жандар үшін абырой. «Халық денсаулығының сақшысы атанған дәрігердің емі – шипа, сөзі – дауа» дейтініміз де сондықтан. Десе де, дәрігерлердің өздері айтпақшы, ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеген ата-бабалардың сөзіне құлақ түргеннен дұрысы жоқ.
Жадыра МҮСІЛІМ