Осы бір кітапты көрген сайын ой-қиялым балалық шаққа қарай саяхат шегіп кете барады. Ол кезде біз 14-15-тегі бозбаламыз. Ауылдағы шағын кітапханадан өзімізше таңдап, талғап алып, көркем әдеби кітаптар оқимыз. Жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Жасыл белесі» біз секілді ауыл баласының назарын әуелде өзінің тақырыбымен аударған болар-ау, сірә.
Кітаптағы алғашқы сөйлемдерге көз жүгірткеннен бастап-ақ өзіміз күнде көріп жүрген адырлы дала алдымыздан жарқ етіп шыға келгендей болғаны әлі күнге дейін есімде. Япыр-ай, қалай айнытпай бейнелеген десеңізші! Мынау баяғы есте жоқ ескі замандарда биігіне Нұх пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған киелі Қазығұрт тауы мен жарқыраған күміс айдыны ежелден-ақ ән-жырға арқау болған әйгілі Арыс өзенінің аралығындағы шөлейт даланың бір пұшпағында тіршілік етіп жатқан біздің Ақжар ауылының айналасындағы көрініс қой. Міне, қараңызшы: «Жел. Күз даласының соңғы түгі тәрізді селдір шөптерді түбірімен қопарып жіберердей екілене тартады. Кейде қатты жұлқынып, кейде жай ызыңдайды. Бірақ қаншама ышқынса да, жаз бойы ауыл малы шиыр еткен даланың мыртиған тықыр ажырығынан бөтен қолға ілінері де жоқ екен. Қыраттың топырағы жалаңаш. Жер түгін өткір шалғымен біреу әдейі қырып тастағандай. Көктемде қаулап шығатын қалың боздың көдесі ғана қалған».
Иә, бұл тұп-тура біздің ауылдың іргесінен басталатын табиғат. Басқасын айтпағанда, айына бір рет қой кезегін атқаратын кезде қара есекке мініп алып, таңертеңнен кешке шейін тепеңдеп, ұзақ күнді батыра алмай жүретін боз даламыз.
Мына суреттің жан дүниеме әсер еткені сондай, жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Жасыл белес» повесіндегі үстіне әскери киім киген жас жігіт «Жылдың осындай мезгілінде «Шолпан» колхозының өкпе тұсындағы кішкене қырат басына» емес, тап біздің Ақжар ауылының желке тұсындағы төбенің үстіне шыға келгендей боп көрінгені-ай. Ол мені еріксіз өзінің соңынан ертіп алып, төмендегі ауылда болып жатқан қызық оқиғалардың ортасына қарай бастап ала жөнелген секілді.
Бақсақ, сонау станциядан бері қарай салт атты біреу оның соңына түсіп, аңдып келеді екен. Неге десеңіз, ол мынау Дарқан есімді жігіттен ауылдағы Ақтоты деген сұлу бойжеткенді өлердей қызғанатын көрінеді. Сондықтан да Дарқанның соғыстан тірі оралғанына қарсы, мысық тілеулі пенде.
Міне, «Жасыл белес» повесіндегі тартыс – ниет, пиғыл, көзқарас, қарым-қатынас қайшылығы осылай басталады. Елге жеңіспен оралып, ендігі өмірін өзінің сөз байласқан сүйіктісі Ақтотымен бірге өткізгісі келетін Дарқанның алдынан тағы да бір майдан – адамзат ғұмырындағы мәңгі бітпейтін тіршілік майданы ашылады.
Жазушы, шын мәнінде, мынау дүние дүние болып жаратылғалы бері текетіресіп келе жатқан махаббат пен ғадауат арасындағы шайқастың белгілі бір уақытта басталып, белгілі бір уақытта аяқталатын соғыстан әлдеқайда қатерлі екендігін көрсетуді нысанаға алған секілді.
«Жасыл белесті» оқыған жан боз даланың бір қиырындағы ауылда болып жатқан оқиғаларға куә болып қана қоймай, сонымен бірге оның тынысын, саф таза ауасын сезініп, кеудесін кере кең тыныстап отырғандай күй кешеді. Өйткені жазушы ел тіршілігін табиғат құбылыстарымен етене байланыстырып, айналадағы көріністерді суреттеуге келгенде өзінің көңіл-палитрасындағы көркем тілдің бояуларын барынша құбылтады әрі құлпырта түседі. Міне, қараңызшы: «Жібек жел ақырын ғана желпіп тұр. Азаңғы дала сан түрлі бояумен әдейі сырлап қойғандай. Алуан зерден киім киіп, сабат самалға құлпыра, жайнай түскен. Жер беті адам қолымен әдейі жасаған гүлзар тәрізді. Жұпар иісті гүлдер шешек атып, ырғалып тұр. Сарғалдақ, қызғалдақтар күрең көде мен селеу, бетеге арасында шоқтай жайнайды. Бұлтсыз ашық аспан да күндегісінен бөлек. Жел лебіне болар-болмас жыбыр қағып, толқып жатқан жер теңізіне үңіле телміріп қалғандай. Көз ұшында, сонау алыс көкжиекте екі алып біріне-бірі қабысып, құшақтасқан тәрізді. Кең аспан, жазық дала – дәл қазір бұйдалап байлағандай бір түстес».
Иә, біздің өлкенің табиғаты да көктем айларында дәл осылай құлпырады. Ал ауыл... Ауыл қазір өзгерген. Қанатын жайып, кең далаға қарай жайыла түскен. Бұрынғы мал жайылатын жазықта қазір ақ, қызыл, көк шатырлы үлкен-үлкен үйлер бой көтерген. Тек баяғы шағын кітапхана ғана көзге түспейді. Себебі оны тоқсаныншы жылдардың басындағы оптимизация кезінде трактормен сүріп тастаған. Ал ішіндегі кітаптарды тележкаға салып, ауыл сыртындағы сайға апарып төгіп, өртеп жіберген...
Иә-ә, сөйтіп, үй-жайы кеңейіп, қора-қопсысы көбейіп жатқан ауылға кіп-кішкентай кітапхана керек болмай қалған. Сондықтан да біз кітап туралы әңгіме қозғалған кезде кешегі күндерге қарап жаутаңдап, өткен-кеткен оқиғаларды еске алуға мәжбүр боламыз.
...Ол кезде жылына екі-үш рет аудан орталығында малшылар мен механизаторларға арналған семинар-кеңестер өткізіліп тұратын. Міне, сол семинар-кеңестерге таң азанда бір топ болып жүк машинасына тиеліп кететін кісілер кешкілік ауылға бір-бір кило үнді шайы мен бір-бір бума кітап алып келуші еді. Себебі оларға, яғни, семинар-кеңеске қатысушыларға үнді шайы мен дүкенге жаңа түскен кітаптар сыйлық ретінде тегін беріледі екен.
Үнді шайының рақатын, әрине, ата-әжелеріміз көреді. Ал таң бозынан жұмысқа кетіп, түннің бір уағында үйге шаршап-шалдығып әрең жететін әке-көкелеріміздің кітап бетін ашуға уақыты болмайды. Есесіне біз – балалар үйдегі қора-қопсының шаруасынан қолымыз қалт еткен шақта әлгі кітаптардың қызығына батып, бас алмай оқып жатамыз.
«Жазушы дүниеге келген өлке қандай бақытты! – дейтінбіз сонда тамсанып. – Себебі ол ең алдымен өзінің туған ауылы туралы жазады ғой!»
Сондай шуақты күндердің бірінде аудан орталығына кеткен әкеміз тағы да бір бума кітап әкелді. Кешкі шай үстінде әлгі кітаптарды әуес көріп парақтап отырған шешем кенет: «Ой, мынау біздің Дулаттың кітабы ғой!» деді қуанып.
Енді біз де сол кітапқа қарай мойнымызды созып, үңіле қалдық. Ол «Қара шаңырақ» деп аталады екен. Авторы – Дулат Исабеков. «Бұл кісі шынымен-ақ біздің жақтан шыққан жазушы ма?» дейміз таңырқап. «Иә», – дейді шешем басын изеп. – Анау совхоз орталығында тұратын Нәбиалы мен Пәрменнің туған інісі ғой!».
Осы сәтте біздің де жан дүниеміздегі бір аппақ арман селк етіп оянып: «Япыр-ай, өз ауылымыздан шыққан жазушы да бар екен ғой!» деп қанатын жайып, көкке самғай жөнелгісі келгендей болады.
Біз содан бастап Дулат ағаның шығармаларын да іздеп жүріп оқитын болдық. Сөйтіп оның «Дермене» повесіндегі: «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс. Адырлы даланың бірте-бірте биіктеп барып, аспан тебетін шоқтығын әлдекім қылышпен қиып түсіп, айналаны қоршап алған сағым теңізіне шым батырып жіберген секілді. Сәскеге дейін немесе бесін ауғаннан кейін сонау-сонау алыстан бозарып тұратын Алатау да, қапталдағы нар өркеш Қазығұрт та көзден ғайып болған. Қай жағыңа қарасаң да тұңғиық теңіз, енді бірер сағаттың ішінде бұл аралықты да су қаптап алатындай. Жолдың май топырағын жалаңаяқ бассаң табаның күйеді. Шұбар жыланның бауырын қарып, арқасын жидітетін осындай аптапты далаға да бір кезде қыс түседі дегенге иланғың келмейді», деген жолдарға кезіккенімізде көзімізді жұмып, басымызды шайқап қалай таңғалғанымызды көрсеңіз ғой, шіркін.
Міне, сурет! Көркем сөздің құдыреті! Қай қиырда болмасын, тіпті аспанда, ұшақта отырып оқысаңыз да біз туып-өскен өлкенің май топырағына топ етіп түсе қалғандай боласыз. Өз еліңе, отаныңа деген махаббат ең алдымен, өз үйіңнен, өзің туған өлкеден басталатынын кеудеңіздегі лүп-лүп соққан жұдырықтай жүрегіңіз анық сездіріп тұрады.
Әдетте біздің шөлейт далаға алыстан, сулы да нулы өңірден қыдырып келетін қонақтардың көбісінен еститініміз: «Өй, мынау қу тақырда қалай өмір сүріп жатырсыңдар-ей?!» деген дөңайбат сөз болғандықтан ба, «жер түгін әлдекім өткір шалғымен қырып тастағандай» («Жасыл белес»), «май топырағын жалаңаяқ бассаң табаның күйеді» («Дермене») дейтін туған өлкеміздің табиғаты мен қарапайым адамдарының тағдыры міне, осындай көркем шығармаларға арқау болып жатқанын көргенде, расымен-ақ, біздің де мәртебеміз өсіп, мерейіміз тасып кеткендей болушы еді.
Әркімге өзінің туған елі, туған жері қымбат. Тауға шықсақ та, теңізде жүзсек те, орман-тоғайдың ішінде жүрсек те біз өзіміздің шөлейт даламыздың ауасын, аңқылдаған самалын, хош иісті жусаны мен дерменесін ұмытпаймыз.
Жасыл белес! Көз алдыңа көктем мезгіліндегі керім даланың суреті келеді. Өз-өзіңнен жүрегің өрекпіп, әлдеқайда-а, тым-тым биікке құстай самғап ұша жөнелсем бе дейсің. Сонда бар ғой, шетсіз-шексіз жалпақ даланың о шеті мен бұ шетін түгел шолып шығар ем-ау деп қиялдайсың.
Алыстан көз тартып, қол бұлғап шақырып тұрғандай болатын жасыл белестер, әрине, өзінің баурайындағы тіршілік иелерімен базарлы. Сәнді. Көрікті.
Қайсыбір жылдары ел тұрмысы қиындап, қолыңдағы бар малын сатып, жер сипап қалғандай болған шақта мынау керім даланың да құлазып, қаңырап қалғанын өз көзімізбен көрдік. Маң далада төрт-түлік мал жайылып; түйе боздап, жылқы кісінеп, сиыр мөңіреп, қой-ешкі маңырап жатпаса, үнсіз-тілсіз табиғаттың да құты қашады екен.
Сондықтан да осынау кең далада түтін түтетіп, тіршілік етіп жатқан ауылдардың жөні тіпті бөлек. «Жасыл белестегі» Дарқанның, Ақтотының, Меңсұлудың өмір жолы белестен белеске ұзап, оқырманды өз ортасына, өз заманына қарай тарта береді.
Шығармадағы жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің арасындағы махаббат драмасы, әрқайсысының өз мақсатына жетуге ұмтылуы, қара ниеттілердің ақ ниетті адамдарға қиянат жасауы, бір сөзбен айтқанда, ежелден келе жатқан тіршілік тартысы кім-кімді де толғандырмай қоймайды.
Оқиға кешегі, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары өтсе-дағы, олардың басына түскен шырғалаң бүгінгілердің де жанына батып отырады. Себебі бүгінде киімі жаңарып, тұрмыс-тіршілігі оңалып, пошымы өзгергенімен, мазмұны сол баяғы қалпында қалып қойған тіршілік тартысы әлі де жалғасып жатыр.
Әйткенмен, қаламгердің түпкі ойы, мақсаты оқырманды қалың ой тұманында қалдыру емес. Алдағы күннің ашық, жылы, шуақты болатынына сендіру. Осы ретте шығарманың неліктен «Жасыл белес» аталғанын да түсіне бастағандай боласыз. Әсіресе, сіз оны автор пролог ретінде ұсынған соңғы түйінге жеткен сәтте анық аңғарасыз.
«Жасыл белес» – поэтикалық рәміз. Жазушының өз кейіпкерлерінің өмір жолында кездесетін қиындықтар мен кедергілерді алдын ала табиғат көріністері арқылы сездіріп отыратыны да сондықтан болса керек.
Ендеше, оның «Жасыл белесті» неліктен күзгі жұтаң табиғат суреттерінен бастауының сыры да ашыла бастағандай. Осы ретте «Алтын раушан» атты керемет шығармасында көркем әдебиеттің теориясы мен тәжірибесін соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіретін Константин Паустовскийдің пікіріне жүгінсек, қызылды-жасылды бояуы мол табиғатқа қарағанда қарапайым табиғат жүрекке жақын, сырласуға бейім. Себебі «Қарапайымдылық туған жердің қадір-қасиетін анығырақ көрсетіп тұрады, көзқарасыңыз өткір, ой-қиялыңыз жинақы бола түседі», деп жазады.
Жазушы Рахметолла Райымқұловтың туған жері бұл күнде Өзбекстан мемлекетінің аумағында қалған Бостандық ауданындағы Қараманас ауылы. Естуімізше, ол жақта әлі де қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары бар. Сулы, нулы өлке. Негізгі кәсіптері диқаншылық болса керек. Шарбақ жағалата еккен мырзатеректері үп етіп соққан самал желмен шулап, бау-бақшасы «билеп», ырғалып тұрады деседі.
Иә, айтпақшы, сол Бостандық ауданының бір пұшпағы біздің Қазығұрт ауданымен шектеседі. Ол жаққа баратын тас жол да, темір жол да біздің өлке арқылы өтеді.
Қазір ойлаймын, «Жасыл белестің» алғашқы бетін ашқан сәтте-ақ өзіміз күнде көріп жүрген табиғатты танып, ерекше таңқалған бала көңіліміз сонда нені сезді, нені білді екен деп. Бұған жауапты тағы да Константин Паустовскийдің: «Өмірді, айналамыздағы қоршаған ортаны поэтикалық көзбен қабылдау – бізге бала күнімізден берілген баға жетпес ұлы қасиет» деген жазбасынан алатын сияқтымыз.
Ендеше, «Туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық» деп өсиет қалдырған бабаларымыздың ізі қалған май топырақты борпылдата кешіп, жалаңаяқ, жалаңбас доп қуып жүрген шағымызда әдебиет атты көркем әлемнің сәулесі біздің өлкеге де түсіп тұрғанын алғаш сездірген жазушының рухына бас иіп, алғыс айтсақ болмай ма.
Бүгінде жазушы Рахметолла Райымқұловтың суреткерлігі, қайраткерлігі және еңбекқорлығы жайында жазылып жатқан дүниелер аз да, көп те емес. Шығармалары дана Абай бастаған қазақ жазба әдебиетінің ұзын шалқар көшінің нақ ортасында, жүгі аумай, еш жерде аялдап қалмай, сол баяғы мығым да сенімді қалпында замана белестерінен асып өтіп келеді.
Биыл жазушы Рахметолла Райымқұловтың туғанына жүз он жыл толады. Қазақ әдебиетінің қазынасына «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Қыз айна», «Бала жігіт», «Қара жорға» секілді сүбелі шығармалар қосып, соңына рухани мол мұра қалдырған қаламгердің шығармашылығына құрметпен қарайтын оқырман қауым үшін бұл Рақаңның өмір жолын, шығармашылығын тағы да бір еске алып, ой елегінен өткізетін белес екені анық.
Қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классигі, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабеков айтқандай: «Өткеннің бәрі өгей емес. Ол үшін өткенге өзіміздікі деп қарап, оның керектісі мен тазасын тани білуіміз қажет».
Біздіңше, бұл бүгінгі замандастарымызға ғана емес, келер ұрпаққа да өсиет болып қалар аталы сөз.
Нұрғали ОРАЗ