Апатты үй әлекке салды

Петропавл қаласында апаттық жағдайдағы үйлер тұрғындарға бірақатар қиыншылық туғызып жатыр. Қызылжарлықтар олардың кейбіреуінде жандарын шүберекке түйіп тұрып жатса, басқаларын тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар паналаған.

Соның салдарынан тазалық сақталмайды. Тұрғындар бұл түрлі аурудың таралуына себеп бола ма деп алаңдаулы.

 Бір ғана мысал Петропавл қаласының Жамбыл көшесіндегі үшқабатты үй 2020 жылы ғана пайдалануға берілгенімен, қазірдің өзінде жағдайы мәз емес. Тұрғын­дардың айтуынша, төбесі мен қабырғалары жарылып, іргетасы үгітіліп жатыр. Үйдің жағдайы күн санап нашарлап бара жатқан көрінеді. Тұрғындар бір күні төбесі опырылып, ортасына түсе ме деп алаңдаулы. Олардың жобалау-сме­талық құжаттамасын жасап, бар­лық констуркциясының нығай­тыл­ғанын қалайды.

Сөйтсек, бұл жиырма жыл бо­йы қаңырап бос тұрған ғимарат болған екен. Кейін сақалды құры­лыс нысанын бір кәсіпкер тұрғын үйге айналдырған көрінеді. Бірақ бұл ғимарат о баста баспана салу үшін жоспарланбағандықтан тұр­ғын үйдің кем-кетігі көп. Тіпті, үйдің желдеткіш жүйесі де жоқ, мүл­дем қарастырылмаған. Пәтер­лер ит байласаң тұрғысыз суық, тұрғындар қыс бойы дірдектеп, тоңып шығыпты. «Терезелер де талапқа сәйкес орнатылмаған. Бетон плиталардың арасы да, жан-жағы да тығындалмаған. Жылу ұстамайды. Жеке меншік компания өкілдерін шақыртып тексерттік. Олар терезелер мен плита арасын бекітуден қайыр болмайды, қабыр­ғаларды жылыту керек деген қоры­тынды шығарды. Үй құрылысында кемшілік пен ақау көп. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес емес. Жалпы үйіміз апатты жағ­дай­да. Қоныстанғаннан бері мерді­герге бірнеше рет жүгіндік», – дейді осы үйде тұратын мүлік ие­лері бірлестігінің төрайымы Майра Мусаранова. Оның сөзін басқа тұрғындар да қолдады.

Бұл үйдегі 12 пәтердің тоғызын тұрғындар 20 жылға ипотекаға, кейбіреулері қолма-қол ақшаға сатып алған. Үшеуін қалалық әкімдік бұзылған үйлердің иелеріне беру үшін мердігерден сатып алған көрінеді. «Мұндай үйден қалайша пәтер алуға болады? Үйдің тозуы 30 пайызды құрайды», – дейді тұрғындар. 

Сотсыз шешілуі неғайбыл

Тұрғындар бұл үйді қабылдау шарасына күмән келтіреді. Олар үйдің тиісті құжаттары да болмауы мүмкін деген ойда. Бар білетіндері – үй орналасқан жер телімінің актісі бар. «Ал үйдің өзі ешбір са­натта жоқ», – дейді олар. Соның салдарынан коммуналдық қызмет көрсететін компаниялармен келі­сімшарт та жасау қиындық туғыз­ған. Бүгін олар тек жылу үшін ғана төлемақы төлеп отыр. Ал электр жарығы үшін келісімшарт жасауға «СевКазЭнерго» АҚ келіспей, бұл қызметті тұрғындар заңды тұлға ре­тінде жоғары бағада алып отыр­ған көрінеді. Оны төлей алмаған­дары үшін бірнеше рет жарықтан ажыратылыпты. Амалсыз тұрғын­дар кейін тұрғындар барлығы бі­рігіп төлеген. Қазір де жарықты өшіру туралы ескерту келіп жатыр. Ал «ҚызылжарСу» кәсіпорнының базасында бұл үй мүлдем жоқ, сон­дықтан ке­лісімшарт жасай алмай­ды. Бойлер бөлмесін автоматтан­дыру мүмкін емес, себебі жылу есеп­тегіш құ­рал тіркелмеген болып шығыпты, плом­басы да жоқ. Су есептегіш құрал­дар да ескі үлгіде. 

Осы мәселелерді көтеріп тұр­ғындар әкімдіктің, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқар­масының, прокуратураның, анти­кордың табалдырығын талай тоз­дырған. Бірақ нәтиже жоқ. Олар авторлық және техникалық бақы­лау бұл үйді қалай қабылдағанын, құрылыс сапасын, үйді пайдалануға беру құжаттары қалай ресімдел­генін білгісі келеді. «Мемлекеттік органдар тек сырғытпа жауап беріп қана отыр», – дейді олар. 

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сәулет-құ­рылыс бақылау және лицензиялау басқармасының ақпараты бо­йынша, «Петро-Строй Групп» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі «Қа­зақстан Республикасындағы сәу­лет, қала құрылысы және құ­рылыс қызметі туралы» Заңның 75-1-ба­бына сәйкес нысанға са­лыс­­тыру жүргізген, бұл үй 2020 жыл­дың 10 желтоқсанында пайдалануға берілген. Яғни, «уәкілетті орган объектіні пайдалануға беруден бас тартудың себептерін анықтаған жоқ» делінеді. 

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сы» КЕАҚ филиалының мәліметі­не сәйкес, объектіні пайдалануға беру 2020 жылы 11 желтоқсанда тіркелген. 

«Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ осы үйдің тұрғындарына 2022 жыл­ғы 13 сәуірдегі хатпен жеке дер­бес шоттарды ашу тәртібін түсін­діргенін айтады. Қажетті құжаттар тізбесін де ұсыныпты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша де­партаменті «нысанды пайдалануға беру кезінде мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған жоқ. Бұл мү­ліктік даулар азаматтық-құқықтық реттеу саласына жатады және аза­маттық сот ісін жүргізу шеңберінде шешіледі», – деп жауап беріпті.

Амалы құрыған петропавл­дықтар «AMANAT» партиясының облыстық филиалына жүгінді. Олар­дың мәселесін қалалық әкім­дік, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, «СевКазЭнерго­Сбыт» кәсіпорны өкілдерінің қатысуымен қарастырған пар­тиялық бақылау комиссиясының мүшелері өтініш иелеріне ары қа­рай қандай шара қабылдау қажет­тігін түсіндіріп, тегін заңгерлік көмек ұсынылатынын хабарлады. Бұл мәселе, антикордағылар айт­қанындай, соттың араласуынсыз шешілмейтін сияқты. 

Қаңғыбастардың қонысы

Жалпы, шағын ғана Петропавл қаласында апатты жағдайдағы көп­қабатты 26 үй бар. Олардың дені қаланың шеткері аумақтарында орналасқан. Солардың бірінде тұ­ратын мүмкіндігі шектеулі Валерий Лобов бір күні тірідей өртеніп кетемін бе деп алаңдайды. Себебі ол тұратын үйдің әкімдікке тиесілі екінші бөлігін тұрғылықты жері жоқ қаңғыбастар мекендеген. 

«Олар сонда жиналып, ішімдік ішеді, күнде айқау-шу, төбелес. Әбден мазамды алды. Солардың кінәсінен екі рет өрт шықты. Үйдің осы бөлігін бұзып тастауды өтініп, қалалық әкімдікке талай жүгіндім» деген Валерий Николаевич та «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылда­уына араша сұрап келді. 

Осындай үйлердің бірінде жұмысшысы тұрып жатқан жеке кәсіпкердің де өтініші осыған саяды. Ол да қараусыз қалған үйдің жартысын не бұзып тастауды, не жөн­деуді, тым болмаса төбесін қал­пына келтіруді сұрап отыр. 

Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар бұл жайт­тан хабардар. Бірақ әзірге қолдан келер қайран жоқ. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы