Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталмыш жоба аясында өткен жылы 98 миллиард 35 миллион теңге қаржы қарастырылған. Соның негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 52 миллиард 491 миллион теңге, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға 36 миллиард 769 миллион теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға 8 миллиард 774 миллион теңге игерілген.
Саланы өркендетуге бағытталған ұлттық жоба аясында биыл да атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең. Бұл тұрғыда 2023 жылға 102 миллиард 810 миллион теңгені игеру жоспарланып отыр. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 54 миллиард 124 миллион теңге қаралса, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға 37 миллиард 269 миллион теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға 11 миллиард 416 миллион теңге игеру жоспарланған.
Өткен жыл шеңберінде жоба аясында орталық қалалық емхана пайдалануға берілді. Осы арқылы тұрғындарға бастапқы медициналық көмек аясын кеңейту және қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде, емдеу орнына 33 мың 815 адам тіркеліп, емханалардың жүктемесі азайды. Денсаулық сақтау жүйесі нормативке сәйкестендірілді.
Сонымен қатар Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңгені бой көтерген емхана 80 мыңнан аса тұрғынға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге негізделген. Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 140 миллион теңгені құрайтын Жалағаш ауданы Таң ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді.
Басқарманың мәлімдеуінше, бүгінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасына ауылдық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы құны 9 миллиард 754 миллион теңгені құрайтын 27 нысанның құрылысы енгізіліп отыр. Одан бөлек, жалпы құны 6 миллиард 532 миллион теңгені құрайтын 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Аталған нысандардың құрылысын 2023 жылы іске асыру жоспарланып отыр.
Сол сияқты облысқа қарасты бірқатар аудан орталықтары мен елді мекендерден 9 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандарында 25 төсектік, Шиелі ауданында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алу 2023 жылға жоспарланып отыр екен.
Емдеу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы да назардан тыс емес. Бұл тұрғыда 2022 жылға медициналық бұйымдар сатып алуға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлініпті. Оған медициналық ұйымдарға қажетті 179 дана құрал-жабдық сатып алынып, жабдықтау деңгейі 77 пайыздан 83,4 пайызға көтерілген.
Жалпы жоба аясында бірқатар медицина ұйымының материалдық-техникалық базалары жаңартылған. Атап айтқанда, Арал және Қазалы ауданына қарасты шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет ел игілігіне берілсе, жергілікті бюджет есебінен қаралған 71,2 млн теңгеге апаттық жағдайдағы Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліпті. Ал Қызылорда қаласының сол жағалауында 5-10 мың донациялық облыстық қан орталығының құрылысын бастауға 250 млн теңге қаржы қаралып отыр. Бұл орталықтың құрылысын сапалы аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған.
Негізінен қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған ұлттық жоба аясында алдағы уақыт еншісінде атқарылатын жұмыстар ауқымдылығымен қуантады. Осы арқылы кез-келген адамның дәрігер көмегін кедергісіз алуға мүмкіндігі арта түспек.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы