Жол сапасы сын көтермейді

Жол мәселесі қара­ғандылықтар үшін жыл санап өзекті мәселеге айналып келеді. Алты ай қыста қатып, көктем келер шақта ойдым-ойдым болып шыға келетін асфальт та көлік иелерінің жүйкесін жұқартты. Тіпті, қармен қоса асфальт жабынды­сының ери бастағанын көрген жұрттың таңда­насы басылар емес.

Қарағанды қаласындағы Май­құдық аталатын шағын ауданда 2020 жылдан бері жүргізіліп жатқан жол құрылысынан жік шықты. Прокуратура қызметкерлері құры­лыстың сапасын тексеруге шешім қабылдап, нәтижесінде бірқатар жұмыстың тек қағаз жүзінде ғана орындалғанын анықтапты.

Карл Маркс – Магнитогорск жо­лының 11 шақырымына жөндеу жұ­мыстары да бірнеше жылға со­зылды. Құзырлы орган қызмет­кер­лері былтыр аяқталған жұмыстың сапасының сын көтермейтінін дә­лелдеп шықты. Жауаптылар орындалған жұмыстың актісіне қол қойғанымен, оның іс жүзіндегі көлемімен арасы жер мен көктей болып шықты. Яғни, қағазда көр­сетілген жұмыстардың кейбірі орындалмаған болып шықты. Осы­лайша, жолды жөндеуге бө­лінген 12 миллиард теңгенің 2 мил­лиардының қайда жұмсалғаны басы ашық күйде қалған. Проку­ратура қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргі­зіліп жатқанын мәлімдеді.

«Тексерістер нәтижесінде орын­далмаған жұмысқа орын­дал­ды деп қол қойылған актілер анық­талды. Осылайша, 2 миллиард тең­ге көлемінде ақша жымқы­рыл­ған. Бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», – деді Қарағанды об­лы­сы прокуратурасының Қоғам­дық мүдделерді қорғау басқар­ма­сының бастығы Бекзат Ахметов.

Ал Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау даңғылының бір бө­лігіндегі асфальт көктем кел­генде қармен қоса еріп кеткен. Жауап­тылар еріген асфальттың орнына брусчатка салып амал­дады. Кейі­нірек облыс әкімі бұл жолды жөн­деген мекеме өз қа­ра­жатына қайта қалпына келті­ре­тінін айтты.

Жалпы өткен жылы Қарағанды облысында жол жөндеу, жаңа жол­дың құрылысын жүргізуге 30 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Соған қарамастан, жүргізілген жұ­мыстардың сапасы сын көтер­мейді. 

Әрине, қыруар қаржының мақ­­сатты жұмсалғанына әуелі тап­сы­рыс беруші мен орындаушы жа­уапты. Сонымен қатар са­лы­нып жатқан жол міндетті түрде төрт сатылы тексе­ріс­тен өтуі керек екен. Әуелі оның сапа­сын тапсырыс беруші зер­делеп көрсе, ке­йін­нен мер­дігер тексеріс жүргізуде. Соңында техни­калық қада­ғалау мен авторлық қадаға­лау қыз­меттерінің бақы­ла­уынан өтеді. Жол сапасын бақы­лауға Жол активте­рі­нің ұлттық сапа орталығы да жауапты. 

Алайда орталықтың Қарағанды облыстық филиалының басшысы Нұржан Темірханов бұл тізбектің сақтала бермейтінін жасырмады. 

«Былтыр облыста жүргізілген жол құрылысына тиісті тексерістер жүргізілген жоқ. Себебі бұл жұ­мыс­тарға қаржы қарастырылмады. Біздің мекеме келісімшарт не­гізінде жұмыс істейді. Яғни, жол салынатын, жөнделетін жердегі жергілікті әкімдікпен сапаны ба­қылау бойынша келісімшарт жа­саймыз. Сол келісімшартқа сәйкес тексеріс жүргіземіз. Өкінішке қарай, әкімдіктер өз міндетіне атүсті қарайды. 

Біздің сараптауымыздан өт­пеген жол көп. Бірақ, бұл нысан­дарды тапсырыс беруші қабылдап алып, орындалған жұмысқа ақы­сын төлеп қойған. Сондықтан қазір жол сапасына қатысты түрлі мәселе туындады. Індетіп келсең, мұның арғы жағы сыбайлас жем­қорлық фактілеріне келіп тірке­леді», – дейді Нұржан Темірханов. 

Филиал басшысының айтуын­ша, былтыр жол сапасына қатысты жалпы сомасы 326 млн теңгеге келісімшарт түзілуі керек болған. Іс жүзінде 163 млн теңгеге 18 ке­лісімшартқа ғана қол қойылған. Филиал мамандары 348 мәрте инспекциялық тексеріске шығып, 1 217 сынама алыпты. Оның 518 сынама жүргізілген жұмыстары тиісті талапқа сай келмейтінін көрсетіп берді. 

«Мәселен, жобада көрсетілген 20 шақырым жолды түгел сарап­тамадан өткізуге бөлінген қаржы жетпейді. Еріксіз таңдап жүріп, кемшілігі көзге көрініп тұрған тұстардан ғана сынама аламыз. Мердігер де әдіс-айлаға көшкен. Сол жерлерді ғана жамап-жасқап, тапсыра салады», – дейді директор. 

Тексерушілер асфальттың қар­мен қоса еруін жол құрылысы ке­зінде қолданылған материал­дар­мен байланыстырады. Мұнда не­гізінен Павлодардағы мұнай-химия зауытының битумы пайда­ланыл­ған екен. Былтыр дәл зауыт­тың битумды сараптауға қатысты 68 сынама алынған, оның 35 па­йызы талапқа сай болмай шыққан екен. 

«Егер, битум нашар болса, асфальт ыстық-суыққа төзбейді. Жарылып кетеді. Қарағанды – сулы өңір, жауын-шашыны мол. Көк­темде асфальт жабындысын шайып кетеді. Бұған дейін біздің қызмет көрсету аумағымызда бол­ған Ұлы­тау облысында битум са­пасына қатысты көп мәселе болды. Балқаш қаласында да қордаланған мәселе жеткілікті. Сондықтан битумды байыптап тексереміз», – дейді Қа­рағанды филиалының зертхана меңгерушісі Қазыбек Зікрин. 

Қарағанды облысында биыл да бірнеше шақырым жол жөнделеді. Толық бітпеген Қарағанды – Балқаш автобаны да бар. Келесі жылы қармен қоса, асфальт тағы ерімесін десек, жұмыстың сапалы орындалуына осы кезден мән бергеніміз дұрыс секілді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы