Мәскеу Астанаға газды рекордтық жеңілдікпен ұсынды, бірақ мықты шарты бар: Қазақстан өзі арқылы Қытайға жаңа құбыр салуға рұқсат етуі керек. БАҚ жаңа Энер­гетика ми­нистріне сіл­теп, осы тосын хабарды та­ратты және «те­мірді қызған кезде соқ» деп оны дереу тал­қылап тастады.
Арзан газдың артында...
1,326
оқылды

Қазақ­стан­дық сарапшылар мұны қажет десе, ресейлік әріп­тес­тері құнды ресурстың тым арзанға кеткелі тұрға­нына қапаланды. Енді, міне «Газпром» қазақстандық ми­нистрдің сөзін жоққа шы­ға­рып отыр. Бірақ талқылауға тамыздық болған түйткіл қалды: жерінің астында мол қоры болғанымен, дәл қазір қазақ елінде көгілдір отын тапшы. Оның бағасының босатылуы елде әлеуметтік кернеуді арттыра бастады. 

Төмен баға түске кіреді

Қазақстан ресейлік газды төмен құнмен, тіпті Беларуське ұсынылғаннан да төмен бағамен алатын болыпты. Нақты бағасы белгісіз, бірақ ол Қазақстан үшін еуропалық елдерге бекітілгеннен бірнеше есе арзанға түспек. Елі­міздің жаңа Энергетика ми­нистрі Алмасадам Сәтқалиев осындай сенсациялық жаңалы­ғын жария етті. 

– QazaqGaz компания­сының және «Газпромның» бас­шылы­ғымен бірқатар кез­десу өткізілді. Бізде жоспар бар және Ресейден тартылатын жаңа газ құбыр­лары­ның алдын ала келісілген маршруттары да қолымызда. Осы жобалар үкі­меттік деңгейде мақұлданса, онда шикізат біздің газ кен орын­дарындағы резер­вінен алы­нады. Сонымен бірге «Газ­пром» ресурстары есебінен де резервтік газбен жабдықтау қам­тамасыз етіледі. Осы мақ­сатта қосымша газ құбырлары са­лы­нады. Әйткенмен, бұл мә­селе әзірге талқылану саты­сында. Оның оңтайлы маршру­тын біз алдын ала анықтап қой­­дық, – деді Энергетика ми­нистрі.

Журналистер одан жаңа құ­быр­лармен ағатын көгілдір отын­­ның Қазақстанға қаншаға түсе­тінін сұрастырды. Министр баға Мәскеудің ең жақын одақ­тасына қарағанда арзан болаты­нын түсіндірді.

– РФ бізге, тіпті Беларуське бергенінен де төмен бағамен ұсын­ды. Әрине, алдын ала келіссөздер жүріп жатыр. Ресей тек екіжақты мүдделер ескерілгенде ғана тиімді жұмыс болатынын түсінді және ба­ғаны қолайлы етуде біздің ұсы­нысымызға илікті. Баға еуропалық нарыққа қарағанда бірнеше есе, ал Ресей мен Беларусь шекарасында­ғы бағадан анағұрлым төмен бо­лады, – деп сендірді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның нақтылауынша, жаңа құбырды Қытайға дейін созу қа­растырылады. Бірақ Қазақстанның қажеттіліктерін өтеу бірінші орын­ға қойылды. Бұл мәлімдеме ақпарат айдынында дүмпу туғызып, ол дү­бірге шетелдік ақпарат құралдары да қиқу қосты. Делебесі қалай қыз­басын: көгілдір отынның әлем­дегі ең арзан контрактіленген ба­ғасы пайда болғалы тұр. Себебі Мәс­кеу бұған дейін өзімен бірге «Одақтас мемлекетті» (Союзное государство России и Беларуси) құрып жатқан беларустерге ғана ең арзан бағаны тарту еткен еді. 

Сондықтан мәміленің аста­рына үңілген сарапшылар Кремль­дің көздегені және ұтатын тұсы – Қазақстан аумағы арқылы Қытайға бағытталатын жаңа газ құбыры болуы мүмкін, арзан тариф соған айырбас болса керек деп топшылап, тон пішті. Министр айтқан келіс­сөздер тұйыққа тірелмей, шыны­мен рекордтық төмен баға бекі­тілсе, онда ресейлік арзан газ Қа­зақстанның қарқынды өсіп келе жатқан мұқтаждығын өтеп, елдің дамуына қуатты серпін бермек. Ендеше экономикалық тұрғыдан бұл мәміле республикамыз үшін тиімді болар еді. 

Алмасадам ағат айтқан ба?

Бірқатар отандық сарапшы аталған мәміле астарынан саясатты байқады: Мәскеу осы арқылы Қазақстанды өзіне тәуелді етпек. Газ бағасының қазақстандықтар үшін маңызын, оның тегеурінді тетік екенін «Қасіретті қаңтар» оқиғалары көрсетті. Су тегін газ елдегі жылу-электр орталық­тары­ның жаппай газға көшуіне әкеліп, көмір өндірісін күйретуі ықтимал. РФ кезінде Еуропа нарығында да баға демпингін жүргізді. Батыстың көптеген елін, Германия сияқты лидерін «газ инесіне» отырғызды. Меркель тұсында Берлин тіпті экологиялық таза энергетикаға жататын атом стансаларынан тегіс бас тартты.

«Еуропалықтар енді ғана өзіне келіп, Ресейге тәуелділіктен құты­лып жатыр. Дәл осы тәсілді Қазақ­станда да қайталамасына кім кепіл. Ертең барлық ірі, стратегиялық нысанымыз құбырға қосылып, ре­сейлік газға көшіп алады. ЖЭО-лар да отандық көмірден бас тар­тып, көгілдір отынды таңдайды. Көмір өндірісі, тұтас сала құлды­райды. Содан күндердің бірінде Мәскеу бізге қатаң талап қояды: не бағасын күрт көтереді немесе Қа­зақстан Ресейдің саяси талаптарын орындай бастайды. Әйтпесе, газ жеткізуді доғара салады. РФ газы Астанаға саяси қысым жасау құра­лына айналмағаны абзал», – деген пікір білдірді атыраулық қоғам белсендісі, мұнай-газ саласының шолушысы Дидар Хамзин.

Жаңа жобаның Батыс санкция­сына ілікпесіне де кепіл жоқ. Се­бебі ұжымдық Еуропа РФ газына санкциялық қыспақты күшейтіп жатыр. 

«Ең арзан бағаның» Қазақ­станның еншісіне тиетіні туралы министрдің мәлімдемесін ізінше «Газпром» жоққа шығарды: мұны шындыққа сәйкеспейтін ақпарат деп атады. 

«Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен республиканың Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, БАҚ жариялаған, Қазақстанға арналған ресейлік газдың арзан бағасы туралы ақ­парат шындыққа сәйкес келмей­тінін хабарлаймыз» делінген ре­сейлік холдингтің мәлімдемесінде.

Өз кезегінде Энергетика ми­нистрлігі де министрдің бұрынғы мәліметін жалған деп таппаға­нымен, оны айтарлықтай түзетті: Қазақстанның солтүстігі мен шы­ғысын газдандыру мақсатында Еуропалық Одақ елдеріне ұсы­ныл­ған бағаларға ұқсас коммерциялық баға шарттары талқыланып жатыр екен. Бірақ екі елдің іргелес жат­қанын, тиісінше «тасымалдау шы­ғыстары аздау болатынын ескерсек, газ бағасы басқа елдерге қарағанда бәрібір жақсы болады». 

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Марат Бейбітқазы қа­зақ­стандық министрдің де және оны растамаған «Газпромның» да мәлімдемелері белгілі бір дәрежеде шын болып шығуы мүмкін екенін айтады.

«Барлығы келіссөздер қоры­тындысында расталады және бәрін келіссөзшілеріміздің біліктілігі шешеді. Мысалы, Ресей «Сила Си­бири» магистралды газ құбырымен Қытайға көгілдір отынның 1 мың текше метрін небәрі 290 доллардан сатады. Еуропаға 540-700 доллар­дан саудалайды. Яғни, ҚХР-ға Ре­сей бүгінде газды өзіндік құны­нан да арзанға береді. РФ Энер­гетика министрлігінің дерегінше, Ресейде газ өндірісінің 1 тонна­сының өзіндік құны 2021 жылғы 23,1 мың рубльден 2022 жылы 33,1 мың рубльге дейін ұлғайды. Санк­циялар салдарынан биыл одан да қымбатқа түседі. Яғни, ресейлік газдың әр тоннасының құны 403 доллар тұрады. Табиғи газдың 1 тоннасы регазификациялаудан соң 1,38 мың текше метрге теңеледі. Осыдан-ақ бүгінде ресейлік газдың өзіндік құны тым қымбат екені аңғарылады. Бірақ Мәскеу газ жет­кізуде бірінші орынға экономи­калық табысты қоймайды, бәрібір саясаты алға оза жүреді», – деді Марат Бейбітқазы.

Санкциялар аясында шетелдік экспорт нарықтары шектелген Ре­сей қазіргі кезде келіссөзге әлде­қайда көнбіс болса керек. 

Үкімет қос маршрут арасында адасты

Еліміздің Энергетика ми­нистр­лігінің сендіруінше, «ресейлік газ­дың Қазақстанға жеткізілімдері өзара тиімді шарттармен жүзеге асырылатын болады және Қазақ­стан мен РФ арасындағы қалып­тас­қан достық қатынастарға негіз­деледі».

Жалпы, сөз болып отырған газ құбыры жобасының шет жағасын алдыңғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. Оның дерегінше, шығыс өңірлерімізді газдандыру үшін Энергетика ми­нистрлігі 2 нұсқаны қарастырады: біріншісі – Қостанай облысынан басталып, Астана – Павлодар – Семей – Өскемен бағдарына жал­ғасады. Бұл – отандық жоба. Бірақ жаңа құбыр тарту қымбатқа түседі әрі салған инвестицияны қайтару үшін қазақстандық тұтынушыларға газ бағасын арттыруды талап етеді. Ол негізінен қазақстандық газды конденсатты кен орындарынан ши­кізат алуды қарастырады. Алай­да бір кен орнын барлаудан оны игеруге көшкенге дейін орта есеп­пен 7-10 жыл кетеді.

Екінші нұсқа – Ресей газын Газ саласындағы өзара ынтымақтастық Жол картасы аясында импорттауды көздейді. Оның аясында Ресейдің өзі Қазақстан аумағы арқылы Қы­тайға халықаралық газ магистралын салады. Демек, оның шығындарын өзі көтереді. Бұл ретте QazaqGaz «Газпроммен» бірлесіп, РФ –Қазақстан – ҚХР халықаралық газ құбырын салу мәселелерін кешенді зерделеп, оның алдын ала техни­калық-экономикалық негіздемесін пысықтап жатыр. 

QazaqGaz ұлттық компания­сының басқарма төрағасының өн­діріс жөніндегі орынбасары Ар­ман Қасеновтің түсіндіруінше, Барнауылдан басталып, Семей арқылы Қытайға тартылатын жаңа газ құбырының қуатты 40 миллиард текше метрді құрайды, соның 10 миллиарды Қазақстанның солтүс­тігі мен шығысындағы тұтынушы­лары үшін алынады. Бұл көлем еліміздің солтүстік және шығыс өңірлері тұтынысының болашақ өсімін де қамтиды. 

Ұлттық компания дерегінше, жоба аясында энергетикалық ке­шендер, тұрғындар, бизнес ны­сандар көмірден газға көшіріледі. Сонымен бірге А.Қасенов көмір тұтынуды да сақтау қажеттілігіне назар аудартты: газдандыру қар­қынында шектен тыс асығыстық газ тапшылығының өрістеуіне, тиісінше оның бағасының одан ары өсуіне әкеліп соқтырады.

Барнаул – Рубцовск – Семе– Алашанько – Қорғас газ құбыры маршруты пысықталып жатыр, одан Павлодар мен Өскеменге құ­быр тармақталмақ. Қорғаста қа­зақстандық-қытайлық газ магис­тралы бар, жаңа құбыр соған жет­кізіледі. Алашанькоу екі ел арасын­дағы газ хабына айналады. 

Дегенмен бұл жоба арзан Ресей газы болса ғана өміршең болады. Қымбат көгілдір отын халықаралық жобаны тиімсіз етеді. А.Қасеновтің айтуынша, Қазақстан «Газпром­мен» келіссөздерді жалғастырады. 

Үкімет басшысы Әлихан Сма­йылов Энергетика министрлігі мен QazaqGaz компаниясына бұл жұ­мысты жеделдетіп, мамыр айында әлгі екі нұсқаның нақты қайсысы жүзеге асырылатынын толық ай­қындауды жүктеді. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, ақырғы шешімді түзеді. Содан соң жоба Энерге­тикалық кеңестің отырысында талқыға салынады.

Энергетика министрлігінің тү­сіндіруінше, басты мақсат – халық­аралық газ транзитінен барынша пайда табу, қазақстандық газдың ресурстық базасын кеңейту және табиғи газ экспортын тиімді жүр­гізу. Осы арқылы ел мен эконо­миканың өскен қажеттіліктері газбен қауіпсіз түрде және іркіліссіз жабдықталады. Бұған қол жеткізу үшін қолданыстағы газ өндірісі ұлғайтылады, жаңа газ кен орын­дары іске қосылады. 

Нәтижесінде, жыл сайын өнді­рілетін отандық тауарлық газ кө­лемі 29,4 миллиардтан 2030 жылға қарай 42,1 млрд текше метрге дейін өседі.

«Газпром» мәліметінше, Ресей 2020 жылы Қазақстанға шамамен 3,5 млрд текше метр көгілдір отын жеткізсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш­ті 9 миллиардқа дейін күрт ұл­ғай­тыпты. Былтырдың қорытын­ды­сын әзірге жариялаған жоқ, бірақ ол да жоғары болады деп күтілуде.

Ел Үкіметі Қазақстан халқы­ның 57,67%-ын немесе 11 млн адам­ды газбен қамтыды. 2030 жыл­ға қарай бұл көрсеткіш 13,5 млн адамға жетіп, елдің 65%-ы газдан­дырылады деген жоспар белгіленді. 

Парламенттің І сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан тап болған тауарлық газ тапшылығын бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіз­дігіне төнген қатер деп бағалады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен толық қамту керек. Ол газ Ресейде бар. Мәскеу ауқатты Еуропаның майшелпек нарығынан айырылды. Ресейлік газдың алыс шетелге экспорты 2022 жылы екі есеге жуық құлап, 101 миллиард текше метрді ғана құрады. Ал 2023 жылы алыс шетел­ге газ экспорты 67-69 млрд текше метрге дейін құлдырайды деп кү­тілуде. Соның ішінде Еуропа одан небәрі 33 миллиард текше метрін ғана сатып алмақ.

Бұл – солтүстік көрші өз айма­ғымызға, Қазақстан мен Қытайға тәуелді болып қалады деген сөз. Қа­зақстандық келіссөзшілер Ре­сейдің осы осалдығын өз пайда­мызға жаратып, ең арзан бағаға ұзақ мерзімге қол жеткізе алса игі. Әйтпесе, елде газ бағасы шарықтап, болашақтағы әлеуметтік шиеле­ністердің триггеріне айналуы ға­жап емес. Оған жол бермеу – Сма­йылов командасының қазіргі тегеурінді қимылына тәуелді.

Айхан ШӘРІП