Онлайн-терапевт, биоэтик, экоаудитор, цифрлық лингвист, корпоративтік антропо­лог, медиаполицей... Футурологтар болжаған алдағы 15-20 жылда сұраныста болатын жаңа мамандықтар тізімі осылай жалғаса береді.
Заманына қарай маманы...
1,330
оқылды

Отандық жоғары оқу орындары еңбек нары­ғының талаптарын еске­ріп, оқу бағдарламала­ры­на қандай жаңашылдық енгізіп жатыр? Трендтегі мамандықтарға қанша­лықты сенім артуға бола­ды? Мамандықтан гөрі машықты игеріп қана нан тапқысы келетіндерге сала сарапшыларының айтар кеңесі не? Біз осыны сараптап көрдік.

JOO.KZ компаниясының же­текшісі Қанат Өксікбаевтың ай­туынша, соңғы кездегі білім беру саласында жасалған тиімді ре­формалардың бірі – универси­теттерге академиялық бостандық беру. Бұл отандық ЖОО-ларға за­манауи мамандықтарды оқы­туға, оларға сай білім беру бағдар­ламаларын жасауға септігін тигізді. 

«Бұл құбылыс әсіресе ақпа­раттық технологиялар саласын­дағы мамандықтарға қатысты анық байқалып отыр. Универ­си­теттерде «Өнімді басқару» (Product Management), «Деректер тура­лы ғылым» (Data Science), «AI эксперті» деген секілді жаңа ма­ман­дықтар қатарға қосылды. Кей­бір университеттер менедж­мент саласында да жаңашылдыққа бет бұрып, «City-менеджмент», «Урбанистика», «Креативті ин­дустриядағы кәсіпкерлер» деген сияқты жаңа мамандықтарды енгізді. Бірақ бұлар елімізде жаңа мамандықтар болғанымен, Ба­тыста ұзақ жылдар бойы оқыты­лып келе жатыр», – дейді сала сарапшысы.

 Astana IT университетінің Креативті индустрия мектебі соңғы бірнеше жылда жаңа мамандықтардың бірі ретінде «Цифрлық журналистика» білім беру бағдарламасы аясында сту­денттерді оқытып жатыр. Онда шәкірттер жаңа медиаға қажетті дағды-машықтарды игереді.

«Цифрлық журналистикада» оқитын студенттерге «Стори­тел­линг негіздері» пәнінен дәріс бе­ремін. Студенттеріме болған оқи­ғаны қызықты етіп берудің әдіс-амалдарын үйретемін. Бү­гінде бұл әдіс журналистика ғана емес, диджитал маркетингте де ұтымды пайдаланылады. Қазір жарнамалар роликтерде брендтер бұрынғыша «бізде мынадай өнім бар» деген сияқты тым қарабайыр насихаттан аулақтады. Оның орнына сторителлингті қолдана­ды: сториден адам өзін көреді немесе өзін басқамен салысты­рады, стори оның сезімдеріне, құндылықтарына әсер етеді, нә­тижесінде мұндай жарнама адам­ның есінде ұзақ сақталады. Бұдан бөлек, мен «Фактчекинг» атты пән­нен де дәріс беремін. Батыс ел­дерінде ірі редакцияларда ақпа­ратты верификация жасап оты­ратын фактчекер мамандар бар, олар ақпаратты тексеріп қана қой­май, деректерді іздеуде ре­сурс­тарды қалай пайдалану ке­ректігін көрсетеді», – дейді атал­мыш университеттің лекторы Шынар Шәкен.

Осы оқу орнындағы тағы бір жаңа мамандықтардың бірі – «Денсаулық сақтау саласындағы Big Data». Университеттің есептеу техникасы және деректер депар­таменті директоры Олжас Тұрар­дың сөзінше, бұл білім беру бағ­дарламасы заманауи ақпараттық технологиялар мен бизнес-про­цестерді денсаулық сақтау сала­сында тиімді пайдалана алатын мамандарды даярлайды. Студент­тер осы бағдарлама аясында бағ­дарламалау, үлкен деректерді са­раптау бағыттары бойынша бі­лімді Astana IT университетінде алса, негізгі медициналық дис­циплиналар бойынша білімді Ас­тана медицина университеті ба­засында алады. Оны бітіріп шық­қан түлектер денсаулық сақ­тау саласындағы электронды құ­рылғыларды жасауға да қабілетті болады.

ІТ саласына қатысты тағы бір тың бағдарлама Maqsut Narikbayev University-де бар. Аталмыш ЖОО-ның бас­па­сөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл олар «Бизнестегі ІТ» атты бакалавриат бағдар­ла­масы бойынша алғашқы түлекте­рін ұшырғалы отыр. 

«Бұл бағдарлама ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, деректану, мобильді және уеб-технологиялар, экономика және бизнес саласындағы білімдері мен дағдылары жоғары мамандар даярлауды көздейді. Бұл бағдар­ламаның түлектері халықаралық және жергілікті IT-компания­лар­да бизнес мақсаттарын, эконо­микалық және іскерлік ортаны, жедел және стратегиялық про­цестерді терең білетін маман ре­тінде жұмыс істей алады», – дейді Maqsut Narikbayev University баспасөз қызметі. 

Соңғы жылдары қоғамда төрт жылдық жоғары білімнен гөрі белгілі бір дағдыны бірнеше айда игеріп алып та жұмысқа орнала­суға болатыны жайлы пікірлер жиі айтылып жүр. Сала сарап­шы­сы Қанат Өксікбаев бұл құбы­лыс­тан тым қатты қорқуға болмай­тынын айтады.

«Қазір мемлекетке бағын­байтын жекеменшік универ­си­теттер-курстар, онлайн-уни­вер­ситеттер, онлайн-курстар пайда бола бас­тады. Олар 6 ай мен 2 жыл ара­сында студентті оқытып, алған дағдылары бойынша сертификат беріп, кейін ол өзін нарыққа шығарып, жұмыс істей бастайды. Бұл қазіргі заманда таңғаларлық нәрсе емес. Осын­дай көп таңдау берілгені өте жақсы. Жақын арада универси­теттер көбіне ғылым жағына кө­ңіл аудара бастайды. Олардың жалпы ең маңызды функ­циясы да сол болуы керек. Бұл кейін университтердің көбіне ғы­лым­мен айналысатын студент­терді қабылдауына алып келеді. Қал­ған мамандықтарды алу үшін колледждер немесе басқа курс­тарға да барып, қажетті дағдыны игеріп жұмыс істей беру мүмкін­дік пайда болады», – дейді ол.

Дегенмен, бұл тұста универ­ситеттің маңызын біржола сызып тастаудан аулақ болу керек. Са­рапшы университетте студенттің өзі сияқты болашақ мамандармен танысып, комьюнити құрып, бір-біріне үйрету арқылы ғана үлкен нәтижеге жете алатынын, мұндай атмосфераны университеттің ішінде ғана құруға болатынын айтты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ