Бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында Қазақстандағы әйелдер жұмыссыздығын қалай төмендетуге болатыны қаралды.
Отырыс барысында Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева «әйелдер жұмыссыздығы мәселесі – қоғамның әлеуметтік дамуының ең сезімтал көрсеткіші. Сондықтан профилактикалық шаралар кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздестіріп, жұмыспен қамтуға бағытталған уәкілетті органдардың іс-әрекеттеріндегі проблемаларды шешу керек», – деп атап өтті.
Ұлттық комиссияның сараптамалық тобы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты еңсеру бойынша нақты алдын алу шараларын қабылдау үшін, ең алдымен, салалар мен өңірлер бөлінісінде гендерлік алшақтық (әйелдер атқаратын жұмыс орындарының үлесі) бойынша талдау қажет деген қорытындыға келді.
ЖОО мен ТжКБ түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша деректер, гендерлік аспект пен өңірлер бөлінісінде NEET санатындағы жастар бойынша көрсеткіштер әйелдер жұмыссыздығына қарсы күрес саласында тәуекелдердің алдын алу бойынша уақытылы және нақты алдын алу шараларын қабылдауға ықпал етеді.
Әйелдерді жұмыспен қамтудың биылғы жағдайы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес мемлекет кемсітушіліктің кез келген түрінен қорғауға және кәсіп пен жұмыс алу мүмкіндіктерінің теңдігіне, жұмыспен қамту және еңбек жағдайларын таңдауға негізделген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті.
Қазір халықты жұмыспен қамту «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде іске асырылады.
Алайда мемлекет қабылдайтын шаралардың кең ауқымына қарамастан, Қазақстанда әйелдер жұмыссыздығының деңгейі жоғары болып қалуда. Мәселен, 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша 5,5%-ды құрады. Әйелдер жұмыссыздығының ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында – 7,0%, Абай облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7%, Жетісу облысында – 6,5% байқалады.
Ұлттық комиссия сарапшылары әйелдердің жұмыспен қамтылуын бағалау үшін динамикадағы көрсеткіштердің тізбесін дайындады, олар өңірлер бөлінісінде әйелдер жұмыссыздығының жалпы көрінісін көруге көмектеседі және әйелдерді жұмыспен қамту бойынша нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Ұлттық комиссия әйелдердің табысы мен жұмыссыздығы бойынша гендерлік алшақтықты зерделеп, Astana hab-пен бірлесіп әйелдерге фрилансерлік платформаларда ақша табуға көмектесетін бағдарламаны іске қосуды ұсынады. Бұл бастама әйелдерге икемді табыс көзін қамтамасыз етуге және олардың қаржылық тәуелсіздігін ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны Ұлттық комиссия мүшесі, Astana Hub халықаралық технопаркінің Басқарушы директоры А. Әбдірахманова таныстырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы А. Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.