– Алдағы уақытта халықпен қайта қауышуға дайынсыз ба?
– Дайын болмайтындай маған не болыпты. Дайынмын! Алла қаласа, мамыр айының аяғында халықпен қайта қауышамын.
– Сіздің ауырып қалғаныңызды естігенде бүкіл халықтың қабырғасы қайысты. Себебі айтыс десе, Жүрсін Ерманның есімі бірінші ойға оралады. Соңғы өткен айтыстарды тыңдай алдыңыз ба?
– Бәрін тыңдап жүрмін деп айта алмаймын. Бірен-саран youtube арналарға шыққанын қараймын.
– Айтыс әлемінде ізіңізді жалғайтын шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?
– Шәкірттерім көп. 70-80 ақын бар. Солардың көбі – шәкіртім. Қазір Аманжол Әлтаев менің орныма айтыс жүргізіп жүр. Шұғайып Сезімхан сияқты айтыскерлер де бар.
– Ауырып жатқан кезде не туралы көбірек ойладыңыз?
– Ақын не ойламайды дейсің. Әрнәрсені ойлайсың. «Осымен бәрі бітті ме?» дейсің. Істеп жатқан жұмысыңды ойлайсың. Менікі айлық алып істейтін жұмыс емес қой. Қоғамдық жұмыс. Мамыр айының аяғында Ұлытау облысында бұрыннан келе жатқан «Ұлытау күні» фестивалі аясында айтыс болады. Соған еліміздің ең тәуір ақындары қатысады. Алла қаласа, сол айтысты өткіземін деп отырмын.
– Басыңызға қиындық түскен кезде қасыңыздан достарыңыз табылды ма?
– Табылды. Қаңтар айында 40 күн Швейцарияда ем алып келдім. Сол кезде көп жігіт көмек көрсетті. Швейцарияға бару оңай емес қой. Мемлекет басшысынан бастап, еміме ақша бөлді. Достарым, кәсіпкер Құсайын Омаров, Дулат Тастекеев деген жігіттер арнайы ақша қарастырды. Ескі досым Өмірзақ Сәрсенов те қасымнан табылды. Асанәлі Әшімов мен ауруханада жатқанда ішке кіре алмай, қала әкімдігіне шығып жүріп ауруханаға кіріпті. Ес-түссіз жатқанымды көріп жылап кетіпті. Соның бәрі рухани көмек қой.
– Шетелде ем алып жатқан кезде қасыңызда Бақытжамал жеңгеміздің болғанын білеміз. Желіде өлең арнаған видеоңыз таралып та кетті.
– Иә, Бақытжамалға ризамын. Елу жылдан бері қасымда келе жатыр. Швейцарияға да бірге барды. Ол ғана емес, 3 қызым да бірге барды. Бәрі қас-қабағыма қарап, жағдайымды жасады. Сондықтан ризамын.
– Қазір жар таңдаудан қателесетін жастар көп қой. Отбасы құрған жастардың 40 пайызы ажырасып кетеді екен. Ендеше, жар таңдауда жастарға қандай кеңес бересіз?
– Өмірлік серік болатын жарын мендей болып таңдасын (күлді). Бақытжамалдың да өз тағдыры болды. Бір кезде Қазақстанның белді дикторы еді. Менің жұмысым ауысқан кезде бәрін тастап, менімен бірге Астанаға кетті. Өз карьерасын құрбан етті. Сондықтан жастарға айтарым, осындай сенімді, ойыңнан шығатын, қамқор болатын жар таңдау керек.
– Қазір үйде отырсаңыз да, қоғамдағы өзгерістерді бақылап жүрсіз бе?
– Мен әлеуметтік желідегі жаңалықтарды жібермей оқимын. Инстаграм, фейсбук, телеграмм арналарды қараймын. Қаңтар оқиғасы болғанда мен Жезқазғанда жаттым. Сонда мені «Аманат» партиясы іздеп барып, халыққа үндеу жазып алды. Сол кезде мен: «Қазақстан ұлы өзгерістердің алдында тұр» деп сөйледім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп, айналасына топтасуымыз керек екенін айттым. Сол пікіріме бүгінде көзім жетті. Жаңа өзгерістерді барлығымыз көріп жүрміз. Қазіргі Қазақстан – өзгерген Қазақстан. Саяси реформалар, демократиялық жаңғырулар жолында жасалып жатқан қадамдарды халық енді-енді түсініп келе жатыр. Үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз. Жемқорлықпен күрес жолындағы атқарылып жатқан істер де көңілімнен шығады. Жақында Парламент сайлауы өтті. Билікке жаңа адамдар келді. Басқасын айтпағанда, айтыс ордасынан шыққан екі ақын Аманжол Әлтаев пен Ринат Зайытов та Мәжіліске барды. Пікірлерін ашық айтып жүр. Өзгеріс деген осы емес пе? Бәрі бір күнде орындалмайды. Шыдам мен төзім керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
К.ҚАРҚЫН