Әйтсе де, күн сайын қоғамның бас ауруына айналған жасөспірімдер арасындағы қылмысты ауыздықтап, отбасындағы тирандарды жауапкершілікке тартқызу қиын болып тұр. Мәселенің мәнісі Мәжілісте өткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің тақырыптық отырысында тағы да талқыға салынды.
Жиынға жетекшілік еткен комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов күн тәртібіне сәйкес, алдымен орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және психология саласындағы басқа да мамандардың әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын тыңдаудан бастады. Өйткені соңғы бір айдың көлемінде болған балалар арасындағы буллингтің артында отбасындағы жанжал мен тұрмыстағы тирандарды жауапкершілікке тартқызу мәселесі тұр. Депутаттардың айтуынша, соңғы төрт жылда отбасындағы тирандардан таяқ жеп, құқық қорғау орындарына хабарласқандар саны 3 есе өскен.
Кешенді шаралар қабылдау керек
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов Бас прокуратураның деректерін келтірді. Деректер бойынша, соңғы кезеңде балаларға қатысты және кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылық саны анағұрлым артқан. Оған әсер етіп отырған 5 факторды атап өткен ол: «Ұрпақтар сабақтастығы, ата-аналардың мектептегі тәрбие процесіне қатысу төмендігі, отбасындағы тәрбиенің осалдығы, интернет кеңістіктің ашықтығы, пандемияның салдары агрессорлар мен әлімжеттікті арттырып отыр», дейді. Соңғы жағдайларға қатысты министрлік шұғыл кеңес өткізіп, білім басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі дербес жауапкершілік айқындалғанын айта келіп, алда атқарылуы тиіс маңызды мәселелерге тоқталды.
Біріншіден, мектеп психологтары жеткіліксіз. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондықтан қазір психолог жұмысының жаңа моделін қабылдау маңызды. Оның ішінде ЖОО-дағы психолог мамандарды даярлау бағдарламасын қайта қарау қажет. Бастауыш, орта, жоғары сынып балаларына арналған психолог бірлігін енгізуді ұсынып, олардың жұмысын цифрландыру қажет. Екіншіден, бүгінгі күні бала тәрбиесін орындамау бойынша ата-аналардың үстінен жазылған әкімшілік құқықбұзушылық сандары артқан. Сол себепті ата-ана жауапкершілігін арттыру үшін белгіленген санкцияны күшейткен жөн. Сондықтан вице-министр хабарламағаны үшін жазаны қатаңдату қажет екенін жеткізді. Үшіншіден, еліміздегі деванттық мінез-құлқы бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір мұндай 196 бала тәрбиеленіп отырған 5 арнайы білім беру ұйымы бар. Қиын мінезді жасөспірімдермен кейс-менеджмент технологиясы бойынша жеке жұмыс жүргізуді енгізу маңызды. Төртінші, балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру – өзекті. Айталық, балаларға арналған сим-карталар енгізу арқылы олардың әлеуметтік желілерді ата-анасының рұқсатынсыз пайдалануына, түнгі уақытта интернет желісіне қосылуына шектеу енгізу қажет. Және ата-аналардың бақылау тәсілін қолдану бойынша кең көлемді ақпараттық жұмыстар жүргізу кезек күттірмеуі тиіс. Бесіншісі – суицид туралы ақпаратты бала денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат тізіміне жатқызу, балалар арасындағы суицизмнің себеп-салдарын анықтау бойынша ведомствоаралық ереже енгізу керек. Алдағы уақытта ата-аналар академиясын құрып, мұғалім, оқытушы, ата-ана үштігінің жұмысын күшейту міндеті тұр. Алтыншы интернетті бақылау мәселесіндегі балаларға қатысты мемлекеттік саясатты өзгерту де өзектілігін жойған жоқ.
Тең мүмкіндік тәртіпті түзейді
Өз кезегінде сөз алған Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын өскелең ұрпақты тәрбиелеу туралы ұсынысын жеткізді. Бала құқығын қорғау туралы ұсыныстарды қолдайтынын айтқан омбудсмен алдыңғы кезекте олардың бос уақытын тиімді өткізіп, өзге балалармен тең білім алуына мүмкіншілік беру жағын қарастыру қажеттігіне назар аударды. «Ерім» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер тумайды» деген сөздің мән-маңызына тоқталуды жөн көрген ол: «Мемлекет те балалардың болашағы үшін атқаруы тиіс дүниені өзіне міндет етіп алу керек. Ведомствоаралық органдар арасындағы өзара әрекеттесуді нығайта отырып, балалардың терең білім алып, қосымша қабілетін танытуға маңыз берген жөн. Балалардың құқықтары қандай жағдайда бұзылады? Бұл қоғамдағы білім деңгейінің төмендеуі мен бос уақытын тиімді өткізе алмаудан басталады. Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты толығымен қайта қарастыратын болсақ, онда бүгіннен бастап балаға жақсы білім алып, спортпен, өнермен, ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін барлық бағыттарды қарастырған абзал. Себебі қазір жағдайы жоқ отбасылардағы балалардың мүмкіндігін ашуға мүмкіндік беретін құралдар жасалмайды. Сондықтан жалпыға бірдей білім беру жүйесі аясында барлық балаға бірдей қосымша білім беруге назар аударғым келеді. Себебі көптеген ата-аналардың баласын қосымша спорт пен үйірмелерге беруге ақшасы жоқ», – дейді Аружан Сайын. Отырысқа қатысушылар да бұл ұсынысты қолдап, балаларды автоматты түрде үйірмелерге жаздыратын тетікті қарастыру қажеттігін жеткізді.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов мәселенің мәнісін балалар мен ата-аналар арасындағы ақпараттық сауаттылықтың төмен деңгейінен іздеуге шақырды. Себебі 2022 жылғы әлеуметтік зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, қазақстандық ата-аналардың айтуынша, балалардың әлеуметтік желілер мен интернетке тәуелділігі 72 пайыздан асқан. Өкінішке қарай, көбісі бұл кеселмен күресудің жолын білмейді. Сол үшін министрлік балалар контентінің сапасы мен сипатына бақылау жүргізіп, заңсыз контентті бұғаттау үшін белсенді жұмыс істеп жатыр екен. Мысалы, былтыр балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты 8 650 заңбұзушылық анықталған. Сондай-ақ министрлік өкілі ата-аналарға құлаққағыс ретінде баланың тұтынатын контентін бақылауға арналған сайттар мен қосымшаларда зиянды ақпаратты бұғаттап, қосымшаны уақыт орнатуға мүмкіндік беретін функциялар барын айтты. Одан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын көбейту маңызды.
Татуласу тәжірибесіне түзету енгізілмек
Жасөспірімдердің санасы мен мінез-құлқына теріс әсер ететін негізгі себептердің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың баяндамасына сенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жыл сайын полицияға 100 мыңнан астам қоңырау түседі екен. Алайда агрессорлардың барлығы жауапкершілікке тартылмайды. Заңнама өзгерді, бірақ жәбірленушілердің көбісі агрессорға қаржылық психологиялық тәуелділікте болғандықтан жанжалдан қашып, арыз жазудан бас тартады. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі әр сигналға жауап беру шараларын қабылдағанымен, олардың 6 пайызына шара қолдана алмайды. Өйткені арызсыз қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тирандарды жауапқа тарту қиын. Жазасыздық адам құқығына қол сұғуды әдетке айналдыратынын айтқан Игорь Лепеха: «Ендігі жерде арызсыз-ақ тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуден анықтаушы сипатқа көшу тәжірибесін қолдану керек. Себебі полиция кеткеннен кейін отбасындағы жанжал жалғасуда, кейде бұл неғұрлым ауыр зардаптарға әкеледі. Сондықтан ұсынылған түзетулер жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік беру ұсынылады. Сондай-ақ татуласу тәртібіне де түзету енгізу керек. Мысалы, өтініш жазылып, материал сотқа жетсе, ерлі-зайыптыларға тек бір рет қана татуласуға мүмкіндік беріледі. Екінші рет жәбірленушінің қалауы болса да сот тиранды жауапқа тарту туралы шешім қабылдайды. Тәжірибе көрсеткендей, агрессордың сендіруі мен қысымының нәтижесінде татуласу орын алады. Былтыр сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілсе, оның 20 мыңы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Әкімшілік кодекс шеңберінде әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталып, қайталама құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайтуды ұсынып отырмыз», – дейді. Алайда ол жазаны қатаңдатумен жағдай оңалмайтынын жеткізді. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түпкі себептерін жоймай зорлық-зомбылықты ауыздықтау қиын. Ғалымдардың зерттеуінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шынайы себептерін әлеуметтік тұрақсыздық пен моральдық-адамгершілік қағидалардың құлдырауынан да іздеген абзал.
Ата-аналар ақша табуға жауапты
Баяндамашылардан кейін сөз алған депутаттар да бірқатар ұсыныс айтты. Депутат Ринат Зайытов «үш ауысымда оқитын мектептің үйдей тапсырмасын қадағалап отыруға қазіргі ата-ананың уақыты жоқ» деп отыр. Оның айтуынша, қазіргі ата-аналар тәрбиеге емес, әлеуметтік мәселеге жауапты. Оның міндеті тәрбие емес, ақша табуға ауысып кеткен. Сондықтан депутат әлеуметтік теңдік мәселесін орнату, баланың ұстаған телефонынан бастап, қалтасындағы ақшасына дейін шектеу қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қоғамға қауіпті балаларды қоғамнан оқшаулап, арнайы мектептерде оқытуды қолға алу қажеттігіне тоқталды. Ал қылмыс жасап, құқықбұзушылыққа жол берген балалардың жауапкершілігін отбасына теңдей бөліп беру керек екен. «Бұл болмаса, қылмыс арта береді. Баланың жауапкершілігіне жүрдім-бардым қараған ата-анасына да айыппұл салып, қызметінен алуды, керек болса, қосымша мемлекеттік төлемдерді қысқарту қажет. Одан кейін телеарнадағы отбасылық жанжалдар, көргенсіз бағдарламалар тоқтатылуы тиіс», – дейді депутат. Әріптесінің сөзін қолдаған Құдайберген Бексұлтанұлы да балалардың құқығына қатты көңіл бөле бермей, жауапкершілігіне де ден қоюды сұрап отыр. Себебі қазір ұстаздар ата-ана түгілі, баланың бетіне қарап сөйлеуден именетін жағдайға жетті. Ал депутат Қазыбек Иса балалар арасындағы буллингті бүкіл ел болып талап етпесе, жылы жауып қою әдетінен арылу керектігін айтады. Заңгер Айгүл Орынбек сараптама қорытындысын жасайтын институтты тәуелсіз институт ретінде қалыптастыру маңыздылығына назар аудартты. Өйткені зорлық-зомбылық оқиғаларында тергеуші мен прокуратура тарапынан сарапшыларға қысым жасалады екен. Сондай-ақ психологтер да мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер тарапынан тұрмысы төмен отбасы балаларын ортасында алалап, көзге шұқып көрсетуі де суицидтің себебіне айналып отырғанын жеткізді.
Тараптардың ұсынысын тыңдап шыққан Асхат Аймағамбетов бұл бағытта жұмыла істелген жұмыстың нәтижелі боларына сендірді. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар жан-жақты қаралып, депутаттар мен жауапты орган өкілдері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуді заңдық тұрғыда реттеуге кіріспек.
Жадыра МҮСІЛІМ