Биылғы тасқын судың салдары ақмолалық ауылдағы шаруаларға аса қатты батып тұр. Шығын шаш етектен. Әсіресе, қолындағы азын-аулақ малымен күнелткен жұрттың бірсыпырасы ұсақ қой-ешкіден бастап ірі қара жылқы мен сиырға дейін суға батқанын айтып шырылдап отыр.
Суға кеткен «мал» қармайды
936
оқылды

Бірталай мал сәуірде соққан бораннан кейін ізім-қайым мүлде жоғалып кеткен. Тұрғындар суға батып, мұзбен бірге сіреу болып қатып қалған малын өз күшімен шығарып, трактормен сүйреуге дейін мәжбүр болған...

Ондаған жылқы мен сиыр арам өлді

Жылдағы көктемгі су тасқыны биыл, әсіресе атбасарлық малсақ қауымды аса қатты қинапты. Мал басы ондап, тіпті жүздеп суға кетіп, бірсыпырасы біржола жоғалып кеткен ауылдардың қарасы қалың. Әсіресе, Ақан Құрманов, Алғабас, Мариновка, Сергеевка, Бастау ауылдарында қолындағы жылқысы тұтастай суға кетіп, құрық ұстап қалғандар да бар болып шықты. Ауыл тұрғындарының есебінше, аудан аумағында малы суға кет­пеген ауылдар саусақпен санарлық. Суға батып шыға алмай арам өлген мал ит-құзғынға жем болған. Бірақ тұрғындар төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдіктерге хабарласып, қол ұшын созуды сұ­ра­ғанымен, ешкім көмекке кел­мегенін айтады. Есіл өзенінің жа­ғасында суға кетіп арам өлген ма­лының өлекселерін тұрғындар өз күшімен шығаруға мәжбүр болған. Суға батқан жылқыны өз күшімен сүйреп шығарып, трактормен сүр­­ген. Жылқы ұстап, жаз бойы қы­мыз саудасымен айналысатын Әлім Гайдар да отызға жуық жыл­қысы мен ірі-қара малынан бір-ақ күнде айырылып, зар илеп қалған.

«Төтенше жағдай мен әкімдік тек байлардың малын құтқарады...»

– Тоғыз бас малым суға кетті. Тағы жиырма бас малымды әлі күнге күн-түн демей іздеп таба ал­май жатырмын. Ауданда түгелге жуық ауылдардың малы суға кетіп жатыр. Су деңгейі әлі қайтқан жоқ. Төтенше жағдай қызметіне ауыл адамдары бірнеше мәрте хабар­ласып, көмек сұрадық. Бі­рақ жыл­да көктемде су шаятын біздің тұтас ауданда қайық жоқ болып шықты. Қайта-қайта ха­барласқан соң жергілікті аудан­дық әкімдікке «біз­ді мазалай бер­месін. Айты­ңыздаршы...» деп ұрсып тастапты. Бұл не болып барады? Неге ха­лықтың шым­ба­йына батқан ащы жанайқайына ешкім назар аудар­майды? Әкім­діктен де, төтенше жағдай қызме­тінен де ешкім кел­ген жоқ. Біреу­лердің 20, біреудің 12 бас, кей­бі­реудің бірлі-екілі ма­лы суға кетіп жатыр. Іздеп жүр­гендері қан­ша­ма? Өткенде Бастау ауылын­да­ғы бай Мұқышев Темір­ханның жылқыларын құтқаруға төтенше жағдай, әкімдік бәрі келіп 100 бас жылқысын құтқарды. Ал қарапайым адамдардың ондаған, тіпті жүздеген малы суға кетіп жатыр. Оған ешкім келіп көмек беріп жатқан жоқ, – дейді Әлім Гайдар есімді Қаракөл ауылы­ның тұрғыны. 

Атбасар аудан әкімі Аманбек Қалжановтан мән-жайды білмек болып хабарластық. Бірақ тілдесу еш мүмкін болмады. Аудандағы мал басының қырылуы туралы аудан әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майермен сөйлестік. Оның айтуынша, тұрғындар малды бағушылармен ешқандай келі­сімшарт жасаспауы, ветеринар дәрігерлерге вакцина салу кезінде малын түгел көрсетпеуі – осындай келеңсіздіктердің туындауына себепші болған. Ол жергілікті ат­қарушы органға бірлі-екілі бол­маса, жүгінген адам болмағанын айтып азар да безер болды. 

Тұрғындардың өздері кінәлі

– Тұрғындардың өздері малын дұрыс қадағаламай жатады. Не­гізінен, бақташылармен келісім­шарт жасаспай, жай ақшасын төлеп бағуға бере салады. Ал бақ­ташылар жауапкершілікпен қа­рамай, малды жөндеп бақпайды. Әкімдікке Сергеев ауылдық окру­гынан Абдоллаев шаруа қожалығы жүгінді. Олардың жиырмаға жуық малы өлген. Бастау ауылында жүз­ге жуық мал құтқарылды. Басқа ешкім жүгінген жоқ. Халық салық төлеуден жалтарып, малын азай­тып көрсетеді. Малшылармен ауыз­ша ғана келісім жасайды. Енді мұндай жағдайда келісімшарт жа­салмағандықтан, малшыларды жа­уапкершілікке тарту да қиын. Азаматтық іс ретінде сот арқылы шешілуі керек. Қазір аудан әкімі­нің тапсырмасымен ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындары бақташылармен келісімшарт жасау, ветеринарлық қызметпен екпе салу қажеттігі жөнінде жи­на­лыстар өткізіп, барынша түсінді­ріліп жатыр, – дейді Атбасар ау­даны әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майер. 

Ауданның төтенше жағдайлар басқармасы басшылығы да ха­лықтың өздері кінәлі екенін ай­тып, ақталмақ болды. Олардың ай­туынша, тұрғындар төтенше жағ­дай қызметіне жүгінбеген. Әрі болған жағдайды көпіртіп, кө­бейтіп жатқандар бар. 

– Ауданда қайық жоқ екені рас. Қайықты біз қажетті жағдай­ларда тек Көкшетаудан алдырамыз. Оған арнайы қайық жасағы да жоқ. Малын өзеннен қарап келеміз деп сұрап хабарласады. Оған қайықты Көкшетаудан қалай алдырамыз? Бақташылардың малды бағуға сал­дыр-салақ қарауының салдарынан мал ықтап кеткен. Қазір Жарқайың ауданында, тіпті басқа аудандарда жүруі де ықтимал. Малым суға кет­ті деп бізге жүгінген адамдар бол­ған жоқ. Бастау ауылынан жүз бас малды шығардық. Малға жөндеп қарамаудың салдарынан осындай жағдайға тап болды, – дейді Ат­басар аудандық Төтенше жағдай­лар басқармасының басшысы Ерболат Әшкенов. 

Малынан айырылып зар иле­ген халықтың жанайқайы расында да жанға батады. Шығынға бел­шесінен батқан жұрттың жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қыз­метіне өкпелері қара қазандай. Қолындағы түгелге жуық малы игілігіне жарамай, суға батып арам өлген, яки жоғалған халық күн-түн демей іздеп жатыр. Бұл орайда тиіс­ті сала өкілдері бар кінәні ха­лыққа жаба бермей, елмен бірге мә­селені бірлесіп шешуге ықпал етсе жөн болар еді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы