Бірталай мал сәуірде соққан бораннан кейін ізім-қайым мүлде жоғалып кеткен. Тұрғындар суға батып, мұзбен бірге сіреу болып қатып қалған малын өз күшімен шығарып, трактормен сүйреуге дейін мәжбүр болған...
Ондаған жылқы мен сиыр арам өлді
Жылдағы көктемгі су тасқыны биыл, әсіресе атбасарлық малсақ қауымды аса қатты қинапты. Мал басы ондап, тіпті жүздеп суға кетіп, бірсыпырасы біржола жоғалып кеткен ауылдардың қарасы қалың. Әсіресе, Ақан Құрманов, Алғабас, Мариновка, Сергеевка, Бастау ауылдарында қолындағы жылқысы тұтастай суға кетіп, құрық ұстап қалғандар да бар болып шықты. Ауыл тұрғындарының есебінше, аудан аумағында малы суға кетпеген ауылдар саусақпен санарлық. Суға батып шыға алмай арам өлген мал ит-құзғынға жем болған. Бірақ тұрғындар төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдіктерге хабарласып, қол ұшын созуды сұрағанымен, ешкім көмекке келмегенін айтады. Есіл өзенінің жағасында суға кетіп арам өлген малының өлекселерін тұрғындар өз күшімен шығаруға мәжбүр болған. Суға батқан жылқыны өз күшімен сүйреп шығарып, трактормен сүрген. Жылқы ұстап, жаз бойы қымыз саудасымен айналысатын Әлім Гайдар да отызға жуық жылқысы мен ірі-қара малынан бір-ақ күнде айырылып, зар илеп қалған.
«Төтенше жағдай мен әкімдік тек байлардың малын құтқарады...»
– Тоғыз бас малым суға кетті. Тағы жиырма бас малымды әлі күнге күн-түн демей іздеп таба алмай жатырмын. Ауданда түгелге жуық ауылдардың малы суға кетіп жатыр. Су деңгейі әлі қайтқан жоқ. Төтенше жағдай қызметіне ауыл адамдары бірнеше мәрте хабарласып, көмек сұрадық. Бірақ жылда көктемде су шаятын біздің тұтас ауданда қайық жоқ болып шықты. Қайта-қайта хабарласқан соң жергілікті аудандық әкімдікке «бізді мазалай бермесін. Айтыңыздаршы...» деп ұрсып тастапты. Бұл не болып барады? Неге халықтың шымбайына батқан ащы жанайқайына ешкім назар аудармайды? Әкімдіктен де, төтенше жағдай қызметінен де ешкім келген жоқ. Біреулердің 20, біреудің 12 бас, кейбіреудің бірлі-екілі малы суға кетіп жатыр. Іздеп жүргендері қаншама? Өткенде Бастау ауылындағы бай Мұқышев Темірханның жылқыларын құтқаруға төтенше жағдай, әкімдік бәрі келіп 100 бас жылқысын құтқарды. Ал қарапайым адамдардың ондаған, тіпті жүздеген малы суға кетіп жатыр. Оған ешкім келіп көмек беріп жатқан жоқ, – дейді Әлім Гайдар есімді Қаракөл ауылының тұрғыны.
Атбасар аудан әкімі Аманбек Қалжановтан мән-жайды білмек болып хабарластық. Бірақ тілдесу еш мүмкін болмады. Аудандағы мал басының қырылуы туралы аудан әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майермен сөйлестік. Оның айтуынша, тұрғындар малды бағушылармен ешқандай келісімшарт жасаспауы, ветеринар дәрігерлерге вакцина салу кезінде малын түгел көрсетпеуі – осындай келеңсіздіктердің туындауына себепші болған. Ол жергілікті атқарушы органға бірлі-екілі болмаса, жүгінген адам болмағанын айтып азар да безер болды.
Тұрғындардың өздері кінәлі
– Тұрғындардың өздері малын дұрыс қадағаламай жатады. Негізінен, бақташылармен келісімшарт жасаспай, жай ақшасын төлеп бағуға бере салады. Ал бақташылар жауапкершілікпен қарамай, малды жөндеп бақпайды. Әкімдікке Сергеев ауылдық округынан Абдоллаев шаруа қожалығы жүгінді. Олардың жиырмаға жуық малы өлген. Бастау ауылында жүзге жуық мал құтқарылды. Басқа ешкім жүгінген жоқ. Халық салық төлеуден жалтарып, малын азайтып көрсетеді. Малшылармен ауызша ғана келісім жасайды. Енді мұндай жағдайда келісімшарт жасалмағандықтан, малшыларды жауапкершілікке тарту да қиын. Азаматтық іс ретінде сот арқылы шешілуі керек. Қазір аудан әкімінің тапсырмасымен ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындары бақташылармен келісімшарт жасау, ветеринарлық қызметпен екпе салу қажеттігі жөнінде жиналыстар өткізіп, барынша түсіндіріліп жатыр, – дейді Атбасар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Ауданның төтенше жағдайлар басқармасы басшылығы да халықтың өздері кінәлі екенін айтып, ақталмақ болды. Олардың айтуынша, тұрғындар төтенше жағдай қызметіне жүгінбеген. Әрі болған жағдайды көпіртіп, көбейтіп жатқандар бар.
– Ауданда қайық жоқ екені рас. Қайықты біз қажетті жағдайларда тек Көкшетаудан алдырамыз. Оған арнайы қайық жасағы да жоқ. Малын өзеннен қарап келеміз деп сұрап хабарласады. Оған қайықты Көкшетаудан қалай алдырамыз? Бақташылардың малды бағуға салдыр-салақ қарауының салдарынан мал ықтап кеткен. Қазір Жарқайың ауданында, тіпті басқа аудандарда жүруі де ықтимал. Малым суға кетті деп бізге жүгінген адамдар болған жоқ. Бастау ауылынан жүз бас малды шығардық. Малға жөндеп қарамаудың салдарынан осындай жағдайға тап болды, – дейді Атбасар аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ерболат Әшкенов.
Малынан айырылып зар илеген халықтың жанайқайы расында да жанға батады. Шығынға белшесінен батқан жұрттың жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметіне өкпелері қара қазандай. Қолындағы түгелге жуық малы игілігіне жарамай, суға батып арам өлген, яки жоғалған халық күн-түн демей іздеп жатыр. Бұл орайда тиісті сала өкілдері бар кінәні халыққа жаба бермей, елмен бірге мәселені бірлесіп шешуге ықпал етсе жөн болар еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы