Сондықтан бүгінгі күні де көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алдыңғы кезекте логистиканың міндеттеріне көліктің әр алуан түрінің өзара әрекеттесуін оңтайландыру мен логистикалық қызметтердің сапасына көңіл аудару аса қажет.
Бірыңғай ақпараттық-технологиялық кеңістікті қалыптастыру үшін ең алдымен ақпараттық база, технологиялар мен ақпараттық жүйелерді интеграциялау талпыныстарының сәтті болуы септігін тигізеді. Сондай-ақ ұлттық және аймақтық көліктік логистика жұмысының нормативтік-құқықтық негіздерінің болмауы осы саладағы жұмыстың ары қарай жандануына кедергі келтіреді. Салдарынан үйлестірілген, тиімді қызмет ететін көліктік-логистикалық ресурстарды басқарудың механизмінің жоғы байқалады. Қазір отандық логистикада оның дамуын тежейтін көптеген кедергі бар. Негізгі мәселелерге кәсіби білім берудің тұрақсыз жүйесі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі кіреді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бұл бағытта сабақ жүргізу үшін қажетті кадрлық әлеует жеткілікті. Халықаралық логистика мен геосаясаттың экономикалық және құқықтық аспектілері бойынша белгілі зерттелімдері бар тәжірибелі профессорлар мен жас ғалымдар да жұмыс істейді. Сол себепті «Әлемдік экономика» мамандығында «Халықаралық логистика және сыртқы экономикалық қызмет» жаңа мамандандығы ашылды. Ондағы мақсат – жалпы сыртқы экономикалық қызмет нарығын, жеке алғанда көліктік кешенді ақпараттық қамтамасыз етуді модернизациялаудың ииновациялық стратегиясын құруға таптырмас құрал. Себебі «Қазақстан-2050» стратегиясының талаптарына бейімделе алатын Қазақстанның логистикалық саясатын жасаудың элементтерінің бірі болу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның үстіне, халықаралық байланыстар үздіксіз өзгерістерді талап етеді. Алайда заңдарды жетілдіру жүйелі сипатта болуы тиіс.
Көріп отырғанымыздай, Қазақстанды әртүрлі ел жүктерінің транзиті үшін ыңғайлы етуге бағытталған талпыныстар ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Еліміздегі 47 жоғары оқу орындары логистикалық сала үшін мамандарды даярлағанымен, шынайы өмірде білім беру жүйесі артта қалып қойды. Ал «Халықаралық логистика» пәні оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ. Сонымен қатар қазақстандық ЖОО-ның ешқайсысында СЭҚ саласында логистикалық қызметтер нарығының қажеттіліктерін зерттейтін «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандыруының аналогі жоқ. Сондықтан мұндай мамандандыруды ашу отандық логистиканы дамытудағы үлкен қадам болмақ.
Факультеттің оқытушылық-профессорлық құрамы ақпараттық және ғылыми орталықтарды құру мен олардың болашақта қызмет етуінің мүмкіндіктерін бағамдай алатын мол тәжірибеге ие. Профессор Құралай Байзақованың ықпалдастығымен 2014 жылдың 28 желтоқсанынан факультетте «Халықаралық логистика және геосаясат» орталығы қызмет етіп келеді. Оның мақсаты – еуропалық және қазақстандық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін маман дайындау. Сонымен бірге логистика, жеткізілімдер тізбегін басқару саласында білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамыту. Бүгіннің өзінде орталықтың ықпалымен шетелдік әріптестермен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Мәселен, Қазақ-неміс университетімен өзара ықпалдастық жөнінде келісімге қол қойылса, «ТрансАл» ЖШС-мен еуропалық және қазақстандық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда логистика мен жеткізілімдер тізбегін басқару саласында ықпалдастық жөніндегі екіжақты келісімге келдік. Одан басқа орталық халықаралық логистика операторларының әлеуетті мүшесі болды.
Бұл ғана емес, кафедраның оқу және өндірістік тәжірибе орындарын ары қарай дамытып, болашақта түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз етуді қарастырып отырмыз. Түлектердің шет тілдерін меңгеруіне де көңіл бөлініп, сәтті келіссөздер жүргізе алатын, тендерлерді өткізу дағдыларына ие және халықаралық сауда ережелерін білетін кандидаттарға ерекше назар аударылады.
Асемгүл БЕКМҰХАМЕТОВА,
ҚазҰУ аға оқытушысы